«Қашаған» кен орнынан «қара алтын» алу 2016 жылы басталған еді. Содан бергі 9 жылда аталған кеніштен 1 млрд баррель мұнай өндірілді. Солтүстік Каспий жобасының операторы – NCOC компаниясының басқарушы директоры Джанкардо Руюдің айтуына қарағанда, бұл межені бағындыру үшін өндіріс тұрақтылығын сақтап, алға ілгерілеуге басымдық берілген.
Каспий теңізінің еліміздегі секторын игеру үшін 1997 жылы Қазақстан мен әлемдегі ірі мұнай-газ компанияларының халықаралық консорциумы арасында Солтүстік Каспий бойынша Өнім бөлісу туралы келісім жасалған еді. Сол кезде теңіз табанындағы «қара алтын» әлемдегі жетекші компанияларды қызықтырды. Мұнай бизнесіндегі ең ірі энергетикалық комапниялар халықаралық консорциумға бірікті. Қазір оның құрамына әлемдегі 7 алпауыт компания кіреді. Басым үлес «ҚазМұнайГаз» компаниясына (16,88%) тиесілі. «Eni», «SHell», «ExxonMobil», «TotalEnergies» компаниялары жобадағы бірдей үлесті (16,81%) қанағат етеді. Акционерлер қатарында CNPC (8,33%) пен «Inpex» (7,56%) компаниялары да бар. Бір ерекшелігі, акционерлердің әрқайсысы өнімдегі өзінің жеке үлесін тасымалдау мен өткізу, есеп беру, өндірілген мұнайды келісімге сәйкес Үкіметпен бөлісу үшін жеке жауапкершілік атқарады.
Солтүстік Каспий жобасы – еліміздегі су астындағы кен орындарын игерумен байланысты алғашқы ірі жоба. Жоба құрамына Қашаған, Қайраң және Ақтоты атты 3 кен орны кіреді. Ең ірісі – Қашаған кен орнынан өндірілетін «қара алтын» қоры шамамен 9-13 млрд баррельді (1-2 млрд тонна) құрайды. Кеніш Атырау қаласынан 80 шақырым қашықтықта, Каспий теңізінде орналасқан.
Қашағанды игеру бірнеше кезеңмен жүргізілді. Алдымен, теңіздегі өндірістік қауіпсіздік, жобалау, логистика саласындағы қиындықты еңсеру мәселесі қолға алынды. Бұған қоса, теңіздің экологиялық тазалығына нұқсан келтірмеу ескерілді. Жалпы, су астынан «қара алтын» өндіру еліміздің мұнай-газ өнеркәсібіндегі ірі және анағұрлым күрделі жобалардың бірі саналып отыр. Біріншіден, Каспий теңізінің Қашаған орналасқан аумағында ауа температурасы қыста -30°C-тан төмен болады. Жазда +40°C шамасына дейін көтеріледі. Мұндай қытымыр ауа райы технологиялық күрделілік пен жабдықтау жүйесіндегі қиындықты туындатты. Екіншіден, теңіздің бұл бөлігі соншалықты терең емес. Су деңгейінің тайыздығы – 3-4 метр. Үшіншіден, субарктикалық климатқа байланысты Каспий теңізінің солтүстік бөлігі жылына бес ай бойы мұз құрсауында жатады. Төртіншіден, Қашаған кен орны коллекторының тереңдігі – теңіз түбінен төмен 4 200 метр. Теңіз тұңғиығындағы мол мұнай қабаты өте жоғары қысымның ықпалында жатыр. Соған қарамастан «қара алтын» жеңіл, бірақ, құрамында күкіртсутегі (H2S) мен көмірқышқыл газдың (СО2) мөлшері көп. Бесіншіден, теңіздің солтүстік бөлігінде флора мен фаунаның сан алуаны бар. Әлемде сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлардың 60%-ы мекендейді. Әсіресе бағалы бекіре тұқымдас балықтар, жағалаудағы сулы-батпақты алқапқа ұшып-қонатын құстардың кейбірі еліміздің Қызыл кітабына енгізілген.
Міне, осындай жайттар Солтүстік Каспий жобасын игеру кезінде ықтимал қатерлерді туындатуы мүмкін еді. Сол себепті, халықаралық консорциумге алдымен қауіпсіздікке байланысты шаралар жиынтығын іске қосып, қомақты инвестициялық қаржы жұмсау қажет болды.
«Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мұнай-газ кен орындарын игеру кезіндегі басты міндет белгіленді. Бұл – сезімтал қоршаған ортаны сақтау, жүргізілетін жұмыстардың қоршаған ортаға әсерін барынша азайту. Біз қиындықтарды еңсеріп, компания тарихындағы маңызды кезеңге жеттік. Бұл тарихи кезең Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып отырған Солтүстік Каспий жобасының тұрақты өндірісі мен ілгерілегенін айғақтайды. Бұл жетістік – қажырлы еңбек етудің, ойластырылған шешімдер қабылдаудың, әрбір қатысушы тараптың өндірістік қызметімізге деген шынайы адалдығының нәтижесі. Осы меже өткен жолымызды бағалауға мүмкіндік беретін, болашақ жетістіктерге бағыттайтын сәт болды», дейді Джанкардо Рую.
Атырау облысы