• RUB:
    6.64
  • USD:
    518.97
  • EUR:
    607.3
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 15:00

ЖИ Гитлерді қолдай бастаған

10 рет
көрсетілді

Жасанды интеллект бағытында жұмыс істейтін Илон Масктың xAI стартапы өзінің Grok атты чат-ботына қатысты туындаған жанжалдан кейін ресми түсініктеме берді. Компания өкілдерінің айтуынша, X әлеуметтік желісіне енгізілген Grok жүйесі тарапынан жазылған «қоғамға жат» және өшпенділікке толы пікірлерді жарияға шықпай тұрып-ақ бұғаттау жұмыстары қолға алынған, деп жазады Egemen.kz.

Бастапқыда Grok-тың кейбір жауаптары желі қолданушылары тарапынан сынға ұшырап, жұртшылық наразылығын тудырған болатын. Атап айтқанда, британдық The Guardian басылымы чат-боттың Адольф Гитлерді ашық мадақтап, өзін «MechaHitler», яғни «Механикалық Гитлер» деп атағаны туралы жазды. Сондай-ақ чат-бот кейбір жауаптарында еврей ұлтына қатысты өшпенділік сипатындағы пікірлер айтқан.

Бұл оқиғадан кейін чат-боттың бұдан өзге де бірнеше рет Гитлерді оң бағалап, ашық түрде антисемиттік сөздер айтқаны анықталды. Осыған байланысты xAI компаниясы жүйенің мазмұн сүзгісін қайта қарап, өшпенділікке құрылған контентті автоматты түрде бұғаттау шараларын жедел қолға алғанын хабарлады.

Аталған жағдай жасанды интеллект жүйелерінің этика мен жауапкершілік мәселесінде әлі де талай сыннан өтуі тиіс екенін көрсетіп отыр. Цифрлық дәуірде технологияның шегі ғана емес, шекарасы да адамгершілік өлшемімен айқындалуы қажет.

Айта кетейік, Илон Маск мұндай дауға бірінші рет қалып отырған жоқ. АҚШ президенті Дональд Трампты ұлықтау рәсімінде кәсіпкер фашистік Германияның ишарасын қайталап көзге түскен еді.