• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 17:37

Қонаевта 6 шақырымнан астам жағажай абаттандырылады

10 рет
көрсетілді

Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында 6 шақырымнан астам жағажай абаттандырылатыны туралы қала әкімі Асхат Бердіханов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бүгінгі күні Қонаевта 8 қалалық жағажай бар. Былтыр №5 жағажай бюджет есебінен, ал биыл оның төңірегіндегі 1 шақырым жағажай инвестор есебінен абаттандырылып, қолданысқа берілген.

«Жағажайдың жаңа кейіпке енуі туристік тартымдылықты арттырды. Мысалы, былтыр қаламызға 1,5 млн демалушы келсе, биыл оның саны шомылу маусымы аяқталмай-ақ 860 мыңнан асып кетті. Орта есеппен алғанда №5 жағажайға күнделікті 1500-2000, демалыс күндері 4500-6000 адам келеді. Бұл өте жақсы көрсеткіш»,  деді әкім.

Шаһар басшысының сөзінше, 7 жағажай №5 жағалаудың стиліне сәйкестіндіріліп жасалады. Яғни, жобада инфрақұрылым, санитарлық аймақтар, жасыл аймақтар, шағын сәулеттік нысандар, композициялар, демалыс орындары мен фудкорттар, қауіпсіздік шаралары қарастырылады.

«Рауан шағынауданынан бастап 18-шағынауданға дейінгі аумақты қамтитын 6,1 шақырымдық жағалау аймағы кезең-кезеңімен жаңғыртылады. Оның ішінде №5 жағалау қолданыста болса, қалғанының жобалық құжаттары дайындалуда. Биыл шомылу маусымы аяқталған соң №6 және №7 жағажайда құрылыс жұмыстары басталады деп жоспарлануда. Ал №8 жағажай инвестор есебінен абаттандырылады деп күтілуде»,  деді ол.

Сондай-ақ ол коммуналдық жағажайлардан бөлек, 140 демалыс орнына қатысты жоспарлармен бөлісті. Қала әкімі Қапшағай су қоймасының жағалауында туристік аймақтардың көптігін, сол себепті, оларды да бір реттілікке, қалыпқа келтіру үшін дизайн-код жасалып, ұсыныс берілетінін тілге тиек етті. Кәсіпкерлермен бірлесе отырып, қызмет көрсету сапасын арттыру және демалыс орындарын эстетикалық жағынан үйлестірудің де маңызы зор екендігін айрықша атады.

Қалада туризмді дамыту мақсатында 2025-2028 жылдар аралығында жалпы сомасы 306,4 млрд теңгені құрайтын 11 инвестжоба жүзеге асады деп жоспарлануда. Оның қатарында қонақ үйлер, бассейндер, гольф-клуб, сауда үйлерін және басқа да нысандар бар. Оған әкімдік тарапынан қажетті мемлекеттік қолдаулар көрсетілетіндігін мәлім етті.

Бұған дейін қала әкімі қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жиын өткізіп, онда тазалық, санитарлық талаптар, қауіпсіздік және тәртіптің сақталуы бойынша нақты тапсырмалар берілген еді.

Алматы облысы