• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Денсаулық Бүгін, 17:48

Киік еті қауіпсіз: барлық кезеңде жіті тексеріледі

20 рет
көрсетілді

Киіктердің санын реттеу жұмыстарын «Охотзоопром» РМК қызметкерлері жүзеге асырады. Киіктің сойылған ұшалары рефрижераторларға салынып, сою пункттеріне жеткізіледі, деп жазады Egemen.kz.

Жануарлардың аса қауіпті ауруларын (ұсақ күйіс қайыратын жануарлардың обасы, аусыл, бруцеллез, пастереллез, сібір жарасы және тағы басқа) болдырмау мақсатында киіктердің бүкіл популяциясына Ұлттық ветеринария референттік орталығы тұрақты түрде эпизоотиялық мониторинг жүргізеді.

Сонымен қатар, киіктермен ортақ жайылымдар мен суаттарда ауыл шаруашылығы жануарларына да ветеринариялық қызмет тұрақты түрде мониторингтік зерттеулер жүргізіп отырады.

Айта кету керек, киіктерді сою және биологиялық қалдықтарды залалсыздандыру бойынша тиісті нормативтер қабылданған. 2023 жылғы 27 қарашада ҚР СТ «Киік еті бұқтырылған. Техникалық шарттар» және ҚР СТ «киік еті – тұтас және жартылай ұшалар. Жалпы техникалық шарттар» ұлттық стандарттары бекітілген.

Қазіргі уақытта киіктердің санын реттеу жұмыстарына 6 облыстағы 24 сою пункті жұмылдырылған. Барлық сою объектілері ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай (мал союға арналған арнайы бөлмелер, тоңазытқыш камералар, ұшаларды ілуге арналған құралдар, сумен жабдықтау және т.б.).

Ұшалар сою орындарына жеткізілген соң, олар ветеринариялық дәрігерлердің бақылауынан өтіп, ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өткізіледі.

Бұл ретте, киік етіне міндетті зерттеулер жүргізіледі, олар:

•Ұшаның, ішкі ағзалардың және басының органолептикалық қарауы;

•Барлық қолжетімді лимфа түйіндерін жарып, ішкі ағзаларды тіліп тексеру;

•Қайнату сынамасы;

•Финнозға (цистицеркоз) зерттеу;

•Жалпы радиациялық фонды анықтау.

Ұшаның ветеринариялық талаптарға сәйкестігі анықталған жағдайда, ет әрі қарай бөлшектеліп, өңделеді, ал қалдықтар залалсыздандырылады.

Киіктен алынған өнім ветеринариялық дәрігерлер берген анықтамамен сүйемелденеді. Бұл құжат өнімнің шыққан жерін, қауіпсіздігін және сапасын растайды.

Өткізілетін жануарлардан алынатын өнімдер ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік талаптарына сай болуы қажет.

Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңының 22-бабына сәйкес, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты ветеринариялық-санитариялық сараптамасыз өткізуге тыйым салынады.

Сонымен қатар, ішкі сауда нысандарында ветеринариялық инспекторлар күнделікті бақылау жүргізеді. Олар:

•Ветеринариялық анықтаманың және сою орнының таңбасының болуын;

•Өнімді тасымалдау кезінде температуралық режимнің сақталуын;

•Зертханалық бақылау нәтижелерін тексереді.

Осыған байланысты, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті тұтынушыларға киік етін арнайы белгіленген орындардан және ветеринариялық ілеспе құжаттар болған жағдайда ғана, тамақтану және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес сатып алуды ұсынады.