• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 08:20

Бұл қай жүйе?

20 рет
көрсетілді

Елімізде міндетті білім сатысына жатпаса да қоғамда үлкен маңызға ие сала бар, бұл – мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту. Мұның мәні де сол – баланы ерте дамытуда, мектепте әке-шешесінің я басқа да ересек адамның көмегінсіз оқи алатын жағдайға жеткізуінде, ата-анасының табыс табумен айналысуына мүмкіндік туатынында болып тұр. Соның себебінен де шығар, бірнеше жылдан бері республика бойынша балаларды, соның ішінде 2-6 жастағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту күн тәртібінен түспей келеді. Орын тапшылығы кезінде жемқорлықтың қатар жүретіні тағы бар. Жақында Үкімет осы екі түйткілдің түйінін тарқату мақсатында қолға алған жүйе бірқатар өңірде емес, барлық ел көлемінде енгізілетінін хабарлады. Бұдан не ұтамыз, жаңа жүйенің берері қайсы, тиімділігі қандай, кемшілігі неде, үңіліп көрелік.

Үнсіз берілетін ваучер

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыр­күйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз балалардың мек­тепке дейінгі жан-жақты даму мәселесін шешуіміз керек. 2025 жылға қарай 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қамтамасыз етуді міндеттеймін. Бұл түйткіл мемле­кеттік балабақша салумен ғана шешіл­мейді. Осы іске жеке бизнесті тартып, қолдаудың жаңа түрлерін, соның ішінде қаржыландырудың ваучерлік тәсілін ойластыру қажет. Ата-аналар кез келген балабақшаны таңдап, мемлекет берген ваучермен төлем жасай алады», деді. Тапсырма қалай іске асып жатыр? Сұраққа жауапты өмірдің өзінен ізделік.

Мақсат Ерланұлы 3 жасқа жа­қындаған тұңғышын балабақшаға бергісі келіп ізденді. Қазір ваучерге қол жеткізген, десе де ата-ана өзі көздеген мемлекеттік бала­бақшадан орын ала алмағанын жеткізді. Мұның себебін ол жүйенің кемшілігінен көреді.

– Мен ваучерге наурызда кезекке тұр­дым, әуелі зерттеп, ескертулерін оқып алдым, үнемі қосымшаға кіріп отыр­дым. Кірген сайын 5 200-ден ­ 4 800-орынға түскенімізді, солай жыл­жып жат­қанын көрсетіп тұрды. Мұн­дай қарқынмен күзге қарай ваучер алып қалатын шығармыз деп ойлап жүрдік. Сол күніге 40–50 орынға жылжып жатқан кезекті көрсетіп отырсам, жұбайым қосымшадағы елеусіз тұрған «ваучер берілді» деген жазбаға назар аударды. Маңайдағы балабақшаларға барып соны сұрадық, сөйтсек, кезекке қара­мастан, ваучер, яғни балабақшаға жол­дама бір емес, екі рет беріліп қойып­ты және соңғы айда дәл менің балам­ның құрдастарына беріліпті, демек көбі мемлекеттік балабақшалардан орын алып алды. Ваучер берілгенін не бір смс, не қоңырау, не дыбыстық ескер­ту арқылы хабарламаған. Бұл пысық­тарға, жүйенің белгілі-белгісіз қырларын арнайылап оқып алғандарға қолайлы болып көрінді. Балалары бар әріптестерімнен сұрап едім, биыл кішкентайы балабақшаны бітіретін біреуі «Ой, мынау нөмірге хабарлас, мемлекеттіктен орын алып береді. Біз солай алдық», деді. Айтайын дегенім, сол индиго кезіндегідей қосымшаның ұңғыл-шұңғылын білмейтін, цифр­лық сауаты аз адамдар баяғыдай «көмектескіштерге» жем болады, – деді М.Ерланұлы.

