• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Шілде, 2025

Көліксіз күйге көндігу

70 рет
көрсетілді

Алматылық Сұлтан Елемесов 15 жылдан бері көліктен саналы түрде бас тартқан. Қала тірлігінде жеке көліксіз жүру көпшілікке жат көрінгенмен, ол бұл шешімінің шапағатын аз уақытта таныпты.

Оның пайымынша, темір тұлпарға қаржы шашқанша, сол қаражатты дұрыс бағытқа бұрған жөн. Босқа кететін шығынның орнын депозитпен, жылжымайтын мүлікпен толтыру керек деген көзқараста.

Сұлтан Елемесов – білікті аудитор, кәсіби бухгалтер, қаржы саласында он бес жылдан аса тер төгіп жүрген азамат. Бірқатар екінші деңгейлі банк пен олардың еншілес компаниясында қызмет істеген. Өз тәжірибесі туралы айтарда ол көпшілік жиі мінетін «Hyundai Tucson» моделін мысал етеді. Бағасын, амортизациясын, техникалық қызметін, сақтандыруын түгел саралап, есеп жүргізген. Көлікке құйылатын қаржы мен сол қаржыны депозитке салып, такси мен қоғамдық көлікті қатар қолданудың тиімділігін таразылайды. Елемесов жүргізген есепке сүйенсек, көлік иелену мен одан бас тартып, ақшаны тиімді инвестициялау арасында айтарлықтай айырма бар.

– Егер көлікті несиеге алсақ, алғашқы жылы кемінде 6 млн теңге кетеді: 1,7 млн теңге – бастапқы жарна, 3 млн теңгеге жуық – несие төлемі және қосымша шығындарға (техқызмет, жанармай, тұрақ) 1,3 млн теңге жұмсалады. Келесі жылдары бұл сома жылына 4,5 млн теңге деңгейінде сақталады. Ал көлікті сатып алып, ұстау шығынын тікелей есептесек, көлік құны – 17 млн теңге, қызмет ету мерзімі 20 жыл деп алайық. Осы негізде амортизация жылына 850 мың теңгені құрайды. Жылдық басқа шығындарға техникалық қызмет (120 мың теңге), жанармай (400 мың теңге), сақтандыру мен салық (250 мың теңге), автотұрақ  (250 мың теңге), шина, жуу, ұсақ жөндеу (150 мың теңге) кіреді. Барлық шығын жылына шамамен 2 млн-нан асады. Яғни айына – 168 мың теңге. Бұған қоса, автонесие алған жағдайда төленетін пайыздар мен уақыт, күйзеліс, күтпеген жағдайларды да есепке ала беріңіз, – дейді ол.

Оның айтуынша, көлік алатын ақшаңыз болса, мәселен, 17 млн теңгені депозитке салып қойсаңыз, жыл соңында 3 млн-ға жуық табыс табасыз.

– Мысалы, мен такси қызметі мен қоғамдық көліктерді пайдаланамын. Сіз көлік сатып алмаған жағдайда тек материалдық емес, моральдық та жеңілдік аласыз: кептеліс, жөндеу, айыппұл, салық сынды әуре-сарсаңнан босайсыз. Тіпті белсенді қозғалыс кезінде де шығын жылына 1,15 млн теңгеден аспайды, ал көлік ұстау шығыны бұдан 3 есе жоғары. Егер көлік алатын ақшаңызды 15,5% мөлшерлемемен депозитке салып, сол ақшаға такси мен автобус үйлестіріп жүрсеңіз, бұл қаржылық тұрғыдан әлдеқайда ұтымды, – дейді қаржыгер.