Медицина • 01 Тамыз, 2025

Туберкулезді емдеудің тың әдісі

370 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ресми статистикаға сүйенсек, елімізде кейінгі 10 жылда туберкулезге қатысты эпидемиологиялық жағдай әжептеуір жақсарған. Қуантарлығы, аурудың осы түрін емдеу, диагностикалау медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін. Яғни туберкулезге шалдыққан пациенттің МӘМС-ке тіркелген-тіркелмегені маңызды емес.

Туберкулезді емдеудің тың әдісі

Сурет: thorax-clinic.ru

Көпшілігіміз біле бермейміз, еліміз Орталық Азия ай­мағында, посткеңестік кеңіс­тікте туберкулезге қарсы барлық іс-шараны мемлекет қаражаты есебінен жүргізетін жалғыз ел саналады. Аурудың алдын алу шаралары, емдеу бәрі-бәрі тегін қамтамасыз етіледі. Осының арқасында 10 жылдың бедерінде туберкулездің таралу деңгейі 52%-ға төмендеген. Өлім-жітім 75,6%-ға азайған. Сондай-ақ пациенттердің белсенді контингенті 56%-ға төмендепті. Биылғы жыл басынан бергі 6 айдың қорытындысы бойынша 8092 туберкулезбен ауыратын науқас есепте тұр. «Паллиативті» деп аталатын топтағы пациенттердің саны 82,1%-ға азайды, бұл топта 89 пациент есепте тұр.

Бүгінде еліміздің алғашқы медици­налық-санитарлық көмек меке­меле­рінде туберкулезді диагности­калаудың жаңа әдістері енгізілген. Соны технологиялар аурудың бар-жоғын, туберкулез микобактерияларының дәрілік сезімталдығын небары екі сағат ішінде анықтауға мүмкіндік береді. «Gene Xpert» деп аталатын мұндай зерттеу МСАК желісі деңгейінде қолжетімді, аудандарда тегін. Бүгінде республика көлемінде осындай 148 аппарат бар. Осы бағыттағы басқа да жетістіктерді Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас фтизиатр-дәрігері, Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының басшысы Мәлік Әденов айтып берді.

– Қазір елімізде туберкулез инфекциясын анықтап, диагностикалауға манту сынамасы, АТР (туберкулез реком­бинантты аллергені бар сынама), кван­тиферон сынағы (IGRA сынағы) қолданылады. Барлық облыс­тық фтизиопульмонологиялық орта­лықтарда заманға сай жабдықтары бар бактериологиялық зертханалар жұмыс істейді. Мұнда дәрілік сезімталдықтың барлық спектрін анықтауға, пациенттерге ең тиімді емдеу тәсілін тағайындауға болады. Флюорографиялық скринингтердің тиімділігі 100 мың тексерілгенге 2,4 жағдайды құрады. Елімізде туберкулезбен ауыратын науқастарды емдейтін 455 фтизиатр кабинеті, бақыланатын ем жүргізуге арналған 2564 кабинет жұмыс істейді. Емнің амбулаториялық кезеңінде, алты айдың қорытындысы бойынша, 5955 пациент бар, олардың 37%-ы ем-домды онлайн режімде алады, – дейді М.Әденов.

Туберкулезге шалдыққан нау­қастарға инъекциялық препарат­тарды қолданбай тиімді емдеу режім­дері қолжетімді. Қолданыстағы негізгі құралдардың бірі – БЦЖ вакци­нациясы. Халықаралық стандарт­тар мен мәліметтерге сәйкес, 5-6 жас аралығындағы ревакцинация тоқ­татылды. Бүгінде екпе тек бала туған­нан кейін бір мәрте салынады. Былтырғы және ағымдағы жылдың алғашқы 6 айының қорытындысы бойынша жаңа туған нәрестелердің 97%-дан астамы БЦЖ вакцинасын алған. Вакцинаның артықшылығы – аурудың күрделі, кең таралған түрлерін болдырмауға мүмкіндік береді. Егер бала науқастанып қалса, онда ауру жеңілірек өтеді. Дәрігерлер қазір туберкулезді емдеудің жаңа тәсілдерін барынша қолданады. Соның арқасында емдеу мерзімдерін 24 айдан 9-12 айға дейін қысқартуға болады. Тиімділігі 90%-дан асатын дәрі-дәрмек түрлерін де жиі қолдана бастаған.

– Профилактикалық емдеуге ерек­­­ше назар аударамыз. Ол адамда туберку­лездің белсенді түрі, клини­калық көріністері болмаған кезде тағайын­далады. Бірақ ағзада туберкулез микро­бактериялары болады. Аурудың асқынуына жол бермеу үшін профилактикалық курстар жүргізіледі. Заманауи емдеу режімдері бар болғаны 1-3 айда тиімді профилактикадан өтуге мүмкіндік береді. Жыл сайын профилактикалық емдеуден өтіп жатқан ересектердің де, балалардың да саны артып келе жатқанын атап өткім келеді. Ел тұрғындарын балаларын вакциналауға, оларды туберкулезден қорғауға шақырамыз, – деді М.Әденов сөзін түйіндеп.

Былтыр 13 мыңға жуық адам про­филактикалық ем алған. Олардың 56%-ы балалар. Биылғы алты айда 8 633 азамат емделген. Кешенді іс-ша­ра­­лардың арқасында туберкулездің барлық түрінің 90%-дан астамы бүгінде толық емделіп жатыр. Нақ қазір ел азаматтарының сауығу деңгейі 86,4% құрайды. Осыған қоса, тағы бір маңызды хабарды – елімізде «Претоманид» атты жаңа препаратты қолдануға қатысты қанатқақты жоба басталыпты. Оны қолданғанда туберкулездің дәріге төзімді түрлерін емдеу небәрі алты айға ғана созылуы мүмкін. Бұл аз мерзім әрі әлемдік деңгейде танылған терапияның ең тиімді әдістерінің бірі саналады. Демек тағы бір онжылдықта статистиканы қазіргіден де жақсартып, отандық медицинаға оң нәтиже әкелуге толық негіз бар.

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Кеше

Акция аясындағы ауқымды жұмыс

«Таза Қазақстан» • Кеше

Онлайн сайлау жүйесі

Ғалам ғажаптары • Кеше

Қан алатын робот

Ғалам ғажаптары • Кеше

Апаттан аман қалған балалар

Ғалам ғажаптары • Кеше

«Сарығыз» тазы көрмеге барады

Мәдениет • 01 Тамыз, 2025

Даңғыл көпір

Мереке • 01 Тамыз, 2025

Абай тойы басталды

Абай • 01 Тамыз, 2025