Оның ойынша, ваучер берілгенін кезектің жылжып жатқанымен шатас­тыру – нағыз манипулияция. Адам кезегімен келеді деп сенеді, ал мынау жағында ваучер беріліп тұрады, әрине, тез берілгені қуантады, бірақ оны кісінің назарын басқа жаққа бұра отырып жазып қойған дұрыс емес. Ваучер беріл­генін ата-ана өткізіп алмайтындай жағ­дай жасау керек, қоңырау шалу арқы­лы ескерту тетігін қарастыру қажет. Ваучер берілгенде оны алатыныңызды 2 күн ішінде растауыңыз керек, соны қосымшаның ішіндегі үнсіз келген ескертпені ашып қана білуге болады, ата-аналардың көбі балаларымен, жұмыстарымен жүріп білмей, өткізіп алады. Осыған қоса ваучер берілген соң баланың құжаттарын реттеуге небәрі 3 жұмыс күні беріледі, емханалардағы жылжымайтын кезек, педиатрға жазы­лудың өзіне апталап, арнайы мамандарға жетуге айлап уақыт кететіні бар, тым аз мерзім берілетіні қисынға келмейді, осы мәселеге түзету енгізген дұрыс.

Ал Оқу-ағарту министрлігіне қарас­ты Мектепке дейінгі білім беру депар­таментінің басшысы Манар Адамова жаңа жүйе керісінше сол бұрынғы сы­бай­ластық фактілерін болдырмау үшін енгізіліп отырған тәсіл екенін айтады.

– Ваучерлік қаржыландыру жүйесі мемлекеттік тапсырыс орналастыру­дың ашықтығын қамтамасыз етіп, қара­жаттың тиімді жұмсалуын қадағалау үшін енгізілді. Қазір осы жүйеге 15 қала, 6 аудан қосылды. Қалған об­лыс­тық деңгейдегі 5 қала қыркүйекке дейін, аудандар жыл соңына дейін ваучерлік қаржыландыруға көшеді. 100% мемле­кеттік және 90% жекемен­шік балабақша балаларға мемлекет­тік тапсырыс алады. Мемлекеттік те, жекеменшік те бірыңғай келісім шартқа өз еркімен қол қояды, ваучерлік қаржыландыру жүйесімен жұмыс істеу міндеттелмеген. Дегенмен балаға беріліп отырған мемлекет қаржысын алуға бәрі де ынталы. Сонымен қатар бірыңғай келісім шартқа қол қою өз еркіңде деген сөз ваучер жүйесімен жұмыс істемейтін жеке балабақшалар талапқа сай тексерістен өтпейді дегенді білдірмейді. Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің кестесі бойынша мемлекеттік аттестациядан ­ 5 жылда 1 рет барлық мектепке дейінгі ұйым өтеді. Бұдан бөлек, 2027 жылдың 1 қаңтарынан лицензиялау енгізіледі, – деді М.Адамова.

Министрлік өкілінің пікірінше, кезекте ваучер күтіп отырған ата-анаға хабарлама келген жағдайда оған «иә» немесе «жоқ» деп жауап беруге 2 күн жеткілікті. Әрі қарай 3 күн емес, 5 күн беріледі. Ата-ана үлгермей жатса, 28-күнге соза алады. Ол кезде тағы 28 күннің ішінде хабарлама алады. Жалпы, ваучерлік қаржыландыру алгоритмі – №372 бұйрықпен бекітілген, 46 беттен тұратын қосымша. Қанатқақты режім болғандықтан, өзгерістер еске­ріліп жатыр. Мамыр айында №105 бұйрықпен толықтырылды. 2024 жылдан бері әр қала, аудан кірген сайын, олардың бар­лық ескертпесі ескеріліп келеді. Сы­нақ режімі – сол үшін де сынақ. Бұл де­геніміз – қолданушылардың ескерт­песі мен шағымдары қаралып, әлі де өз­герістер енгізіліп қалуы мүмкін ­деген сөз.

