• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Шымкент Кеше

Байыпты бастамалармен танысты

20 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаты Данабек Исабек Шымкент қаласына арнайы іссапармен келіп, «Amanat» партияның сайлауалды бағдарламасы аясында іске асып жатқан жобалармен танысып, қала тұрғындарымен кездесті. Депутат алдымен Асар шағын ауданында орналасқан балалар ауруханасына барды. Аурухананың бас дәрігері Динара Жұмаділова емдеу мекемесінің қазіргі жағдайы жөнінде баяндап берді.

Айтуынша, 2014 жылы пайда­лануға берілген мекеме 295 орынға арналған және 18 жасқа дейінгі балаларға хирургиялық және сома­тикалық бағыттар бойынша шұғыл әрі жос­парлы көмек көрсетеді. Соны­мен қатар мұнда штаттық кестеге сай мың­нан аса қызметкер еңбек етеді. Ауру­хана қазіргі заманғы медициналық құрал-жабдық­тармен толық қамтамасыз етілген.

«Денсаулық сақтау – мемлекеттің бас­ты басымдығы. Сол үшін де сіздердің еңбектеріңіз елеулі. Қоғамда дені сау ұрпақ өсіру үшін бар күш-жігерімізді салуымыз керек», деді Данабек Исабек.

Дәрігерлер өз кезегінде ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, өзекті мәселелерді жеткізді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы медицина қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз ету мәселесін көтеріп, қалада жүрек-қан тамыр­лары аурулары мен қант диабе­тінің кең таралғанын айтып, бұл бағытта мемлекеттік деңгейде арнайы бағдарлама қабыл­дануы қажеттігін еске салды. «Бүгін­де созылмалы аурулар жасарып келеді. Әсіресе қант диабеті мен жүрек аурулары­на шалдыққандар көбейіп отыр. Бұған қар­сы профилактикалық шараларды кеңей­туі­міз керек», деді медицина мамандары.

Депутат мәселенің өзектілігін айтып, дәрігерлер дабылы орынды екенін жеткізді. Сондықтан бұл бағытта тиісті шаралар қабылдану керектігін атап өтті. Осыған орай Парламентте денсаулыққа қатысты мәселе көтеріп, саланы жақсартуға арналған кешенді жоспарлар қабылдануына ықпал ететінін мәлімдеді.

Сапар барысында Д.Исабек тағы бір­неше әлеуметтік нысанды аралап, тұрғын­дар­мен кездесті. Соның ішінде Асар шағын ауданының ауыл билерімен және ақса­қал­дарымен жүздесті. Ел ағалары депутаттың жұмысына оң бағасын беріп, заң шығарушы орган жұмысын БАҚ пен әлеуметтік желі арқылы біліп отырмыз деді. Асарда инфрақұрылым мәселесінің шешімін тауып жатқанына қуанышты екендерін білдірді. Алайда мектеп пен мәдениет үйі сияқты әлеуметтік нысандардың қажет болып тұрғанын жеткізді. Д.Исабек бұл өтінішті назарға алып, оның орындалуына күш салатынын айтты.

Бұдан кейін депутат Бозарық шағын ауданында болып, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты. Аталған аумақта бүгінде 5-9 қабатты оннан астам тұрғын үй салынып жатыр. Осыған байланысты биыл мегаполисте 1 млн 370 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Депутат тұрғын үй құрылысындағы бастамаларға көңілі толатынын және қала құрылысын жандандыра беру қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар Ө.Жолдасбеков атын­дағы №9 ІТ лицейінде болып, білім орда­­сында жүргізіліп жатқан күрделі жөн­деу жұмыстарымен танысты. 90 жыл­дық тарихы бар лицейде көптен бері күр­делі жөндеу жұмыстары жүргізіл­меген еді. Үш ғимараттан тұратын, мыңнан астам студент оқитын арнаулы білім ұя­сында құрылыс жұмыстары биыл сәуір­де басталған. Мердігер мекеме өкіл­дері құрылыс кестеге сәйкес жүргізіліп жат­қанын, барлық жұмыс жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталады деп сен­дірді. «Жұмысты тез бітіруді ғана ойла­май, сапаға да ерекше мән берген жөн. Бұл нысан партияның сайлауалды бағ­дар­­­ламасына енген. Сондықтан бар­лық жұмыс партия тарапынан ерекше бақы­­лауда екенін айтқым келеді», деді Д.Иса­бек.

