• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.58
  • EUR:
    609.36
Басты сайтқа өту
Мирас Бүгін, 08:55

Кенесары ханның қайқы қылышы

30 рет
көрсетілді

Шымкент қаласындағы Түркістан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ішіндегі құнды экспонаттардың бірі – Кенесары ханның қылышы. Музейге қайқы қылышты ханның немересі Алашорда қозғалысының мүшесі Әзімхан Кенесарин тапсырған.

Тарихи-өлкетану мұражайы Шымкентте 1920 жылы ашылған. Ә.Кенесарин жәдігерді 1931 жылы­ 8 маусымда табыстаған. Оны сол кездегі есеп журналына тір­келген жазба арқылы растауға болады. Музей құнды мұра үшін хан немересіне 100 сом төле­ген. Мұражайда 80 мыңнан аса әр­түрлі экспонат сақталған. Ең көне жәдігер сонау тас ғасырынан бас­талады.

Қылыштың жүзі темірден со­ғылған. Ұзындығы – 70 сантиметр. Қыны таза былғарыдан істелген. Сабы ақ сүйектен жасалған. Ел билеген Шыңғыс хан ұрпақтары үшін ақ сүйек бағалы саналған. Сабының жіңішке болу себебі хан Кене орта бойлы кісі болған деседі. Шайқаста ұстағанға ыңғайлы болу үшін әдейі солай жасаған болуы мүмкін деп топшылайды музей қызметкері Айгүл Төлендиева. Жалпы, Кенесарыда соғыс қаруы көп болған. Қайқы қылыш – соның біреуі ғана.

А.Төлендиеваның айтуынша, құжатта Кенесары ханның қылышы өте ескі, тот басқан деп көрсетілген екен. Бірақ қылыш бүгінгі таңда жалтырап тұр. Тіпті электр шамынан түскен жарыққа шағылысады. Музей қылышқа еш­қандай реставрациялық жұмыс­ жүргізбеген. Қылыш­тың­ қынын ғана ауық-ауық камфор майымен сүртіп тұрады. Жә­ді­г­ерді күтіп ұстау үшін солай іс­тейді. Ал қылыш­қа экспонат ­ре­тін­де қойылғалы бері ешкім қол ти­гізбе­ген. «Музейде істеп келе жат­қаныма жиырма жыл болды. Осы уақыт ішінде қылыш­ты сүр­тіп, тазалаған кезіміз бол­ған емес», дейді А.Төлендиева. Маман­­ның пікірінше, қылыш­тың жал­тылдауы жүзінің тек темір­ден емес, басқа да қосымша металдардан соғылған болуы ық­тимал. Бірақ музей осы күнге дейін қылышқа әлі ешқандай сараптама жүргізбеген. Сондықтан қай металдан жасалғаны туралы нақты ақпарат жоқ.

Абылай ханның немересі Кенесары Қасымұлын білмей­тін қазақ жоқ. Ол – Ресей империя­сының отарлау саясатына қарсы күрескен даңқты тұлға. 36 жасында 1838 жылы Кенесары бастаған қол Ақмола қамалын шабуылдап, тас-талқан етеді. 1841 жылы құ­рылтайда үш жүздің баласы Кенесары Қасымұлын қазақтың ханы етіп сайлайды. Сол сәттен бастап хан Кене азаттық үшін күресті күшейте түседі. Бірақ оған Ресей империясы, Қоқан хандығы, кейбір қазақ сұлтандары қарсы тұрады. 1847 жылы Кенесары хан 15 мың қолмен қырғыз жерінде ұрыс жүргізеді. Бірнеше күнге со­зылған шайқаста хан тұтқынға түсіп, соңында қаза табады. Азаттық үшін күрескен осындай алып тұлғаның мұрасы бүгінде Шымкенттегі тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы тұр.

Ал атасының қылышын музейге табыстаған Әзімхан Кенеса­­рин – хан Кененің 8 ұлының бірі Ахмет­тің баласы. 1878 жылы Шымкент­те туған. Осы қаладағы учили­ще­де оқыған. Ә.Кенесарин – 1905 жылы Ресей империясы Министр­лер кеңесінің төрағасы С.Виттеге петиция жазған азаматтардың бірі. 1917 жылы Әулиеата оязы қазақтарының съезін ұйым­дас­тырып, екінші бүкілқазақ съезі төрағасының орынбасарлық қызметін атқарған. 1921 жылы Сыр­дария революциялық коми­те­тінің хатшылығына сайланды. 1930 жылы «ұлтшылдық» жа­ласымен тұтқынға алынады. Қай­қы қылыш Ә.Кенесаринге атадан балаға мұра арқылы бе­рілген. Оны қанша уақыт өзінде сақтағаны белгісіз. Дейтұрғанмен бірінші қамалудан босап шыққан соң алдағы тағдырының қалай боларына алаңдап, азаттықтың ақ таңы үшін өзін құрбан еткен атасының қаруын музейге тапсырып үлгереді. Өкінішке қарай, Ә.Кенесарин 1937 жылы екін­­ші рет тұтқындалып, сол жылы ату жазасына кесіледі. Репрес­сия құрбанына айналған қазақ­тың ұлт зиялысы тек 1956 жылы  ақталады.

Мұражай қызметкері А.Төлен­диеваның айтуынша, хан Ке­не­нің қайқы қылышы му­зей­ге келушілердің назарын өзі­не аударған ең қызықты экс­понаттардың бірі екен. Еліміздің өңірлеріне жасалған іссапарда да бұл жәдігерді адамдар көбірек тамашалайды. Қазақстанның әр өңірінде өтетін музейлік көрмелерде қазақтың соңғы ханы­ның қылышы ең құнды жәдігер ретінде келушілерді бірін­ші қызықтырады.

 

ШЫМКЕНТ