 

Жай-жапсарын қолданған білер

Тақырыпқа тереңдеу мақсатында біраз ата-анамен тілдестік. Солардың ішінде жүйеге оң баға бергендер де бар. Қаламқас Тоқтамыс:

– Ваучерлік қаржыландыруды сынап жатқандар көп екен. Жаңа жүйе керісінше маған ұнады. Бұрынғыдай таңмен көзіңді тырмалап ашып, орынға таласпайсың. Орынның бәрі кезектен тыс тұрғандарға кетіп қалмайды, тең бөлінеді. Қысқасы, әділ жүйе. Иә, өте ыңғайлы екен. Әлде биыл біраз ата-ана ваучерлік жүйені түсінбей, кезек аз болды ма, әйтеуір таңдаған балабақшамызға орындар бірінен кейін бірі келді, тіпті қайсысын таңдайтынымызды білмей қалдық. Төрт балабақшаға дейін таңдай алатының, әсіресе «Бұл балабақшаны алайын ба?» деп ойлануға 24 сағат бере­тіні ұнады. Бұрынғы индиго нағыз жемқорлық жүйе еді. Талай адам «орын алып береміз» деген көмектескіштерге жем болды. Ал қазіргі жүйеде ешкім де араласа алмайды. Жүйе орындарды ­автоматты түрде өзі жібереді. Ең бас­тысы ваучерің болса, күту парағында тұрсаң болды, – дейді.

Мәселені зерделеу кезінде вау­чер жүйесіне қатысты көп видео, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақала, сюжеттерді қарадық, сонда баса назар салғанымыз – сол материалдарға жазылған ата-аналардың пікірлері. Басым бөлігі жүйенің кемшіліктерін жіпке тізген. Мысалы, бір желі қолданушысы (әрбірінен пікірін жариялауға рұқсат ал­мағандықтан, аты-жөнін көрсет­пеу­ді жөн көрдік) жоғарыдағы «көмек­тескіштерге жем болмайсың деген ата-ана Қ.Тоқтамыстың пікірін жоққа шығарыпты. «Жеке балабақша – қымбат, не істеріңді білмейсің. Ваучер алу үшін 50 мың теңге төлеп орын алдық, жеке балабақшаға 80 мың теңге төлегенше орынды ұстап береді, 1 рет қана 50 мың­ береміз ғой дедік», деп жазыпты желі қолданушысы. Одан екінші біреуі «Ваучер сатыла ма, кімге төлеп алдыңыз, білім басқармасына ма?» деп сұрапты. Оған ақша берген ата-ана: «Жоқ, ваучер емес, жүйемен қалай жұмыс істейтінін білмеймін, сосын қосымша алып беремін деген мамандарға жүгінеміз», деп жауап берген.

Ал мынау бір желі қолданушысының уәжін жарияламаудың өзі айыпты сияқты, ол: «Жаңа жүйе бойынша мен қолымда ваучер бола тұра тікелей өзім таңдап тұрған балабақшаның күту парағына кезекке тұра алмаймын. Себебі күту парағы тек бір балабақшадан екіншісіне ауысуға арналған. Фактіге келетін болсақ, маған ваучер алғаннан кейін 2 күндік мерзімім күйіп кетпеу үшін қай жерден орын табылады, сол жерге баланы тіркеуім керек. Содан кейін ғана менің балам үшін күту парағына тұру мүмкіндігі ашылады. Ваучер алған сәттен бастап неге мен өзім таңдаған балабақшаға күту парағына тұра алмаймын? Мен орын жоқ екенін түсініп тұрмын, өзім қалаған балабақшаны күтуге дайынмын деп тұрмын», дейді. Дәл осы олқылық «ата-аналарға балабақшаны таңдауға жағдай жасайды» дегендерге қарсы салмақты сөз болатындай. Ата-аналар кез келген балабақшаны таңдай алатындай жағдай жасауды тапсырған Президенттің де міндеттемесі толық орындалмай тұрған секілді.

