«Бейсенбі ме бүгін деп, Жұмаға қарай өткені-ай...» деген Абайдың өлең-жоқтауымен сөз бастаймыз деп кім ойлаған. Шынымен-ақ ниеті ақ, көңілі таза, ел дегенде емешегі үзіліп тұратын алып жүрек иесі, сыршыл ақын, халық жазушысы, драматург, сазгер Исраил Сапарбайдың жұмаға қараған түні дүние салғаны – қазақ руханиятының орны толмас өкініші. Осы жұмада ұлт өнерінің көгінен бір жұлдыз ағып түсті де, қалың елдің қабырғасы қайысып қала берді.
Өлең өлкесіне 1976 жылы «Аққу арманымен» келген лириктің шығармалары халықтың жүрегіне жақын-ды. Күллі қазақ даласы Исраилдай ақ жүрек ақынның сөзімен ән салып ұйықтап, ән салып оянатынын жоққа шығармайды ешкім
«Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деп басталар ән шумақтарының әрқайсысы санаға сәулесін түсіреді де тұрады. Жүректегі нәзік сезімдерді қозғай отыра, халқымыздың қыз балаға, әйел-анаға, ұрпаққа деген құрметі мен ізетін әйгілеген ақын лебізімен қанша ұрпақ тәрбиеленді екен. Қанша буын алмасып, дүние жас ұрпақпен жаңарған сайын ақын жүрегінен тамған кәусар махаббатпен сусындай берері де сөзсіз. «Жайымды айтсам жасырмай, Жағдайым менің осындай. Жаным-ау, менің мөлт еткен, Бір тамшы көздің жасындай» деп жырлап, онысы қалың қазақ арасына ән боп тарағалы неше жыл өтті екен? Кешегі жұма күні осындай нәзік жүрек иесінің бұл дүниелік ғұмыры халқының көзінен мөлт еткен жасқа айналып шыға келді. Ол өмір бойы сағыныш пен іңкәрлікті, ұлтының мейірбан көңілі мен пейілін ақ ниетімен жырлап өтті. Бозбаланың сезімін, бойжеткеннің таңдай нұрлы сипатын, келіншектің ақ ұлпа көңілін, әкелердің жорығын, аналардың өмірін, ата-әжелердің мейірін жырлай-жырлай өзі де ұлтының ізгілігіне, кіршіксіз аппақ сезімдеріне айналып кетті. «Айдынға аққу-қаз оралды – сағындым сені, Жайнады дүние, жаңарды – сағындым сені. Жаз өтті, жапырақ тоналды – сағындым сені, Ақ қайың ақ мамық оранды – сағындым сені» деп жырлаған сезімшіл, сыршыл ақын енді өзі де мәңгі сағыныш. Туған елінің аяулы сағынышы болып жүректен мәңгі өшпес ақ ұлпа сезімдердің сырын шертіп қала бермек. Тіпті Исраил жырларын арнайы жаттап та керегі жоқ, өлеңдері ән боп шертіліп жүрекке орнығып алатын нағыз ақынын халқы ешқашан ұмытпасы анық. Ондай болған соң, «Парасат» орденінің иегері деп атақ-даңқын тізіп қажет емес. Ең бастысы, ол ұлтының жүрегінде ән салған ақын ретінде мәңгі жасары сөзсіз.
«Аққу арман», «Раушан ғұмыр», «Бозқараған», «Қызыл-жасыл дүние», «Жүрегіме ұя салған қарлығаш», «Қызыл жел», «Ғашықтың тілі», «Бармақтай бақ», «Махаббат пен ғадауат», «Дала», «Түнгі әуендер», «Балауыз шам», «Бір тамшы көздің жасындай», «Ой тұмар», т.б. жыр кітаптары һәм драмалық шығармаларымен ақын жүрегін жұртына жая береді.
«Өлең – менің өзегіме тамған у,
Шабыттану, жанып-тоңу,
таңдану!
Ал өңгесі – жамау-жасқау,
жан бағу,
Одан қалса, Ахиретке қамдану...» деген ақынның отбасы мен туған-туыстарына, қара жамылған халқына қайғыра көңіл айтамыз!
«Қазақ газеттері» серіктестігі
Жан аға...
Жұманың ала таңынан суық хабар жетті...
Таңғы сағат төрт шамасында 85 жасына қараған шағында Халық жазушысы, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, аса көрнекті ұлт ақыны, белгілі драматург, талантты сазгер Исраил Сапарбай ағамыз дүниеден өтті. Иә, сағат тілі қасиетті жұмаға қарай ауғанда ақынның соңғы демі үзілді.
