Бүгін Мәжіліс депутаты, Respublica партиясы фракциясының мүшесі Динара Наумова жұмыс сапарымен Шымкент қаласына барды. Депутат ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдайтын ұйымдардың оңалту, лицензиялау және тұрақты жұмыспен қамту мәселелеріне назар аударды. Д.Наумова он жылдан астам уақыт бойы түзеу және оңалту қызметін көрсетіп келе жатқан «Өркен» қайырымдылық қорында болды. 2025 жылы жаңа лицензиялық талаптарға байланысты мұндай жеке орталықтар жабылу қаупіне ұшыраған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Биыл сәуір айында қор президенті Елена Фролова депутатқа осы мәселе бойынша жүгінген болатын. Оның айтуынша, арнаулы әлеуметтік қызметтерді лицензиялау мәселесі бір жылдан бері күн тәртібінде тұрғанымен, қорға қаржы түспеген.
«Арнайы қызметтер» терминін қолданбай, әлеуметтік жобалар аясында қызметті жүзеге асыруға болады. Орталық 50 балаға дейін қолдау көрсетеді, бірақ қаражаттың жоқтығынан біз қызметтерді қысқартуға, мамандарды жалақысыз демалысқа жіберуге, ата-аналардан төлем алуға мәжбүрміз, бұл оларға өте қиын», деді қор басшысы Е.Фролова.
Материалдық-техникалық базаға, медициналық құрал-жабдықтарға, персоналға қойылатын талаптар балалармен жұмыс істеудің әлеуметтік-педагогикалық ерекшеліктеріне қарамастан медициналық мекемелердің талаптарымен бірдей. Бұл үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын қиындатады.
«Өркен» қоры мүмкіндігі шектеулі балалардың дамуына көмектесіп, нақты нәтиже көрсетіп отыр. Бір апта болса да сабақты тоқтату баланың дамуына кері әсер етеді. Талаптар қисынды болуы керек, әйтпесе өмірлік маңызы бар бастамалардан айырылып қаламыз. Біз бұл мәселені бақылауда ұстап, тиісті министрлікпен шешу жолдарын қарастырамыз», деді депутат Д.Наумова.
Сонымен қатар ол зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға арналған дағдарыс орталығында болды. «Asem clinic» жеке емханасының медицина қызметкерлерімен кездесіп, кадр тапшылығы мен құрал-жабдықтар мәселесін талқылады.
«Шымкент – қолдауды қажет ететін жандардың талап-тілегін үнемі еститін қала. Бұл сапар да соның бірі деуге болады. Біз барлық өтінішті жазып алдық. Кейбірі тиісті ведомстваларға жолданды, кейбірі Мәжіліс деңгейінде қаралатын болады», деді депутат сайлаушылармен кездесуде.