Жоғарыдағы ата-ана М.Ерланұлының пікірі министрлік өкілінің «Жүйе қара­жаттың тиімді жұмсалуын қадаға­лау үшін енгізілді» дегеніне шәк келті­ретіндей. Жүйемен ваучер алып баласын балабақшаға берген әке:

– Баламызға ваучер алып, балабақ­шамен онлайн келісімшартқа отырып, қабылдауға өтініш тастадық. «Баланы қабылдау 18 шілдеге дейінгі уақытта жүргізіледі» деген хабарлама шықты. Күн сайын жүйеге кіріп жүрдік, ескертпелерге, хаттарға дыбысын ашып қойдық, бірақ «баланы балабақшаға қабылдау» деген ақпараттан басқа ешқандай жаңалық болмады, қабылдау жүргізіліп жатыр ғой деп күттік. Бір күні әдеттегідей қосымшаға кірсек, «балаңыздың келген күні – 3 күн» деп тұр. Ол кезде біз әлі бала­бақшаның табалдырығын да аттаған жоқпыз. Балабақша меңгерушісінен сұрағанымызда жауап жазбады, кейін төлемді айтқанда сол бармаған күн­дерімізді қосып есептеді. «Балаңыз бала­бақшаға қабылданды» деп хабарласа, қуана-қуана уақыт өткізбей барушы едік, өзіміз де соны күтіп жүрміз емес пе? «Қабылдау» мен «қабылданды» дегеннің айырмашылығы бар ғой? Содан соң тағы бір кемшілік – таңдаудың тым аздығында, тіпті жоқтығында. Мысалы, біз әзірге жақын жерден табылған жеке балабақшаға бере тұрдық. Күту парағына кіріп, баламызды маңайдағы үш мемлекеттік балабақшаға кезекке қойғымыз келді. Тезірек орын табыл­ғанына беруді көздейміз, өйткені жекеге қалта көтермейді. Бірақ күту парағында тек 1 балабақшаға кезекке қоюың керек. Қысқасы, жүйенің шикі тұстары баршылық, – депті.

Осы мақаланы жазу барысында Астанадағы бірқатар балабақшаны араладық. Сонда кей мектепке дейінгі ұйым өкілдерінің өзі жүйенің қыр-сырын әлі толық меңгере алмай жүргенін жеткізсе, енді бірі бастысы ата-аналарға ыңғайлы деген пікірде, ал кейбірі жаңа жүйе енгізілгелі айлық кешігіп түсіп жатқанын айтты. Жалданып жұмыс істейтін жұрт үшін жалақы – жанды жері. Сол себепті бұл жайттың мәнісін министрлік өкілінен сұрағанбыз. Бұған М.Адамова:

– Бұл – тек жекеменшік мектептерге қатысты мәселе. Ваучерлік жүйеде ата-ананың мақұлдауын күтпейді. Қаржы әр айдың 21-нен кейін түседі, қайта есептеу тек келесі айда жүреді. Ата-ана мақұлдауды 2 айдан кешіктірмей жасауы керек. Егер 60 күннен артық растау жасамаса ваучерін жоғалтады, бірақ ол ақша балабақшадан қайтарылмайды. Балабақшаның есебінде қалады, себебі педагогтердің еңбекақысы төленеді, – деп жауап берді.

Бұл тақырыпты қаузау біраздан бері ойға келген. Бұған әлдебір кітаптың таныстырылымында кездесіп қалған Астана қалалық мәслихат депутатымен бір таксиді жалдап қалуымыз себеп болған еді. Сол кезде өзі де бірнеше жекеменшік балабақшаға құрылтайшы болып отырған ол ваучер жүйесін біршама сынаған болатын, әлі піспеген жүйе деп баға берген. Жақында сол депутатқа тақырыпты іштен білетін әрі қоғамның ойын жоғарыға жеткізетін халықтың өкілі ретінде ойын айтуды сұрағанбыз, әуелде келісіп, содан соң уақыты жоғын айтып кейінге шегере беріп, 1 апта созып жүріп, ақыр аяғы бұл тақырыпта пікір білдіруден бас тартты.

