«Қазгидромет» РМК-ның Атырау облыстық филиалы ауа-райын болжау бөлімінің басшысы Айна Қазғұлованың айтуына қарағанда, шілденің екінші және үшінші онкүндігінде күрт ысиды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Атырау облысында әдетте айлық орташа температураның қалыпты көрсеткіші +25,6-27,9 градус аралығында болады. Ал биыл +26,9-дан +29,1-ге дейін құбылады. Бұл көрсеткіш көпжылдық орташа мәннен шамамен +1 градусқа жоғары болғалы отыр. Бірақ шілденің екінші және үшінші онкүндігінде күн қатты ысиды. Ауа температурасы +38°С-тан +43°С-қа дейін көтеріледі. Осы күндері түнгі ауа температурасы +22°С пен +27°С аралығында сақталады», дейді Айна Қазғұлова.
Кейінгі бірнеше күн бойы ауа райының күрт ысығаны байқалып отыр. Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас терапевті Мейіргүл Кенжеғалиева осыған байланысты тұрғындарға, әсіресе, балаларға, қарттар мен созылмалы ауруы бар адамдарға барынша сақ болуды ескертті.
«Ауа температурасының жоғарылауы ағзаның тез шаршауына, қан қысымының көтерілуіне, жүрек-қан тамырлары жұмысының әлсіреуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Осы кезеңде мүмкіндігінше көлеңкеде жүру, бас киім киіп, сұйықтықты көп мөлшерде тұтынған жөн. Күннің ең қызатын уақыты – сағат 11:00 мен 17:00 аралығында далада ұзақ жүрмеу керек», дейді Мейіргүл Кенжеғалиева.