• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Медицина Бүгін, 08:45

Дәрі-дәрмекті тіркеу жеңілдейді

50 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау ­ми­нистрлігі ел аумағында дә­рілік препараттарды тіркеу, дәрі-дәрмек айна­­­лы­мындағы рәсімдерді оң­тай­ландыруға кірісті. Көп кешікпей «бір терезе» қағи­даты бойынша қыз­мет ұсыныла бастайды. Бұрын ұзақ уақыт күте­тін жұмыс барынша жедел­дей­ді.

Қолданыстағы ережелер шең­бе­рінде дәрі-дәр­мекті елімізде айна­лымға жіберу рәсімі шамамен 2 жылдан 5 жылға дейін созылатын. Осы олқылықты реттеу мақ­сатында Денсаулық сақтау министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бір­ле­сіп, композиттік қызметті үй­лес­тіруді бастады. Композиттік қыз­мет шеңберінде ішкі тіркеу үдерістерін оңтайландыруды көздейтін норма іске асырылмақ. Есесіне, дәрілік препараттарды тіркеу мерзімі 100 күннен аспайды. Сондай-ақ Еуропалық одақ, Жапония, АҚШ, Ұлыбритания елдерінен жеткен дәрі-дәрмекті жедел тіркеуге ден қойылып отыр. Мұндай дәрілік препараттарды тіркеу мерзімін 15 жұмыс күні ішінде жүргізу жоспарда бар. Дәрілік заттарға баға белгілеудің ашық моделін қалыптастыруға қатысты да бірқатар мәселе оңы­нан шешілген. Бұл жөнінде Ден­саулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев мәлім етті.

«Баға моделі өзгерді. Дәрілік заттардың шекті бағасына негізсіз қосылған үстеме бағалар алынып тас­талды. Елде тіркелген барлық дәрілік препарат қайта есепте­леді. Қазір фармацевтикалық қоғам­дас­­тық аталған модельді сы­нақ­­тан өткізуге қатысты жұ­мыс жүргізіп жатыр. ТМККК, МӘМС шеңберінде дәрілік пре­па­рат­тардың құны шамамен 19%, көтерме-бөлшек саудада шамамен 30% төмендейді», деді Е.Нұрлыбаев.

Қаңтардан бастап медици­на­лық ұйымдар электрон­дық қаржы орталығының веб-порталында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды онлайн режімде сатып ала бастады. Қазірдің өзінде 800-ге жуық медициналық ұйым осы алаңды белсенді пайдаланады. Веб-портал арқылы 120 млрд теңгеге жуық шарт жасалған. Қазір Ден­саулық сақтау министрлігі элек­тронды сатып алу форматына көшудің арқасында қанша қара­жат үнемделгенін анықтап жатыр.

«Бірыңғай дистрибьютор арқылы дәрілік заттарды сатып алу кезінде оларды сақтау үшін де, тасымалдау үшін де төлем жасаймыз. Денсаулық сақтау министрлігі «СК-Фармациямен» бірлесіп, шығындарды қысқартуға болады деген қорытындыға келді. Біз сақтау мен тасымалдауды жеке қызметтерге бөлуді ұсынамыз, өйткені олардың әрқайсысы арнайы шарттарды, оның ішінде тем­пературалық режімді сақ­тау­ды талап етеді», деді вице-­министр.

Сөйтіп, дәрі-дәрмектерді сақтау, тасымалдау қызметтерін екі бөлек лот ретінде сатып алу туралы шешім қабылданды. Ден­сау­лық сақтау министрлігінің бағалауы бойынша, бұл шамамен 1 млрд теңгені үнемдеуге мүм­кіндік береді.

Министрлік Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасымен еліміздің фармацевтикалық нарығындағы отандық өндіріс көлемін 50%-ға, одан жоғары деңгейге жеткізу жөніндегі жұмысты жүйелі жүргізіп келеді. Жоспарды 2029 жылдың соңына дейін орындау көзделген. Былтыр отандық өндіріс көлемі 15%-ды құраған. Салыстырмалы түрде нәтиже көңіл көншітеді деп айтуға кел­мей­ді. Сондықтан министрлік тапсырманы орындау мақсатында инвестиция тарту, қолайлы жағ­дай жасаумен айналысатын жоба­лық кеңсе ашты. Қазір онда 7 жоба қарастырылып жатыр. Инвес­ти­ция­лардың жалпы сомасы шамамен 700 млн долларды құрайды. Олардың барлығы дәрілік препараттар өндірісін оқшаулауға бағытталған. Бұдан өзге, дәрі-дәрмекті таңбалау жұмыстары үзілмей жалғасып келеді. Бұл ел аумағына сапасы мен шығарылған жері күмән туғызатын өнімдерді кір­гізбеу үшін қажет.