 

Сын мен шын

Кез келген салада реформа, жоба, өзгеріс алдын ала толық зерделеніп, ғылыми негізделсе ғана түпкі нәтиже­сінде жұмыс мінсіз болмаса да кем­шіліктері мен қателіктері өте аз болатыны белгілі. Жаңа жүйеге қатысты ғалымдар не дейді? Сұраққа жауап алу үшін осы тақырыпты жіті зерттеген білім беру құқығы саласындағы заңгер, заң ғылымдарының кандидаты, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің профессоры Айсин Сайкеннің сараптамасына зер салып, сөзіне құлақ түрдік. Ол ваучерлік қар­жыландыру жобасынан жемқорлық фактілерін анықтапты.

– 2025 жылғы қаңтарда Ақмола және Түркістан облыстары бойынша қазақстандық үздіксіз білім беру қа­уымдастығының филиалдары өз бастамасы бойынша Оқу-ағарту министрінің бұйрықтарына және ваучерлік қар­жыландыру бойынша қосылудың үлгілік шартына сыбайлас жемқорлыққа қар­сы талдау жүргізді, онда: 23 сыбайлас жемқорлық нормасы, заң техникасының 5 өрескел қателігі, балабақшаларға қай­шы келетін 15 жағдай анықталды. Мысалы, №53 бұйрық алгоритмінің 7-тар­мағы 2-тармақшасы мен №372 бұйрық алгоритмінің 47-тармағы 8-тар­мақ­шасында қосылу шартының үлгі нысанын Қаржы орталығы бекітеді. Ал шартта қанатқақты жобаға қатысу­шылардың төлемі мен өзара іс-қи­мылының егжей-тегжейлі талаптары көзделеді. Мұндай шартта миллиард­таған бюджет қаражатын игеру қарас­тырылатынын ескерген жөн. Алайда Оқу-ағарту министрлігі Қаржы орталығына әкімшілік рәсімдердің барысын дербес анықтауға, өзгертуге мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ Қаржы орталығының актілері, оның ішінде шарттың үлгілік нысанын бекіту туралы бұйрықтар сыбайлас жемқорлыққа қарсы міндетті ғылыми сараптамаға жатпайтынын қоса кету керек.

№53 бұйрық алгоритмінің 7-тармағы және №372 бұйрық алгоритмінің 47-тармағының 22-тармақшасы бо­йынша мектепке дейінгі ұйым тәрбие­ленушілерінің қатысу табелін ата-аналар және (немесе) заңды өкілдер айдың соңғы күнінен кешіктірмей толтыруға тиіс. Табель уақтылы толтырылмаған, келген күндерін растамаған жағдайда, оны ата-ана немесе заңды өкіл автоматты түрде растаған болып есептеледі. Мұн­дайда министрлік бастапқы мақса­тына қол жеткізе алмайды, яғни жоқ адам­дарға, келмеген балаларға да қаржы бөлген болып шығады. Artsport, Damu bala жобаларындағыдай өтірік қатысқандардың қатарын көбейтеді, – дейді заңгер.

А.Сайкеннің айтуынша, шартта Қаржы орталығы, білім бөлімі, мектепке дейінгі ұйым, тәрбиеленушінің ата-анасы және банк атынан 5 тарап келісімге отырады. Бірақ Қаржы орталығы өз атынан ғана емес, білім бөлімінің атынан да, есебінен де сөйлеуге құқық беріп қойған. Бұл Азаматтық кодекстің 163-бабының 3-тармағына қайшы келеді, оған сәйкес өкіл өзіне де, өзі бір мезгілде өкілі болып саналатын басқа адамға да өкілдік етушінің атынан мәмілелер ­жасай алмайды.

