• RUB:
    6.66
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.91
Басты сайтқа өту
Туризм Бүгін, 08:05

Туризм трендтері

40 рет
көрсетілді

Биыл Жасыбай демалыс аймағында 54 демалыс базасы мен 11 дәмхана жұмыс істеп тұр. Демалушыларға қолайлы жағ­дай­ жасау мақсатында жағажайға біраз өзгеріс енгізілді.

Баянауылдағы Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр демалыс аймақтары 14 мау­сымнан туристерді қабыл­дау­ды ресми түрде бастады. Ұлт­­­тық парк қызметкерлері өт­кізу бекеттерін талапқа сай етіп, аркалар мен аншлагтарды, бан­нер­лерді жаңартқан. Турис­тер көп шо­ғырланатын Жасы­бай демалыс аймағында биыл бір­қатар өз­геріс жасалды. Демалыс ай­мақ­та­рына өткізетін төрт бекет жұ­мыс істейді. Оның екеуі Жасы­бай­да, Сабындыкөл мен Торайғыр көл­дерінде.

– Жасыбай демалыс айма­ғын­дағы заңсыз дүкендер мен дүңгір­шек­терді алдырып тастадық. Биыл көл маңайында киіз үй құруға да рұқсат бермей отырмыз. Екі жерде шатыр тігуге арналған ар­найы алаңдар бар. Оның біреуі біздің паркке қарайды. Алаң­да орындықтар, кәуап пісіретін орындар, дәретханалар орнаттық. Биыл мемлекеттік сатып алу бойынша 15 дәретхана алдырттық. Адамдарға тазалық сақтауды, өрттің алдын алуды ескерту мақсатында түсіндіру жұмысы тұрақты жүргізіледі. Қараусыз жүрген үй жануарларын да анықтап, иелеріне ескертіп жатырмыз. Бұдан бөлек, биыл Жасыбай көлінің орталық жағажайында катамарандар мен батуттарды қойғызбаймыз деп шешім қабылдадық. Бұған дейін жағажайдың біраз бөлігін катамарандар басып тұратын. Олар алынып, жағажайда дема­лушыларға арналған орын көбейе түсті. Катамаран қызметін заңсыз ұсынып жүргендерге қарсы күрес жарияладық. Қазірдің өзінде үш жеке тұлғаны анықтап, олар құқық қорғау органдары арқылы жауапқа тартылды. Адамдар еркін демалуы үшін көл маңайында барлық жағдайды жасау міндетіміз, – деді Баян­ауыл мемлекеттік ұлттық пар­кі­нің директоры Аждар Жүсіпов.

Биыл Баянауылдағы демалыс аймақтарына келетіндерге жаңа тариф белгіленген. Егер адам аймаққа жаяу кіретін болса 590 теңге төлейді. Көлікпен кірсе, онда бірреттік төлем көлік басына алынады. Мәселен, жеңіл автокөліктер 1 575 теңге, шағын автобустар 7 мың теңге, орын саны 32-ден көп үлкен автобустар 19 мың теңгедей төлейді.

Парк қызметкерлері жартас­ты жерлерді, тау соқпақтарын қоқыс­тан тазартып, арнайы белгі­лер қойған. «Жасыл даму» бағ­дар­ламасы арқылы инс­пек­тор­лар­ға 80 мың қоқыс салатын пакет, 15 контейнер бөлініпті.  Демалушыларды тазалық мәде­ние­тін сақтауға шақыру – парк қызметкерлерінің күнделікті жұмысының бір бөлігі. Жақын­да жаңа контейнерлер әкелініп, олар көл жағалай қойы­лып жатыр.

Өткен жылы ұлттық парк аума­­ғында 161 мыңнан астам турист тынықса, олардың 45%-ын Қарағанды облысынан келген туристер құраған. Парк басшылығы демалушылар саны биыл еселене түсетінін болжап отыр.

Баянауыл ауданының әкім­дігі демалыс аймағындағы су айдындары мен жағажайлар барлық келу­шілерге тегін әрі қолжетімді болуы керектігін кәсіп­керлерге ескертті. Яғни көл жағалауларын қоршау, күзет бекет­терін орнату немесе ты­йым салатын белгілер қою арқылы шектеу жасауға жол берілмейді.

– Су нысандарын рекреа­циялық мақсаттарға пайдалану жалпы су пайдалану тәртібімен өтеусіз негізде жүзеге асырылады. Тек жағажайда көрсетілетін қосымша қызметтерге, мысалы, жаппай демалу алаңын абаттандыру, тазалау, күннен қорғайтын құралдар­ды, ағаш сәкілерді жалға алу, тағы басқаларына ақы алынады, – деп ескертті аудандық әкімдіктен.

Атап өтерлігі, Баянауыл ұлттық паркінде қарақұрттың шығуы биыл да тіркеліп отыр. Жақында Баянауыл ұлттық паркі ғылым және мониторинг бөлімі мен Жасыбай бөлімшесінің мемлекеттік инс­пекторлары бірлесе отырып, 6-орамдағы Торайғыр көлінің тас­ты жаға­жайында қарақұрттардың көзін жою іс-шараларын жүргізді.

– Іс-шара барысында 93 қара­құрт табылып, жойылды. Оның ішінде 26-сы аталық, өзгесі аналық. Қарақұрттар әзірше жұмыртқа салмағаны байқалады. Ал таралу аумағы кеңеймеген. Бұрын қауіпті жәндіктер анықталған 30 гектар жерді ғана мекендейтіні тіркелді, – дейді ұлттық парктің ғылыми қызметкері Мұрат Жасұлан.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы