• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Бизнес Бүгін, 08:38

Кәсіптің кілтін тапқан

50 рет
көрсетілді

Біздің елде агросектордан ірі инвесторға айналған, «Forbes» тізіміне ілінген кәсіпкерлер сирек. Көбі ауыл шаруашылығын тәуекелі көп, қайтарымы жылдарға созылатын сала деп таниды. Кейіпкеріміз, «Aitas» холдингінің негізін қалаушы Серік Толықпаевтың жетістікке жету жолы қарапайым. Ол үшін табыс формуласы, Маркстің сөзімен айтқанда, бизнесте кең даңғыл жол жоқ, оның заңына тек шаршаудан қорықпай, тастақты соқпақтармен өткендер ғана төтеп бере алады.

«2011 жылы агросекторға ат басын бұрдым. Тура сол кезде Өскеменде құс фабрикасы сатылып жатты, соны сатып алып, еңбек жолымды бастадым», дейді. 2024 жылы «Aitas» холдингінің елдегі құс етін тұтынудың жалпы көлеміндегі үлесі – 26%, жергілікті өндірістегі үлесі 39% болды.

Кейіпкеріміздің айтуынша, бизнес әлемі сырт көзге қызыл­ды-жасылды болып жарқыраған сиқырлы әлем. Бұл әлем гауһар­мен көмкерілген «Ролекс»-терді сатып алу немесе қолындағы бар қаржыға 200 мың доллар тұратын «Мерседестерді» тізгіндеу емес. Жаратылысыңдағы ана сүті, әке тәрбиесі ғана болмысыңның ара­салмағын тең ұстап тұрады. Жетістігіңіздің 80%-ы сізге тиесілі емес екенін сезіну керек, себебі бұ­ған сіздің генетикаңыз, отбасыңыз, дүниеге келген уақытыңыз бен жеріңіз себепші болады.

«Елде жекешелендірудің кезекті толқыны жүріп жатыр. Капиталы­ңыз 300 млн доллардан асыпты. Стратегиялық нысандардың бірін сатып алудың сәті түсіп тұр» деген сауа­лымызға былай деп жауап берді:

«Біздің холдингтің стратегиясы қандай да бір жекешелендіруге қатысуды көздемейді. Ол коллаборацияны қамтиды. Азық-түлік саласында жұмыс істейміз және бұл әрдайым бәсекелі нарық, онда жекешелендіру нысандары, мемлекеттік меншік жоқ. Жекешелендіру мүмкіндігі болса да қатыспас едім, өйткені мұнда басқа дағдылар қажет».

«Aitas» холдингі «егістіктен дүкен сөресіне дейін» қағидасы бойынша жұмыс істейтін 20-дан астам компа­нияны біріктіреді. 5 мың адамды жұ­мыс­пен қамтамасыз етіп отыр. Осы жылы холдингті аграрлық шикізат­тан брендке бағдарланған food-ком­панияға айналдыру жоспары басталды. Қазір азық-түлік маркетингісі, сату саласындағы мамандар мен та­мақ өндірісінің технологтері ауадай қажет. Мамандарымызды агро­сек­то­ры дамыған елдерге тәжірибе алма­суға жіберетін кез келді», деді.

Кәсіпкер тікелей инвестициялау арқылы миноритарлық акционерлерге айналатын бастамаларды қарастырып жатқанын да мәлімдеді.

«Мақсатым – экономиканың нақты секторында болған кезде алған 25-30 жылдық тәжірибемді 10 компанияға беру. Біз түрлі салаларда бенчмаркалар орнатып, осы саланы институцио­налдандыра алатын компанияларды таңдаймыз. Біздің компаниямызда салаларды нығайту, ашықтық тұрғысынан әсер етуге мүмкіндік беретін тәжірибе бар деп есептейміз», дейді кәсіпкер.

Холдинг «IL-TOV» компаниясы­ның 100% акциясын 2,1 млрд тең­геге (4,1 млн долларға) сатып алды. Мәміле компанияның өз қаражаты есебінен қаржыландырылды. «IL-TOV»­ – қуаты жылына 3,6 мың тонна өнім шығаратын құс етінен дайын жар­тылай фабрикаттар шығаратын кәсіпорын. Зауытқа шикізатты холдингке кіретін Макинск құс фабрика­сы жеткізеді. «Зауытты одан әрі дамы­ту және жаңғырту бойынша жақсы жос­пар бар, ол таяу жылдары жылына 10-15 мың тонна қуаттылыққа шығуға мүмкіндік береді», дейді С.Толықпаев.

Кәсіпкер компанияның әлеумет­тік жауапкершілігін де әркез назарда ұстайды. Ауылдық аймақтарды тұрақты дамуға жетелейтін қор аш­қан. Нәтижесінде, ауылдық жерлер­де 20 медициналық зертхана ашты. Қор 3 ауданда өз жұмысын жүр­гізіп жатыр: Шығыс Қазақстан облысын­дағы Катонқарағай, Ұлан аудандары мен Ақмола облысындағы Бұлан­ды ауданы. Жергілікті қоғам, билік және бизнес өкілдерімен бірлесіп, ауданның ұзақмерзімді даму стратегиясы әзірленген. Стратегияға негіз­делген экономика, білім, архитек­тура, инфрақұрылым, экология бағы­тындағы кешенді бағдарламалар жү­зеге асырылып жатыр.

2019 жылдан бері Катонқара­ғай және Бұланды аудандарында қор ­150-ден астам жобаны жүзеге асы­рып, жалпы сомасы 2,2 млрд теңгеден ас­там қаражат бағыттады. Ал аудан­дар­­ға тартылған инвестициялар көлемі ­23 млрд теңгеден асты.

 

АЛМАТЫ