• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.58
  • EUR:
    609.36
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 09:40

Жазғы лагерь жандана түссе...

10 рет
көрсетілді

Алматыдағы оқу­шы­лардың 96 пайызға жуығы жазғы дема­лыс­ында сауықтыру шараларына және түрлі үйірмеге қатысады. Қалалық Білім басқармасының дере­гіне сүйенсек, осыған тілек білдірген оқушының саны – 281 мың. Бұл 1-10 сынып ара­лығында оқитын 293 682 баланың 95,7 па­йызын құрайды. Былтыр лагерьге келген оқушылар саны 266 343 еді.

Қазір қалада 200-ден астам жалпы білім беретін мектеп бар. Ал лагерьге балалар жергілікті бюджет есебінен тегін қатысады. Биыл 26 мамырдан бастап 9 маусымға дейін бас­тауыш сынып оқушылары мен әлеумет­тік осал топтағы балалар лагерьде тегін тамақпен қамтылды. Енді мау­сым айының соңына дейін лагерьлер таңертеңнен түске дейін жұмыс істейді. Бұл кезеңде тегін тамақ қарастырылмаған. Балалар әдеттегідей мектеп жанындағы лагерьлерге тегін барады. Шілде айында мектептер жаңа оқу жылына дайындық жүргізіп, жөндеу жұмыстарына кіріседі. Кейін тамыз айында лагерьлер қайта ашылып, таңертеңнен түске дейін балаларды тегін қабылдайды. Сонымен қатар қала сыртындағы лагерьлер де жақсы жұмыс істеп жатыр. Мұнымен қоса қосымша білім беру үйірмелері де бар.

Білім басқармасы өкілінің айтуынша, қазіргі таңда 19 мем­ле­кеттік және 122 жекеменшік қосымша білім беру мекемесінің жұмысы жандана бастады. Онда 40 мыңнан астам бала мемлекет есебінен қосымша білім алуына мүмкіндік бар.

Алматы қаласы Білім басқар­масы басшысының орынбасары Мұхтар Тәжібаевтың айтуынша, IT-дағдыларды дамытуға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және патриоттық тәрбиені күшейтуге бағытталған тақырыптық лагерьлер жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасына ерекше мән бе­рілген. Биыл мектеп жанындағы лагерьлердің жұмысы ерекше маз­мұнды әрі қызықты өтіп отыр. Мұнда ұлттық тағамдар жасап, кес­те тігіп, тоқыма тоқиды. Ұлттық ойындар ойнап, ұлттық музыкалық аспаптарды үйренеді. Сондай-ақ бағдарламалау мен робот­техникаға машықтанып, спорт­тан түрлі эстафеталарға қатысады.

Қазіргі кезде №140 мектеп жанындағы спорттық бағыттағы лагерьде 5-6 сынып оқушылары түрлі спорт ойынымен айналысады. Мұнда балалар волейбол, футбол, тоғызқұмалақ және басқа да ұлттық ойындарға қатысады. Лагерь бағ­дарламасы теориялық білімді де ұштастырып, балалардың спорттық тәртібін нығайтып, командалық рухын қалыптастыруға бағытталған.

№97 мектеп жанынан ашылған «Арман» лагерінде балалар спорт­тық және шығармашылық іс-шара­ларға, экскурсиялар, зият­кер­лік ойындар мен шеберлік сабақ­тарға қатысып жатыр.

Алматы құрылыс-техни­калық кол­леджі базасында «Жазда ма­мандық таңдайық» бағдарла­ма­сы аясында жоғары сынып оқушылары ағаш өңдеу ісін, графикалық дизайнды меңгеріп, құрал-саймандармен жұмыс істеуді, сондай-ақ «SketchUp» арқы­лы 3D-модельдеудің негіздерін үйренуге машықтанып жатыр. Бұл бағдар­лама балаларға алғашқы кәсіби дағдыларды меңгеруге мүм­кіндік береді.

Патриоттық және мәдени тәрбиені жандандыру мақсатында №208 мектеп жанынан «Этно City» этнолагері жұмысын бас­тады. Мұнда балалар ұлттық салт-дәс­түрді меңгеріп, ерекше сәнмен тігілген киіз үйде білім алып, арнайы бағдарлама аясын­­да ұлттық қолөнер бойынша ше­берлік са­бақтарына қатысады. Балалар қазақтың әшекей бұйым­­дары мен тұрмыстық заттар жасап үйренеді.

