• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.58
  • EUR:
    609.36
Басты сайтқа өту
Өндіріс Бүгін, 09:45

Ізденісті арқау еткен кәсіпорын

20 рет
көрсетілді

«Степногорск подшипник зауыты» ай сайын орта есеппен теміржол, вагон жөндеу, тау-кен металлургия өндірістеріне қажетті 100 мың подшипник өндіреді. Іргелі кәсіпорынның қабырғасы 1972 жылы қаланып, 1977 жылы алғашқы өнімін шығарды.

Содан бері үздіксіз жұмыс істеп тұр. Алғаш келген адам кәсіпорынның 32 гектар жерді алып жатқан аумағына қарап таңғалар еді. Қай тұста да өндіріс мәдениеті, жұмыс орын тазалығы, қалыптасқан тынымсыз ырғақ, мүлтіксіз қимыл, машықты жұмыс сәті көзге түсер еді.

Бұл жерде табаны тас­тан таймаған тарланбоздай қа­уырт еңбек етіп жат­қан жұ­мысшыларға тәп-тәуір жағд­а­й туғызылған. 2 500 адам ең­бек етеді. Орташа жалақы – 375 мың теңге кө­лемінде. Мұнтаздай таза тұрмыс кор­пу­сында техникалық кітапхана ор­наласқан. Жағымды жа­ңалықтарды жеткізіп тұратын радио студия бар.

Киім ше­шетін, жуынатын бөлмелері талапқа сай. Асхана іші кірсе шыққысыз. Жұмыс­шылар кезекті ауысымнан кейін спорт залға жиналып, өзара жарыс өткізеді.

Бас директор Алексей Ку­­кушкиннің айтуынша, өнімнің 15%-ы отандық тұ­тынушыларға ұсынылса, қал­ғаны экспортқа (Еуропа елдері мен сонау Африкаға дейін) жөнелтіледі. 2023 жылы зауыт барлық сараптамадан сәтті өтіп, еуропалық стандартқа сай өнім өндіретіні туралы сертификат алған. Өнімді өткізу үшін Германия мен Польшада кеңселерін ашқан. 2024 жылы 2 млрд теңге көлемінде инвес­ти­ция құйылса, биыл жаңа инвест-бағдарлама аясында 1,5 млрд теңге бағыттау көзделіп отыр.

Қазір кәсіпорында өнімнің ондаған түрі өндіріледі. Ши­кізат елімізден және Қытайдан жет­кізіледі. Ұйымшыл ұжым­ның жылына 2 млн-нан астам өнім өндіруге қуаты қаптал жетіп тұр. 2024 жылы 1 млн 616 подшипник өндірілсе, биыл наурызға дейін 52 млн өнім шығарылған.

Өнімдер бір-бірімен байланысып жатқан 6 цехта дайындалады. Әуелде болашақ подшипникке айналатын металды қалыптайды. Одан соң металл токарьлық цех­қа жеткізіледі. Қалыптау аяқ­талған соң келесі цехта жонып-қырып, тегістеп дайындайды. Құю цехында 99 адам жұмыс істейді. Олар дайын өнімдерді сырлап, әр­қайсысын өз ұяшықтарына қондырып, бекітеді. Цех басшысы Дмитрий Корб­махер бізге осы заманғы құ­рылғыларды көрсетіп, олар-д­ың атқаратын шаруасын ег­жей-тегжейлі түсіндірді. Бұл жердегі бар жұмыс Кореяның құрылғылары арқылы атқа­ры­лады екен. Токарьлық жұ­мыс­тар түгелдей Қытай станок­тары арқылы жүзеге асырылады. Өңдеуден өткізілген бөлшектер жинақтау цехына жолдама алады.