Ұлы ақынның Қаскелеңдегі қара шаңырағында, бала-шағасының алдында ауыр науқастан қайтқаны туралы хабарды перзенті Нұрлан Исраилұлы бауырым хабарлады.
Биыл қазақ әдебиетінің алыптары, кезінде інілері болып соңынан ерген асыл ағаларым – Дулат Исабеков, Темірхан Медетбек, енді, міне, Исраил Сапарбай бірінен соң бірі өмірден өткені жанымызға қатты батып, жүрегімізді ауыртты... Сол Кеңсайға, алыптардың қасына енді Исраил ағам да кетіп бара жатыр.
Ағамыз қатты ауырып жатқанда Жазушылар одағының төрағасымен бірге ауруханаға барып, үнемі хабар алып тұрдық. Соңғы барғанымызда күбірлеп, ақырын өз өлеңін оқып жатты...
Аса көрнекті лирик ақын Исраил Сапарбайдың артында қаншама әндері, лағылдай, мөлдіреген жақұттай поэзиясы, мәңгі өлмес сырлы, мұңлы жырлары қалды. Жазған пьесалары М.Әуезов театрынан бастап еліміздің бірнеше театрында сахналанып, отты жырлары өз оқырмандарын тауып, әсем әндері миллиондардың жүрегіне жетіп, қазақ аспанында қалықтап тұр.
Жаныңыз жәннатта болсын, асыл аға, жан аға, Исраил көкем менің...
Қасымхан БЕГМАНОВ,
ақын, Жазушылар одағы төрағасының орынбасары
Ақ шашты сәби
«Ақ шашты сәби» аспанға аттанды. Оның тазалығы, адамшылығы, бауырмалдығы бәрімізді тәнті ететін.
Ақын өздігінен сөнбейді екен. Оның уақыты бітеді. Ақын құмсағат секілді. Сағат кенет тоқтап қалуға болады... Ал сөйтті екен деп уақытты тоқтату қолдан келмесе керек. Уақыт ешқайда кетпейді. Ол ақынның рухынан басқаның бәрін жалмайды. Мінеки, мазмұны осыны меңзейді. Ақын – уақыт. Қайта қайталанады.
Исраил ағаның да мөрдей апокалипсисі (apokalypto) шынжырдың ең соңғы шығырық кілтіндей – «Тіксіну» деген өлеңі бар. Тіптен кертолғау сынды есе мұңлы. Айдан тамған сүт секілді һәм бозбота жырлар.
«Қараңдап көлеңкесі қақ түбінде, Қара бұлт Айдың бетін жапты мүлде. Аспаннан ауып келген әлдекімдей, Ұл-қызым шүлдірлейді жат тілінде».
Қалтыраған саусақтарымен ұшы өртенген қаламұшын ұстап тұрып, көңілінің кірін мінеки еңірете жуады... Осылай жалқы күй кешу!
Ақын – ақсақ аяқ пен ақсақ таяқтың қимылын қайталап жүретін шымқай мұндар жануар. Ол өмірінде бір-ақ рет өмірге келеді, мың жыл өмір сүреді. Бір кездегі шайырлардай тағдырдың қарсы алдына біткен тәңіри уақабын жайып тастай да алады. Ақынның өзі – сұрау белгісі. Оның жауабын болашағы ғана беретіні болмаса! Ақынды бөгеу – үннің өлуі.
Ақындардың дені өмір сүрген кезінде шамшырақ секілді көбіне сөндіріледі. Ауылда бұрын ұзын майшамдал жағушы еді. Білтесі ұзарған сайын жарығы жартастағы бітіктің өшкін бәдізіндей күңгірттене беретін. Кейде кәдімгі шалқып, көз жасын төгіп сора-сора жылап жанып тұрар-ды. Ақын сол майшам секілді. Исраил ағаны ұлы поэзияның тірілу жолында жанды еңбектеніп жүрген, сәл ғана сағаттың көлеңкесінде қалдырылған жалқы ақындардың бірі деп ойлаймын. Әсіресе ақынның – «Махаббат пен ғадауат» поэтикалық драмасы – батыста болса, театралдық musical есебінде де қабылданар еді!
Ақынның отбасына, қазақ еліне көңіл айтамын.
Сұраған РАХМЕТҰЛЫ,
ақын