– Бүгінде технология қарқынды дамып, жасанды интеллект дәуірі қалыптасқан кезеңде өндірістік балық шаруашылығын дәстүрлі тәсілдермен ғана дамыту жеткіліксіз екені анық. Осы тұрғыдан алғанда, саланы жаңа деңгейге көтеру үшін қандай озық технологиялар мен инновациялық шешімдерге басымдық беру қажет?
– Әрине, дәстүрлі балық аулаудан заманауи, технологияға негізделген аквамәдениетке көшу – бүгінгі күннің талабы. Қазір балық шаруашылығы табиғи су қоймаларымен шектелмейді. Бұл сала дәл есепке, автоматтандыруға және жоғары технологияларға сүйенетін өндіріс деңгейіне өтті. Еліміз үшін де мұндай жаңғыру аса өзекті.
Өндірістік балық өсіруде жабық су айналымы жүйелері (RAS) маңызды рөл атқарады. Бұл технология суды үздіксіз тазартып, қайта пайдалануға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, су үнемделеді, экологиялық жүктеме азаяды, ал өсіру үдерісі толық бақылауда болады. Еліміздің климаттық ерекшеліктерін ескерсек, мұндай жүйелер жыл бойы тұрақты өндіріс жүргізуге жол ашады.
Сонымен қатар «Ақылды ферма» ұғымы да балық шаруашылығына батыл еніп келеді. Түрлі сенсорлар судың температурасын, оттегі мөлшерін, қышқылдығын үздіксіз бақылап, барлық деректі фермерге немесе басқару жүйесіне жеткізіп отырады. Егер қандай да бір көрсеткіш қалыптан ауытқыса, жүйе автоматты түрде әрекет етеді. Бұл өнімділікті арттырып қана қоймай, тәуекелдерді де айтарлықтай азайтады.
Жасанды интеллект пен үлкен деректерді пайдалану – тағы бір маңызды қадам. Бұрын балыққа қанша азық беру керек екенін тәжірибеге сүйеніп анықтаса, бүгінде арнайы алгоритмдер балықтың өсу қарқынын, мінез-құлқын талдап, нақты ұсыныс береді. Нәтижесінде, азық шығыны азаяды, ал өнім сапасы артады. Бұл – өндірістің тиімділігін бірнеше есе көтеретін мүмкіндік.
Автоматтандырылған азықтандыру жүйелері де үлкен өзгеріс әкеліп отыр. Камералар мен датчиктер балықтың белсенділігін бақылап, қажетті мөлшерде ғана жем береді. Артық азық су сапасын бұзбайды, демек экожүйе де тұрақты сақталады. Мұндай ұқыпты тәсіл әсіресе өнеркәсіптік көлемде өте маңызды.
Болашақтың тағы бір бағыты – көпдеңгейлі аквамәдениет. Бұл жүйеде балықпен бірге балдырлар немесе моллюскілір өсіріледі. Балық қалдықтары басқа организмдерге қорек болады, сөйтіп табиғи тепе-теңдік сақталады. Мұндай тәсіл экологиялық тұрғыдан да, экономикалық жағынан да тиімді. Сондай-ақ биотехнология саласының дамуы да назардан тыс қалмауы керек. Ғалымдар ауруға төзімді, тез өсетін балық түрлерін шығарып отыр. Бұл антибиотиктерді аз қолдануға, өндіріс қауіпсіздігін арттыруға әрі өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Елімізге осы технологиялардың ішінде ең маңыздысы – су үнемдеу мен климатқа бейімделу. Сондықтан жабық жүйелер, автоматтандыру мен деректерге негізделген басқару шешімдері бірінші кезекте енгізілуге тиіс. Бұл ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де арттырады.
– Балық шаруашылығында су ресурстарын тиімді пайдаланудың қандай жолдары бар?
– Балық шаруашылығыда су сапасын бақылау шешуші мәнге ие. Оттегі деңгейі, температура мен рН көрсеткіші қалыпты болуға тиіс. Ластанған су өнімділікті төмендетіп, ауруды көбейтеді. Сондықтан суды тұрақты бақылап, сүзгілеу, аэрация мен биологиялық тазарту әдістерін қолдану қажет. Тағы бір маңызды бағыт – су үнемдеу технологияларын енгізу, әсіресе тұйық су айналымы жүйелері (RAS). Бұл тәсіл суды қайта өңдеп, бірнеше рет пайдалануға мүмкіндік береді, соның нәтижесінде су шығыны азайып, экологиялық жүктеме төмендейді. Сонымен қатар табиғи тепе-теңдікті сақтау да өзекті. Артық жем қалдықтары мен химиялық заттар су сапасын нашарлатады. Сондықтан экологиялық таза жем қолдану, қалдықтарды тиімді басқару және биологиялық әдістерді пайдалану қажет.
Су ресурстарын тиімді пайдалану жүйелі жоспарлауды талап етеді. Су көздерін дұрыс таңдау, маусымдық өзгерістерді ескеру және су көлемін нақты есептеу маңызды. Сонымен қатар бұл бағытта мемлекеттік реттеу, заңнамалық бақылау және ғылыми зерттеулердің рөлі зор.
– Балық аулаумен бірге оны қорғау, қорын молайту бағытында нақты қандай қадамға барған жөн?
