Астанада Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезі өтті. Онда еліміздегі кәсіподақтардың 2030 жылға дейінгі қызмет стратегиясы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын қолдау туралы саяси қарар қабылданды.
Съезге 300-ге жуық делегат, шетел ұйымдарының өкілдері, оның ішінде Халықаралық еңбек ұйымының Еңбеккерлер қызметі жөніндегі бюро директоры Мария Хелена Андре, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының бас хатшысы Люк Триангл, осы конфедерацияның Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің (БЕАК) бас хатшысы Эстер Линч, президенті Игорь Зубку, Грузия, Өзбекстан, Әзербайжан, Жапония, Польша, тағы басқа да елдердің ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшылары қатысты.
Келелі кеңесте Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің кейінгі бес жылдағы есебі тыңдалды. Федерация төрағасы Сатыбалды Дәулеталин есеп бере келіп, ұйымның мақсат-мұраты туралы баяндады.
«Кәсіподақ бар жерде қауіпсіздік бар. Қауіпсіздікті ұжымдық шарттар арқылы үйлестіреміз. Қазір 16 мыңнан астам ұжымдық шартымыз бар. Кәсіподаққа қосылған мекемелер ұжымдық шартпен қамтылған. Ұжымдық шартты кіші Конституциямыз деп айтсақ болады. Ол кәсіпорындардағы еңбек, әлеуметтік қатынастарды реттейтін құжат. Жуырда заң клиникасын құрдық. Онда мамандар тәулік бойы еңбек адамдарына құқықтық көмек көрсетеді. Кәсіподақ федерациясына 6 мыңнан астам өтініш түсті. Сондай-ақ салалық ұйымдар, бастауыш ұйымдарға келген өтініштер тіпті көп. Сотта 247 іс жұмысшылардың пайдасына шешіліп, 3,7 млрд теңге көлеміндегі еңбекақы берешегі қайтарылды. Қазір елдегі барлық филиал жұмыс істейді. Жұмысшылардан түсетін өтініштердің басым бөлігі жалақы мәселесін көтереді. Кез келген кәсіподақ мүшесі, яғни жұмысшы қайда жүрсе де, заңгерлерге хабарласып, құқықтық көмек алуы керек. Біз осы бағытта жұмыс істеп келеміз», деді С.Дәулеталин.
Делегаттар Мемлекет басшысының 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялау бастамасын зор ықыласпен қолдады. Бұл шешім – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруге, еңбекқорлық пен кәсібилік идеясын ілгерілетуге, еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Съездің үндеуі – «Өзгерістер дәуіріндегі әділ еңбек: қорғау, даму, инновациялар». Тақырып Мемлекет басшысының әділдікті қамтамасыз ету, «Әділетті Қазақстан» қағидатын іске асыру туралы негізгі тұжырымымен тамырлас.
«Біз елімізді әлемдік кәсіподақтар кеңістігіне қайта алып шықтық. Еліміз Халықаралық еңбек ұйымының еңбек құқықтарының бұзылуы жөнінде жасалған «қысқа тізімнен» шығарылды, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына қайта мүше болып кірді. ХЕҰ-мен бірлескен Жол картасына қол қойылды. Бұл – еліміздің еңбек саласындағы жетістіктерінің халықаралық деңгейде мойындалғанының айғағы», деді С. Дәулеталин.
Кәсіподақтар еңбек адамының мәртебесін көтеріп, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етуді көздейді. Съезде федерацияның алдағы бес жылға арналған даму бағыты, стратегиясы айқындалды. Стратегияның жобасы алдын ала барлық өңірде, салалық кәсіподақтарда талқыланған. Съезде қорытынды қаулы ғана қабылданды.
«Кәсіптік одақтар – қоғамның ажырамас бөлігі. Олардың қызметінің негізгі қағидаттары – әрқашан еңбеккерлердің құқы мен мүддесін қорғау. Еңбек адамы – қоғамымыздың басты құндылығы. Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді түбегейлі жаңғыртуға, саяси реформалар мен әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге бағытталған стратегиялық бағытын қолдаймыз», делінген қаулыда.