Қазір облыста бұрынғыдай емес, мал ұрлығы деректері азайып келеді. Әрине, бұл – ең әуелі осы бағытта облыстық полиция департаментінің жедел-профилактикалық шараларды жүйелі түрде жүргізіп келе жатқанының арқасы. Полицейлер қабылдаған іс-шаралар нәтижесінде жыл басынан облыс көлемінде мал ұрлығы дерегі айтарлықтай төмендеген.
Дегенмен тұрғындар тарапынан «Айдай салдан аз өлді, көре салдан көп өлді» дейтін қамсыздық тыйылмай тұрғанын да айта кеткеніміз артық болмас. Олардың малының қолды болғанын кеш байқап, полицейлерге уақыт өткізіп барып хабар беруі де талай қылмыстың дер кезінде ашылмауына себеп болып отыр. Өз бетінше іздеп, табанынан таусылып жүргенде ұрланған мал мен ұрыны іздестіруді жеңілдететін маңызды айғақтар мен іздер жоғалып кететіні де бар.
Осыған дейінгі полицейлер әр ауылда міндетті түрде бақташы қою туралы сан мәрте ұсыныс берген. Тіпті оған жұмыссыз азаматтарды тарту арқылы ұрлықты та азайтып, жұмыссыздық көрсеткішін де төмендетуге болатынын да айтқан. Әуелгіде баяу жүрген бұл іс қазір қалыпқа түскен сияқты. Полиция мал ұрлығының алдын алу бағытында профилактиканы күшейтуден бөлек бақташылармен де сөйлесіп, тиісті түсіндіру жұмыстарын қолға алды. Оларға мал ұрлығы жасалған жағдайда қандай жаза қолданылатынын түсіндіріп, тиісті ережелер жазылған жадынама қағаздар таратты.
Әрине, ұрының көзіне әуелі қараусыз жүрген мал түседі. Оны бір-екі күн барлап, ізінде жүрген ешкімнің жоғын байқағасын ыңғайын тауып алып кетеді. Осыдан да белгіленбеген орындарда жайылып жүрген малына қарамаған 215 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ветеринария қызметкерлерімен бірлесіп атқарылған рейдтік іс-шаралар барысында жалпы 160 әкімшілік құқық бұзушылық анықталыпты. Оның 93-і – мал немесе ет өнімдерін заңсыз тасымалдау дерегі.
Апта сайын полиция қызметкерлері облыс орталығындағы КБИ шағын ауданында орналасқан базарға мал тасығандарды тоқтатып, малдың құжаттарын тексереді. Осы жылы жедел-іздестіру бөлінісі қызметкерлері мал ұрлығын кәсіп қылған 4 топты ұстады. Сырдария аудандық полиция бөлімі – 8, Шиелі АПБ – 3, Қазалыда – 1, Қармақшы аудандық полиция бөлімінде 2 эпизодтық қылмыс ашылып, қазіргі осы деректер бойынша тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Тіпті қайыру көрмеген малдың күре жолға шығып кетіп, талай апатқа себеп болып жатқаны да бар. Жыл басынан бері осындай 10 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 2 адам түрлі жарақат алған. Облыстық мәслихаттың 2020 жылғы 21 қазандағы №473 шешімімен аймақта ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бекіту туралы ереже әзірленген. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 408-бабының талаптарына сәйкес облыстық полиция департаменті жыл басынан ережені сақтамаған 313 мал иесін әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
«Қала, аудан орталығында орналасқан мал базарлар мен оған келетін күре жолдарда, ет сату орындарында жүйелі түрде рейдтік іс-шаралар жалғаса береді. Жедел-профилактикалық шаралар аясында бұрын жасалған мал ұрлықтарының 7 дерегі ашылды. Мал ұрлықтарының алдын алу және ашу бағытында жұмыстар нәтижесінде пада ұйымдастырылып, бақташылар белгіленді. Бұрынғыға қарағанда, бұл бағыттағы жұмыс біраз жүйеленді. Дегенмен мал базарлары мен ет өнімдерін сататын орындар, мал сою цехтары үнемі тексерілсе де әрбір тұрғын қора мен өрістегі малына жауапкершілікпен қарап, сақтық шараларын күшейткені жөн», дейді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Серік Ергешов.
Қызылорда