• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 11:30

Серік Егізбаев егіншілермен кездесті

20 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына жұмыс сапарымен барып, ауыл шаруашылығы саласындағы қазіргі жағдаймен және егін науқанының барысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сапар аясында депутат Каменный Брод ауылындағы «Саумалкөл Агро» ЖШС ұжымымен кездесіп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау тетіктері мен жеңілдетілген несие шарттарын түсіндірді.

«Ауылға келуіміздің басты себебі – көктемгі егін науқанынан кейінгі ахуалды бағалау. Алдымызда орақ маусымы келе жатыр. Бүгін, міне, осы шаруашылықта күзде егілген қара бидайды ору науқаны басталмақ. Ұжым бізден оны символикалық түрде бастап беруімізді сұрады. Жалпы жағдай жаман емес. Еңбеккерлер жалақысын уақытылы алуда, жем-шөп мәселесі де шешімін тауып жатыр», деді Серік Егізбаев.

Серік Егізбаев 2023 жылы шаруалар үшін қиын кезең болғанын, сол уақытта банктерден 22 пайыздық мөлшерлемемен несие алуға мәжбүр болғанын еске салды. Алайда Мемлекет басшысының бастамасымен ауыл шаруашылығына берілетін несиелер бүгінде 5 пайызға дейін төмендеп, кепіл шарттары жеңілдегенін айтты. Сондай-ақ, депутат фермерлер үшін ҚҚС-ты есептеудің 16/80 үлгісі бойынша өзгергенін және бұл өзгерістер Мәжіліс депутаттарының бастамасымен енгізілгенін атап өтті.

Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыру көлемі бірнеше есе өсіп, 140 млрд теңгеден 700 млрд теңгеге дейін артқанына тоқталды. Бұл жетістік – Парламенттің жүйелі жұмысы мен Президенттің нақты саяси шешімдерінің нәтижесі екенін жеткізді.

Сапар барысында Серік Егізбаев егіс алқаптарын аралап, дала жұмыстарымен танысты. Ауыл еңбеккерлерімен тілдесіп, олардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдап, өз жұмысында ескеруге уәде берді.