Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін интернационалдандыру стратегиясы аясында Қазақстанда кадрларды даярлау сапасын арттыру және отандық колледждерді жаһандық білім беру кеңестігіне енгізуге бағытталған 10 негізгі халықаралық бастама жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бүгінде Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, Түркия, Жапония, Ұлыбритания, Грузия, Ресей, яғни 8 елдің серіктестерімен 50-ден астам меморандум жасалған. Халықаралық жобаларға Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Қостанай, Қарағанды, Жамбыл, Маңғыстау облыстарынан 20-дан астам колледж қатысып жатыр.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше ең көп келісімдер Қытай Халық Республикасымен жасалған. Ынтымақтастық аясында Қазақстан-Қытай кәсіби колледжі құрылатын болады. Сондай-ақ балалар мен жастарға арналған инновациялық білім беру шешімдерін әзірлеуге маманданған KidsGo Technology Ltd технологиялық компаниясымен әріптестік басталды.
Сала министрлігіне қарасты Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Асет Мұханбетовтің айтуынша, аталған бастамалар – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жаңғыртудың маңызды қадамы болып табылады.
«Бастамалар халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, озық білім беру технологияларын енгізуге және қазақстандық түлектердің жаһандық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді», деді А.Мұханбетов.