Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін жаңғырту аясында медициналық көмектің бірыңғай базалық пакетін енгізуді көздейтін заң қабылданды. Бұл бастама денсаулық сақтау саласындағы кепілдік берілген қызметтерді нақтылауға, жүйенің ашықтығын қамтамасыз етуге және халыққа көрсетілетін көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған, деп жазады Egemen.kz.
Заңнамалық негіз
2024 жылғы 2 қыркүйекте жарияланған Президент Жолдауында бюджет мүмкіндіктері мен азаматтардың қажеттіліктерін ескере отырып, мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай базалық пакетін қалыптастыру тапсырылған болатын. Осыған сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті қаржыландырудың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету және халық үшін медициналық қызметтерді тиімді ұйымдастыру мақсатында бірқатар өзгерістерді іске асырып отыр.
Негізгі мақсаттар
Бірыңғай базалық пакетке кезең-кезеңімен көшу арқылы келесі міндеттер шешіледі:
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен МӘМС арасындағы қайталанатын қызметтерді болдырмау;
Медициналық қызметтер тізбесін нақтылау және ашықтығын қамтамасыз ету;
Қызмет көрсетудің сапасын және қолжетімділігін арттыру;
Денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту;
Нақты сақтандыру моделіне біртіндеп көшу.
Бұл бағыттағы негізгі жаңашылдықтардың бірі – аурулардың алдын алу және ерте диагностикаға ерекше назар аудару. Мәселен, 2026 жылдан бастап онкологиялық ауруларды анықтауға арналған скринингтер барлық азаматтарға, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, қолжетімді болады.
Бірыңғай пакет шеңберінде көрсетілетін қызметтер
Сақтандырылмаған азаматтар үшін де бірқатар медициналық қызметтер қолжетімді болып қала береді. Атап айтқанда:
Емхана деңгейінде алғашқы медициналық-санитариялық көмекке жүгіну;
Вакцинация;
Онкологиялық ауруларға скринингтер;
Әлеуметтік мәні бар ауруларға күдік туындаған жағдайда диагностикалық зерттеулер;
Жедел және шұғыл медициналық көмек;
Инфекциялық аурулар кезінде емдеу;
Диагностика, емдеу және алдын алу шаралары (барлық әлеуметтік мәні бар аурулар бойынша тегін дәрілік заттармен қамтамасыз ету);
Қан компоненттерімен қамтамасыз ету;
Паллиативтік көмек және ұзақ мерзімді күтім.
Бұл шаралар әлеуметтік мәртебесіне қарамастан халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
Халықаралық тәжірибе
Қазақстандағы бастамалар халықаралық тәжірибеге негізделген. Мысалы:
Ресейде тегін медициналық көмек пакеті санитариялық авиацияны, АИТВ/ЖИТС, туберкулез, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар мен психикалық ауруларды қамтиды.
Эстонияда – жедел медициналық көмек, АИТВ/ЖИТС, инфекциялар, туберкулез және психикалық аурулар бойынша қызметтер көрсетіледі.
Литвада медициналық көмек тек жедел жағдайлармен шектелген.
Германия мен Нидерландыда бұл қызметтер негізінен мейіргерлік күтімді қамтиды.
Қаржылық тұрақтылық
Бірыңғай пакетті қалыптастыру барысында Денсаулық сақтау министрлігі сыртқы сарапшылармен бірлесе отырып, барлық медициналық қызметтер мен олардың құнын жан-жақты талдаудан өткізді. Бұл тәсіл ресурстарды оңтайлы бөлуге, медициналық қызметтерді қаржыландыру тетіктерін жетілдіруге және жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бірыңғай базалық пакетке көшу – халық денсаулығын қорғау бағытында қабылданып отырған жүйелі және маңызды қадам. Бұл бастама медициналық қызметтердің нақты құрылымын қалыптастырып, азаматтарға көрсетілетін көмекті ашық әрі тиімді етуге бағытталған. Денсаулық сақтау саласындағы бұл өзгерістердің басты мақсаты – сапалы, қолжетімді және әлеуметтік әділетті медициналық қызмет көрсету.