– Балық қорын қорғау мен көбейту заң талаптарын сақтауды, яғни белгіленген маусымда ғана аулауды, рұқсат етілген құралдарды қолдануды және аулау мөлшерін шектен асырмауды талап етеді. Сонымен бірге су айдындарын ластанудан қорғау, өндірістік қалдықтарды бақылау мен су сапасын тұрақты тексеру маңызды. Балықты қолдан көбейту мақсатында шабақ жіберу мен балық өсіру шаруашылықтарын дамыту қажет. Браконьерлікпен күрес күшейтіліп, заңсыз аулауға қатаң тосқауыл қойылуға тиіс. Табиғи экожүйені сақтау және халықтың экологиялық сауатын арттыру да балық қорын сақтаудың негізгі тетіктерінің бірі. Тарқата айтсақ, ең алдымен, балық аулау кезінде заң талаптарын сақтау маңызды. Әрбір су айдынында балық аулаудың өз ережесі бар: белгілі бір маусымда ғана аулауға рұқсат беріледі, уылдырық шашу кезеңінде балық аулауға қатаң тыйым салынады, белгіленген мөлшерден артық ауламау да табиғи тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.
Балық қорын қорғаудың маңызды жолы – су көздерін таза ұстау. Өзендер мен көлдерге қоқыс тастау, өндірістік қалдықтарды төгу су жануарларына үлкен зиян келтіреді. Су сапасының төмендеуі балықтардың қырылуына немесе басқа аймақтарға көшуіне себеп болады. Сонымен қатар балық санын көбейту үшін қолдан өсіру шаралары да маңызды рөл атқарады. Арнайы шаруашылықтарда өсірілген шабақтарды табиғи су айдындарына жіберу арқылы балық қорының азаюын болдырмауға болады. Бұл әдіс көптеген елде тиімді нәтиже беріп келеді.
Әрине, бұл бағытта айтар мәселе көп. Егер біз бүгін балық қорына ұқыпты қарасақ, болашақ ұрпаққа бай табиғи мұра қалдыра аламыз.
– Балық шаруашылығы заңмен толық реттелген бе?
– Елімізде балық шаруашылығын реттейтін заңдық база бар әрі ол біршама жүйеленген. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыстардың әлі де жетілдіруі қажет тұстар бар екендігі де рас. Менің ойымша, бүгінде мәселе заңның бар-жоғында емес, оның қаншалықты тиімді жұмыс істейтінінде. Мысалы, кейбір өңірлерде бақылау әлсіз, ал браконьерлік әлі де белең алған. Бұл – тек заңның болуы жеткіліксіз, оның орындалуын қадағалау да маңызды екенін көрсетеді. Сонымен қатар шағын балық шаруашылықтарына қолдау көрсету мәселесі де өзекті. Көп жағдайда ірі кәсіпорындармен салыстырғанда, ұсақ шаруашылықтардың мүмкіндігі шектеулі болады. Ал бұл салада тұрақты даму үшін дәл осы шағын кәсіпкерлердің рөлі зор.
– Балық өнімдерін экспортқа шығарудың қазіргі жай-күйі, болашағы жөнінде не айтасыз?
– Бүгінде елде өндірілетін балық өнімдерінің дені – мұздатылған балық, балық филесі және әртүрлі өңделген өнімдер. Соның ішінде көксерке филесі шетелдік нарықта сұранысқа ие. Отандық өнімдер Еуропа елдеріне, Ресей мен Қытайға жеткізіледі. Бұл – отандық балық шаруашылығының сыртқы нарыққа бейімделе бастағанының айқын белгісі. Бүгінде елімізде 72 балық өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді, олардың жылдық қуаты 120 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде 20 кәсіпорын өнімін экспортқа шығарады. Дегенмен бұл жетістіктерге қарамастан, еліміз әлі де балық өнімдері жөнінен импортқа тәуелді. Әсіресе теңіз балықтары шетелден әкелінеді, себебі елдің географиялық орналасуы бұл тұрғыда белгілі бір шектеулер қояды. Әлемдік нарыққа көз жүгіртсек, балық және теңіз өнімдері саудасы қарқынды дамып келе жатқанын көреміз. Бұл салада Қытай, Норвегия, Вьетнам сияқты елдер көш бастап тұр.
Қазақстанда «Аквашаруашылық туралы» заңның күшіне енуі салаға біршама серпін беріп, балық шаруашылықтарының саны мен өндіріс көлемі айтарлықтай артты. Бұл ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де арттыруға жол ашады.
Тағы бір маңызды артықшылық – Қазақстанның географиялық орналасуы. Еліміз Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқандықтан, ірі нарықтарға шығу мүмкіндігі бар. Ресей мен Қытай сияқты алып көршілердің болуы да экспортты дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Егер логистика мен инфрақұрылым дұрыс жолға қойылса, бұл мүмкіндіктер одан әрі кеңейе түседі.
Осы орайда айта кетерлігі, Мемлекет басшысының тапсырмасын назарға ала отырып, «Ауыл» партиясы балық шаруашылығы саласындағы қолда бар ресурс пен мүмкіндікті пайдалану, нәтижелі жұмыс атқару мақсатында «AUYL FEST. Балық шаруашылығы» бірінші халықаралық фестивалін өткізді. Оған Франция, Дания, Чехия, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген әлемдік деңгейдегі сарапшылар мен 1000-нан астам кәсіпкерлер қатысып, саланы шикізаттық бағыттан жоғары технологиялық индустрияға айналдыру жолдарын талқылады. Фестиваль қорытындысында «AUYL FEST – 2026» қатысушылары балық шаруашылығын цифрландыру, «E-fish» жүйесін енгізу және браконьерлікпен күресті күшейту арқылы саланы ашық әрі табысты бизнес ортасына айналдыру туралы ортақ шешімге келді. Фестивальдың қорытынды қарары тиісті мемлекеттік органдар мен Үкіметке жолданды.
Әңгімелескен –
Қуат ӘУЕСБАЙ,
«Еgemen Qazaqstan»