
Фото: egemen.kz/ Ерлан Омар
Министрдің айтуынша, мемлекеттік бюджеттің кірісі шамамен 11 трлн теңге болған. Ал республикалық бюджет 31 млрд теңгеден аса артығымен орындалып, 100,5% атқарылған. Бұл көрсеткіш импортқа салынатын қосылған құн салығы, шикі мұнайға экспорттық кедендік баж және корпоративтік табыс салығы түсімдерінің есебінен тіркелген.
Жергілікті бюджеттер де сенімді өсім көрсеткен кірістер 117% немесе 656,6 млрд теңгеге жеткен. Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоспардың артығымен орындалуы жеке табыс салығы, корпоративтік табыс салығы және әлеуметтік салық есебінен қалыптасқан. Өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда кірістердің өсу қарқыны мемлекеттік бюджет бойынша - 118,8%, оның ішінде республикалық бюджет бойынша - 122% және жергілікті бюджет бойынша - 114,3% құраған.
Сонымен қатар, салықтық, кедендік әкімшілендірудің арқасында 492 млрд. теңге қосымша түсімдер түскен. Жыл басынан бері қосылған құн салығын қайтару көлемі, өткен жылдың деңгейінен 12% артық орындалып, 768 млрд теңгені құраған.
«Бұл жай ғана цифрлардың өсуі емес – бұл экономикаға өтімділіктің нақты ағыны, экспорттаушыларды, өндірушілерді және аграрийлерді қолдау болып саналады. Мұндай серпінге, қосымша құн салығын қайтарудың жеңілдетілуімен және экспорттаушылардың өтінімдерін басымдық бере отырып қараумен қол жеткізілді. 2025 жылы өтемақылардың жалпы көлемі шамамен 2 трлн теңге деңгейінде болады болжанып отыр», деді Мәди Тәкиев.