• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ғылым Бүгін, 08:15

Еңбегі еленген геолог

90 рет
көрсетілді

Отандық геология ғылымын тілге тиек еткенде, геологтер­дің ғылыми мек­тебінің негізін қалаған ғалым, Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың есімі бірден ойымызға оралады. Қаныш Имантайұлының зерттеу еңбектерінен бастау алатын қазақ геологиясына қызмет еткен ғалымдардың ғылыми жаңалықтары геофизика, геохимия салаларында үздік зерттеу нәтижелеріне қол жеткізді.

Геология және минералогия ғылым­дарының кандидаты, профессор Ақылбек Жүнісов қазіргі таңда Қазақ ұлттық техни­калық зерттеу университетінің Қ.Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институтында «Пайдалы қазбалар кен орындарын геологиялық түсіру, іздеу және барлау» кафедрасында қызмет атқарады.

Ғылым академиясының президенті Ш.Есенов Қ.Сәтбаев атындағы Гео­логия ғылымдар институтындағы көмек­ші­леріне ҚазПТИ-ді биыл бітірген қазақ жастарын ғылымға тартуға тапсырыс берген екен. Осындай мүмкіндік болашақ ғалым­ның өмірін түбегейлі өзгертіп, біздің кейіпкеріміз аталған институт­қа жұмысқа шақырылды. Осылайша, отан­дық геология ғылымдарының қара шаңы­рағына инженер болып қызметке орналасады. Кейінен аға инженер, кіші және аға ғылыми қызметкер ретінде еңбек жолын жалғастырады. Ақылбек Асырарқұлұлы аталған қызметте 18 жыл бойы республикамыздың темір кен орындарының геологиясы мен металлогениясын зерттеу жұмыстарымен айналысты. Зерттеу жұмыстарын Торғай темірлі белдеуінің (Соколов, Сарыбай, Қашар, Қоржынкөл және т.б.) кенорындарынан бастап, Мұғалжардың (Ырғыз, Қияқты), Қарсақбайдың (Балбырауын, Керегетас), Солтүстік Ұлытаудың (Ащытасты), кенді Алтайдың (Марқакөл, Радионов Лог), Іле Алатауының Иірсу скарнді магнетитті, темірлі кварцитті, ­си­де­ритті кенорындары бойынша­ қо­мақты материалдар жинақтап, кейін­­нен осы аймақтардың темір кен­де­рінің болашағы жайлы ғылыми тұжы­рым­да­малар жасауға елеулі үлесін қосты.

Ақылбек Асырарқұлұлы геология-мине­ралогия ғылымдарының кандидаты ғы­лыми дәрежесін алу үшін «Ырғыз синкло­рияндағы Ырғыз және Үшкөл темір кенорындарының геология-генетикалық ерекшеліктері» тақырыбында диссертация қорғады. 1980 жылы өзіне жүктелген тақырыпты сәтті қорғап, КСРО Жоғары аттестациялық комитеттің шешімімен геология-минералогия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін иеленеді.

Ол 200-ге жуық ғылыми, ғылыми-көпшілік, оқу-әдістемелік еңбектердің, сондай-ақ 4 оқулықтың жеке және 2 мо­но­графияның қосымша авторы. Ғалым­ның ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты темір кенорындарын зерттеумен байланысты. Оның еңбектері жоғарыда аты аталған кенорындарының геологиясы, генезисі, минералдық-формациялық типтері, дамуы және оларды кешенді түрде игеру мәселелері жайында болды. Елі­міздің темірлі кварциттерінің құры­лымдық-литологиялық орындары анық­талып, темірлі-кварцитті формация кенорындарының геология­сы мен минералогиясын тиянақты зерттеулерінің нәтижесінде ол елімізде алғаш рет өзіндік стратиграфиялық орыны бар палеозойлық марганецті-темірлі-кремнийді кенді формацияны зерттеп, дараланды. Олардың таралу аймақтарын айқындады. Оған басты себеп өзі зерттеген Орталық, Солтүстік, Шығыс Қазақстанның кей­бір темірлі кенорындарының геоло­гия­­лық ерекшеліктері еді. Ақылбек Асы­рар­құлұлының бұл ғылыми пікірі сол кезеңдегі КСРО көлемінде өткен ғылыми конференциялар бары­сында әріп­тестерінің үлкен қолдауына ие ­болды.

Ғалым минералогиялық, пет­ро­графиялық, геохимиялық зерттеулері арқылы кейбір темір кенорындарын кешенді кенорындар қатарына жатқызуға болатынын дәлелдеді. Мұндай кенорындарды кешенді түрде игеру пайдалы қазбалар қорын өсіріп қана қоймай, сол кенді аймақтың экологиялық жағдайын да жақсартатыны жайлы өзінің ғылыми пікірлерін білдірді.

Саналы ғұмырын білімге, ғы­лымға арнаған ғалым еліміздің қаз­ба байлықтарын игеру жолында өз саласын жетік меңгерген, зейінді шәкірт тәрбиелеуді мақсат тұтты. 1995 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің «Геологиялық түсіру, пайдалы қазба кенорындарын іздеу мен барлау» кафедрасында доцент болды. 2001–2003 жылдар «Геология және мұнай-газ ісі» инс­титутының оқу-әдістемелік ісі жөнін­дегі директордың орынбасары, дирек­тордың міндетін атқарушы қызметін атқарады. 2005–2016 жылдары «Гео­логиялық түсіру, пайдалы қазба кен­орындарын іздеу мен барлау» кафедра­сы­ның меңгерушісі қызметін табысты атқарып, геология маманды­ғына кадрлар даярлауда орасан зор еңбек етті. 2009 жылы ҚазҰТУ ғылыми кеңесінің шешімімен геология және мине­ралогия ғылымдарының профессоры атағын иеленді. «Қазақстан Ұлттық энциклопедия­сына» «Геология және тау-кен ісі» секциясының авторларының бірі ретінде қатысты. Өмірінің 56 жылын ғылымға, оның ішінде геология саласына арнап келе жатқан ғалымның еңбегі мемлекеттік дең­гейде бағаланды. Білікті тұлға бүгін де сүйікті ісінен қол үзген емес.