Абай • Бүгін, 11:48

Абай жиі қолданған бес сөз

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақыл-ой алыптарының галереясында хакім Абай дидарының бейнесі бедерлі, тұлғасы елеулі. Оны түсіну – даналық бақшасына еккен алғашқы дәніңіз. Философ Мишель Фуконың «дүние – ең үлкен мәтін» деген пайымына илансақ, сөз – оның ең кішкентай бөлшегі. Сол себепті данышпан Абайдың пәлсапасын түсіну үшін ол жиі қолданған 5 сөзді зерделеп, оның танымдық тамырына үңіліп көрдік.

Абай жиі қолданған бес сөз

«Ақыл»

Бұл адам болмысының негізгі сипаты. Өзге жаратылыстардан екшеп, биік қылып тұрған нәрсе де – осы. Абай «ақыл» сөзін 199 рет қолданған. Алайда хакімнің дүниетанымындағы ақыл – біз қабылдап үйренген логика емес. Оның мақсат еткені –  нұрлы ақыл. Адам ақылын сол арқылы зұлымдыққа емес, ізгілікке жұмсайды. Хакім танымына сәйкес, «кісі ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылық жоқтығынан азады». Осы себепті барлығы жүрекке бағыну керек. Өйткені жүрек – нұрдың ұясы. Періште жүрекке қонақтайды. Абай М. Лермонтовтан тәржімелеген «Шайтан» өлеңінде бастапқыда әзәзілдің періштелерге сабақ берген асқан ақылдылығын айта келіп «Жапа-жалғыз білімнен бақ шықпайды, өлшеусіздің сыймасын бір сезбеген» деп жазғырады. Ол құдайдың шетсіз, шексіз ілімін шектеулі санасына сыйдырамын деп тәкаппарлағанын еске алады. Адамды да осы мінез кеселінен сақтандырады.

 

«Жүрек»

Абай өлеңдері мен қара сөздерінде «жүрек» сөзін 156 рет пайдаланған. Ал құранда бұл сөз 132 жерде кездеседі. Бұл жан мен тәннің ең маңызды мүшесі – жүрек екендігін көрсетіп тұр. Хакім дүниетанымындағы жүрек – адамдардың өзін-өзі танитын терезесі. Ол – он екі мүшенің патшасы, құдайлық нұрдың ұясы. Сондықтан оны таза сақтау – кемелдікке жеткізетін ең басты қарекет. Ақын шығармашылығындағы «жылы жүрек» концепциясы – терең гуманисттік ұғым. Бұл, әрине, даналардан жалғасып жатқан тұғырлы тұжырымдама. Әл Фараби өзінің трактатында «Жүрек – ішкі табиғи жылылықтың көзі. Басқа мүшелерге жылылық нақ осыдан тарайды, олар осыдан нәр алып отырады», деген жазбасы бар. Сәйкесінше осы идеяны Абайдың сараптауында былай жеткізіледі: «Сол жүректен жылылық, достықпенен бұлақша ағып ғаламға тарамақшы». Яғни, әрбір адам жүрегіне жамандық жуытпаса, қоғам да дұрысталады.

 

 «Ғибрат»

Абай шығармашылығында бұл сөзді 16 рет қолданған. Түбі парсыдан шығатын сөз үлгі, өнеге мағынасын үстейді. «Сол  нәрсені естігенде иә көргенде ғибратлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек» дейді отыз бірінші қара сөзінде. Ислам философиясында құранның бір емес екеу екендігі айтылады. Бірі – Мұхаммед пайғамбарға түскен кітап, екіншісі – он сегіз мың ғаламның өзі. Алғашқысы – кіші құран саналса, кейінгісі – үлкен құран аталады. Мұсылмандардың кіші құранды ғана оқып, үлкен құран – дүниенің құпиясы мен сырына назар салмайтыны философтардың сынына талай іліккен. Абайдың пайымына салсақ, өмірдің әрбір құбылысына зейінмен назар салып, оның хикметіне ой жүгірту керек. «Бұл өзі не нәрсе», «мұндай болуының себебі не?» деген сауалдарға індете жауап іздесе, Абай ондай жанды хакім болады дейді. Себебі хакім – әр істің себебін іздеуші. Бұл тұста Абай Сократ философиясымен үндеседі. Грек ойшылы дұрыс сұрақ қою арқылы шынайы ақиқатқа жетуге болатынын түсіндірген.

 

«Еңбек»

Абай философиясындағы «еңбек» концепциясы — оның рухани әрі әлеуметтік ілімінің өзегі. Хакім Абай үшін еңбек — тек қана күнкөріс көзі емес, адамның адам болып қалыптасуының, қоғамның өркендеуінің, рухани жетілуінің басты тетігі. Ол өз шығармаларында еңбексүйгіштік пен адал тіршілікті насихаттай отырып, жалқаулық пен масылдықты сынайды. Абай «еңбек» сөзін шығармаларында 47 рет қолданған.  Отыз жетінші қара сөзінде «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызына еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», дейді. Хакім дүниетанымына сәйкес, Хаққа қызмет ету халыққа қызмет етуден басталады.

 

«Ғылым»

Ақыл зекеті – ғылым. Онымен айналысу адамның өзін, дүниенің сырын тануға мүмкіндік береді. Хакім бұл сөзді 111 рет пайдаланған. Абай мұсылман қоғамынан шыққаннан кейін ғылымды құдай хикметінен ешқашан бөліп қарастырмайды. Керісінше ғылымды – ең асыл құлшылық деп түсіндіреді. «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол хакиқат, оған ғашықтық өзі де хақылық һәм адамдық дүр», дейді өзінің отыз сегізінші қара сөзінде. Мұның түп-тамыры «Ғалымның сиясы шахиттың қанынан артық» деген пайғамбар хадисіне барып тіреледі.