Шындығында, заңгер ғалымның зерттеуінен анықталған фактілер әлі де бар, біз ішінен іріктеп алдық. Спикеріміз осы фактілердің жазбаша толық нұсқа­сын Қаржы орталығына, Оқу-ағарту министрлігіне, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке жолданғанын айтты. Агенттік жауабында талдау жұмысына алғыс білдірген және қазіргі уақытта бұл салада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіліп жатқанын, осы фактілер уәкілетті мемлекеттік орган­дарға ұсынымдар беруде еске­рілетінін хабарлаған. Ал минист­рлік пен Қар­жы орталығы әр фактіге жеке-жеке жауап берген. Мысалы, Қаржы орта­лығының жауап хатында шартқа қа­тысты: «Білім беру саласындағы уәкі­летті орган операторының қосылу шартының нысанын айқындауы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 14 қаңтардағы №12 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысы қызметтерінің шарттарын жасасу қағидаларының 9-тармағы 3-тармақшасы шеңбе­рін­де қолданыстағы заңнаманың та­лаптарына толық сай келеді. Аталған бұй­­­рық Қазақстан Республикасының нор­мативтік құқықтық актілерін мем­лекеттік тіркеу тізілімінде 2022 жылғы 14 қаңтарда №26502 болып тіркелді, бұл оның Әділет министрлігі тарапынан заңнама талаптарына сәйкестігі тұрғысынан заң сараптамасын жүр­гізу туралы куәландырады», делінген. Осы мәселеге министрлік: «№53 және №372 бұйрықтар нормативтік актіге жатпайды, сондықтан оларға мұны әзірлеу, келісу және тіркеу тәртібі туралы заңнаманың талаптары қолданыл­майды. Сол сияқты, білім саласындағы операторға («Қаржы орталығы» АҚ) қосылу шартының нысанын айқындау құқығы берілді. Мұндай тәжірибе 2022 жылдан бастап жеке ұйымдарда орта білімге мемлекеттік тапсырысты орналастыру кезінде қолданылады. Бұл кезеңде заңнаманы бұзу немесе сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықтал­ған жоқ. Осылайша, оператордың қосылу шартының нысанын анықтауы ешқандай қауіп төндірмейді», деп ­жауап берген.

Ал табельге қатысты сынға министр­лік хатында: «№372 бұйрықтың 47-тар­ма­ғының 22-тармақшасына сәйкес ата-анаға дейін толтырылған мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілерінің қатысу табелінің деректерімен келіс­песе, растайтын құжаттарды (болған жағдайда) көрсетіп, себебін толтырады. Солай ашықтыққа қол жеткіземіз. Бұл ретте №372 бұйрықтың 51-тармағы­­­ның 3) тар­мақшасына сәйкес, онда қамтылған деректермен келіспеу себебінен оны растамаған жағдайларды қоспағанда, ата-ананың мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілеріне бару табелін екі рет (қатарынан екі ай) растамауы тиісті көрсетілетін қызметті алушыға қатысты ваучердің күшін жоюға негіз болатынын атап өткен жөн. Әрекетсіз ата-аналарды жобадан шығарып тастауға мүмкіндік береді, осылайша, келмеген балаларға қаржы бөлу қаупін минимумға дейін төмендетеді», делінген.

Қаржы орталығына білім бөлімінің атынан да, есебінен де сөйлеуге құқық беріп қойғаны туралы уәжге министрлік: «Білім саласындағы уәкілетті органның операторы мен білім беруді басқару органының арасында жазбаша тапсырма шарты болады, оны жасаса, соңғысы оператор бірыңғай сатып алу платформасында (бұрынғы «Мемлекеттік сатып алу веб-порталы) орналастырған қосылу шартына отырады. Осыған байланысты қолданыстағы заңнамаға қандай да бір қайшылықтар болмайды», деп жауап берген.

Сұрақ пен жауапты сараладық, сыны мен шыны қайсы? Мұны енді оқыр­манның өз еншісіне қалдырдық.