Алматы • Бүгін, 13:43

Химиотерапиялық препараттар дайындайтын алғашқы робот іске кірісті

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде химиотерапиялық препараттарды дайындайтын алғашқы робот қолданыла бастаса, Алматы – онкологиялық науқастарға арналған жоғары технологиялы KiroOncology роботын пайдаланатын Қазақстандағы алғашқы қалаға айналып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Химиотерапиялық препараттар дайындайтын алғашқы робот іске кірісті

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Алматы онкологиялық орталығында химиотерапиялық препараттарды дайындайтын роботтандырылған жүйе – KiroOncology енгізілді. Бұл жүйе бұған дейін Еуропа мен АҚШ-тың медициналық мекемелерінде қолданылған. Бұл – Қазақстанда мұндай технологияны алғаш рет пайдалану, онкологиялық тәжірибеде автоматтандыру мен қауіпсіздікті арттыру жолындағы айтулы оқиға екендігін атап өткен жөн.
 
Сонымен бұл роботтың қолынан не келеді, мүмкіндігі қандай деген сауалға тоқталатын болсақ, роботтандырылған құрылғы өздігінен препараттардың дозасын дәл есептейді. Оған қоса 360 градустық камера мен кескін базасы арқылы дәрі-дәрмекті анықтайды. Штрихкодтарды тексеріп, компоненттерді араластыруға дейін және кейін өлшейді. Адам араласпаса да дозалау мен іріктеуде қателіктер жібермейді. Пайдаланылған материалдарды өздігінен жоя отырып, адамның қауіпті заттармен жанасуын барынша азайтады.
Бұл технология бұрын дәрі-дәрмектерді қолмен дайындау барысында цитотоксикалық заттармен байланысқа түсуге мәжбүр болған медициналық қызметкерлер үшін қауіп, зиянды айтарлықтай төмендетеді.
 
KiroOncology роботы екі механикалық манипулятормен жабдықталған, олар препараттарды флакондарға құю, араластыру процесін атқарады. Процесс аяқталғаннан кейін құрылғы пайдаланылған бөтелкелер мен шприцтерді химиотерапия қалдықтарын қолға ұстамай-ақ, автоматты түрде тығыздалатын герметикалық контейнерде жояды.
Алматы Онкологиялық орталығындағы қосымша технологияларға тоқтала кететін болсақ, осы роботтан басқа, KiroLink платформасында Kiro Assist жүйесімен жабдықталған BiOptima IT II класты қауіпсіздік ламинарлық бокстары да пайдаланылады. Бұл бокстар цитостатикалық препараттарды қолмен сұйылтуға мүмкіндік береді, бірақ бақылау кезеңдерін сақтай отырып, препаратты сәйкестендіру, штрих-кодты тексеру, өлшеу, визуалды бақылау, құжаттау жұмыстарын дәл орындайды.
 
Дегенмен көптеген онкологиялық мекемелерде химиопрепараттар әлі де әдеттегідей, ламинарлық шкафта дайындалады, бұл қызметкерлер үшін де, науқастар үшін де қауіпті.
Ал жоғарыдағыдай роботтандырылған жүйені енгізу – бұл тек технологиялық жаңалық емес, сонымен қатар Қазақстандағы онкологиялық көмектің қауіпсіздігін, дәлдігі мен заманауилығын арттыру жолындағы маңызды қадам.