Наурызбай ауданындағы Оқу­шы­лардың инновациялық шығар­машылығы орталығында ашылған IT-лагерьде 7-15 жасқа дейінгі бала­лар бағдарламалау негіздерін меңгеріп, электроникамен танысып, түрлі ғылыми тәжіри­беге қатысады. Мұнда бала­лар музыкалық дәріс­терге қатысып, аспаптарда ойнап, киім тігуді үйренеді.

Ата-аналар қазіргі кезде қала мектептері мен колледждерінде іске аса бастаған тартымды бас­тамаларды әрі қарай жандандыру қажет деген пікір айтады. Балалары бастауыш сыныпта оқитын Индира Рақымбай мектеп жанындағы жазғы лагерьлердің бағдарламасына өзгеріс керек дейді. Жазғы лагерьге жұмысбасты ата-аналар аулада бос сенделіп жүрмесін деген себеппен балаларын амалсыздан жібереді. Өйткені көпшілігі балалар үшін қызықты емес. Егер лагерьлер бағдарламасы мазмұнды, тағамдары дәмді болса, қызығып баратын балалар саны да көбейеді. Бұл балалар қауіпсіздігін сақтауға, бос уақытын тиімді пайдалануға ықпал етеді. Биыл жеткіншектердің музейлерге тегін баруы қарастырылды. Алдағы уақытта театрларға баруы да тегін ұйымдастырылса, бұл отбасында 2-ден көп баласы бар ата-аналарды әлеуметтік тұрғыдан қолдауға ықпалын тигізері сөзсіз.

«Жазғы лагерьлерге жас мамандарды көптеп тарту қажет. Өйт­кені жас мамандардың креа­тивті идеялары, цифрлық кеңіс­тікті қол­данудағы білімі мен білігі балаларды қызықтыратын іс-шараларды өткізуге көп септігі тиеді. Мені биыл балалардың ани­мациялық және кітапқа қызы­ғу­шылығын арттыруға бағыт­талған бағдарламаның болма­ғаны қынжылтты. Қалада кітап шы­ға­ратын, кітап тарататын бас­па­лар, сауда үйлері баршылық. Соларға оқушылардың экскурсиясын ұйым­­дастырып, балаөлар жазушыларымен кездесулер өткізіп, кітап сыйлау акциясы ұйымдастырылса жазғы лагерь бағдарламасын қы­зықты ете түсетіні сөзсіз. Бұдан бөлек, еліміздегі спорт командалары жаттығуларына апарып, ойын­дарын көрсету, чемпион­­­дар­мен, өнер өкілдерімен кездесулер өткізіп, шағын кон­церттерін ұйымдастыру, шеберханалар жұмысымен таныс­тыру да балалардың танымын кеңейтеді. Балмұздақ шығаратын, кондитерлік фабрикалардың жұ­мысымен таныстыру да тартымды болмақ. Қала маңындағы құл­пы­най, таңқурай плантациялары, сондай-ақ мал шаруашылығы фер­ма­ларына демеушілер тарту арқылы экскурсиялар жасау жеткін­шектерге қызықты ғана емес, еңбекке баулудың бір қада­мына айналатыны сөзсіз. Бала­лар­ды қор­ғайтын, қамқорлық жасап, қауіп­сіздігін күшейтетін қоғам құрамыз десек, мектептен тыс уақытын тиімді пайдалана­тын ау­қымды әрі мазмұнды бағдар­ламаларды жетілдіру қажет», дейді ол.

Гаджетке тәуелділіктен арылу, цифрлық кеңістікті сауатты пайдалануда мектептер жанындағы жазғы лагерьлер жұмысын жандан­ды­рудың мәні зор. Осы бағытта іке асатын бағдарламалар арнайы мамандардың, бизнес өкілдері үкіметтік емес ұйымдардың, ата-аналардың қатысуымен оқу жылы басталған сәттен бастап әзірленіп бекітілгені абзал. Балалардың күзгі, қысқы, жазғы каникулын ұйым­дастыру науқандық сипат алып, білім мен тәрбие берудің ажырамас бір бөлігіне айналса игі.

 

АЛМАТЫ