Қазір Астанада қымыз фестивалі өтіп жатыр. Гастрофестивальге ел өңірлерінен 30 тоннаға жуық қымыз әкелінді. Екі күн ішінде халық пен әділқазы алқасы үздік қымызды анықтайды, деп жазады Egemen.kz.
— Бүгінгі фестиваль аясында қымыз рекордын жаңартып отырмыз, осы жерге бүкіл ел аумағынан 30 тоннаға жуық қымыз әкелінді, — деді «BaiQymyz» ұлттық тағамдар гастрофестивалі идеясының авторы, ұйымдастырушы Жұмажан Қалтаев.
Оның айтуынша, фестивальде үздік қымыз төрт әдіспен таңдалады.
— Алдымен кез келген адам қымыздың дәмін көріп, ұнаған қымызға QR код арқылы дауыс бере алады. Екінші әдіс үздік қымызды әділқазылар алқасы бағалайды. Үшіншіден, қымыз өндіруші өз өнімін таныстырады, яғни презентация жасайды. Төртінші әдіс қымызға лабораториялық тұрғыдан зерттеліп, баға беріледі, — дейді ол.
Сондай-ақ ұйымдастырушы қымыз фестивалін өткізуді дәстүрге айналдыру жоспары барын айтты.
— Қымыз фестивалі — ішкі және сыртқы туризмді дамытуға ықпал етеді деген үміттеміз, біз сол мақсатты көздеп отырмыз, — деп түсіндірді Жұмажан Қалтаев.