Олег Ададимов басшы­лық ететін инструментал­ды өндірістік қыз­мет тех­нологиялық жаңғырт­лармен қам­тамасыз етілген негізгі цехтың бірі. Бұл жердегі 155 адамның 33-і инженерлік-техникалық қызметкерлер. Майталман маман, токарь Алексей Володин болашақ под­шипникті тазалау үс­тінде. Станокты қоспас бұ­рын бағдарламаға қажетті өлшем бірліктерді түсіреді. Құрылғыны қалыпқа келтіріп алғаннан кейін кішкентай тетікті басса, токарьлық жұмыс өз-өзінен қалыпты ырғақпен жұмыс істей жөнеледі.

– Бұл бір күрделі геометрия, – дейді токарь, – өлшем бірлігі өте нәзік бол­ғандықтан, қолмен істей алмас еді­ңіз. Өн­дірген өніміміз кінәратсыз болу үшін дәлдік керек.

Келесі цехта 8 жұмысшы өндіріске қажетті шикізат дайындауда. Қып-қызыл боп балқыған металлдан шық­қан ыстық леп апшыңды қуырардай. Ал жұмысшылар ыстық-суыққа әбден үйреніп, қайыңның безіндей қатып алған. Ең қажетті мамандық иелері де осы цехта жұмыс істейді екен. Олардың арасында бе­рекенің балғасын солқылдатып соғып жатқан ұс­та, қалыптаушы, металл бал­қытушылар да бар. Өте ауыр, әйтсе де, қажет іс. Цех басшысы Евгений Грачевтің мәлемдеуіне қарағанда, цехта дайындалатын 78 түрлі өнімнің салмағы 3 килодан 40 килоға дейін жетеді. Мұн­дағы жұмыс үшін осы за­манғы жапон құрылғылары орнатылған. Евгений бізге Қытай қазандығын көрсетті. Қазанның қызуы 780-790 градусқа дейін жетеді. Биыл жаңа сорғылар орнатылыпты. Кәсіпорынның бас механигі Сергей Головастиковтың айтуына қарағанда, ұста цехы – зауыттың жүрегі. Бұл жерде жаңа сорғымен қоса жаңа компрессор орнатылған.

Соңғы кезең – жинау цехы. Онда өнім тағы бір мәрте тексе­ріліп, қораптарға салынады. Бұл арада роботтар жоқ. Тек тәжірибелі жұмыс­шылардың қуатты сезімтал қолдары бар. Көздері үйренгелі қа­шан. Под­шип­­никтің бар­лық бөлшегі бір-бі­ріне құ­рас­тырылып, өнім дайын бо­лады. Құрастырылған өнім желі арқылы радиациялық зиян­­дылығын бақы­лайтын учаскеге жеткізіледі. Одан соң тағы бір тексеріліп, қоймаға жө­нелтіледі.

Зертхана басшысы Лилия Онись­коның айтуынша, соңғы кезеңде қатал сынақ күтіп тұр. Зертхана өнімнің қаншалықты берік екенін сынайды. Әрине, жаңа құрылғы ар­қылы. Мұндайда неміс құ­­рылғысы көмекке келеді. Ин­женер-технолог Фархат Кума­ков зауыттың орталық зерт­ханасында 4 жылдан бері еңбек етеді. Негізі міндеті – өнімге бақылау жасау.

Кәсіпорынның «Движе­ние» деп ата­латын өз газет­тері бар екен. Оқып көрдік. Адал еңбекке үндейді. Ең­бек адамдарының қадір-қасие­тін дәріптейді. Осыдан 15 жыл бұрын музей ашыпты. Қызылды-жасылды көр­кем суреттер ғана емес, кә­сіп­орынның әр жылдағы та­бысы, сол табысты оралтып, игілікті үйіріп жатқан қарапайым жұмысшылардың қажыр-қайраты, ардақты есім­дері әйгіленген. Өндіріс озаттарының жарқын бейнесі алтын қорға енгізілген. Кәсіп­орында жұмыс істеп келе жатқан 40-тан астам еңбек әуле­ті бар. Даңқты еңбек жолының діңгегі де солар емес пе?