Сонымен бірге Д.Исабек қаладағы тағы бір №7 ІТ мектеп-лицейінің жай-күйімен танысып қайтты. 1963 жылы пайдалануға берілген 1 200 орындық бұл мектеп қаладағы көне білім мекемелерінің бірі боп саналады. Соңғы рет 2014 жылы күрделі жөндеуден өткен екен. Сол себепті, білім ұясының терезе, есік, шатыры жаңартылғанымен, бәрібір ғимараттың өзі қайта жөндеуді қажет етеді. Мәселен, ғимараттардың бір-бірімен жалғанған тұстары ажырай бастаған, аула қоршауы мен спорт алаңы да ескірген. Мемлекеттік сараптаманың оң қоры­тындысы шықпауына байланысты жөндеу жұмыстары әлі басталмаған. Д.Исабек бұл мәселені назарда ұстап, тиісті сала мамандарымен бірлесіп шешу жол­дарын қарастыратынын мәлімдеді. Айта кету керек, депутат бұған дейінгі сапарында да аталған мектептің тозғанын айтып, күрделі жөндеу мәселесін көтерген болатын.

Депутаттың жұмыс сапары «Құқық­тық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаумен жалғасты. Іс-шараға «Amanat» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасарлары Бекайдар Төлегенов пен Ербол Байқонысов, қала әкімдігінің басқарма өкілдері, аудан әкімдіктері мен құқық қор­ғау органдарының қызметкерлері қа­тысты. Бұл күні 20-дан астам азамат де­пу­таттың қабылдауында болды. Тұр­ғын­дар инфрақұрылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету, құқық қорғау және жер мәселелеріне қатысты сұрақ­тарға жауап алу үшін келді. Әсіресе бала­лары сотталып кеткен ата-аналардың жанай­­қайы жұрттың құлағын елең еткізді. Олар­­дың айтуынша, балалары есірткі тасы­мал­дау ісімен айналысқаны үшін ұзақ мер­зімге бас бостандығынан айырылған. Сон­дықтан Рақымшылық туралы заң аясында кешірім берілсін деген өтінішпен келіпті.

«Менің ұлым есірткі қылмысымен 17 жылға сотталып кетті. Заңға қайшы әрекетке барғанын мойындаймын, бірақ ол мұны білместікпен жасап қойды. Сондықтан мемлекеттен рақымшылық беруін сұраймын» деді ата-ананың бірі. Депутат сот шешіміне араласуға болмайтынын ескертті, дегенмен мәселені заң шеңберінде қарастырып көруге уәде берді.

«Заңды білмеу жауапкершіліктен босат­п­айды. Оны барлығымыз жақсы білсек керек. Сот шешіміне ешкімнің арала­суға құқы жоқ. Дей тұрғанмен, Рақым­шылық туралы заңда нақты тәртіп пен талап­тар бар, алдымен соны ескеріп көру қажет», деді.

Мәжіліс депутатының сапары Шым­кент қаласындағы «Ізетті зейнеткер» мекемесінде жалғасын тапты. Аталған орталық «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында құрылған болатын. 2023 жылдың 1 қараша­сынан бас­тап жұмысын бастаған мекеме – зейнет жасындағы азаматтарға қысқа мерзімде демалу мен ем алу мүмкіндігін сыйлайтын бірегей кешен. Алғашында 70 орынға есептелген бұл орталық бүгінде тиісті басқарманың жолдамасымен бір мезетте 120 зейнеткерді қабылдай алады. Мекеме ғимаратының жалпы аумағы 4 000 шаршы метрге жуық. Демалушылар үшін таза ауада серуендеуге арналған аула, жасыл алаңдар, орындықтар, су бұрқақтар мен шағын саябақ қарастырылған. Мұндай мүмкіндіктер қариялардың тынығуына, психологиялық демалуына қолайлы жағдай туғызады.

Орталықта демалушылар медици­налық және әлеуметтік қызметпен толық қамтылған. Әр зейнеткер дәрігер қабыл­дауында болып, денсаулығына қарай арнайы емдік шаралардан өтеді. Қызмет түрлерінің ішіне физиотерапия, сумен емдеу, электромагнитті терапия, дәрілік шөп тұнбаларымен емдеу, саламатты өмір салтын ұстануға арналған таңғы емдік жаттығулар, арнайы тренажер залдары мен тұзды шахта секілді емдік шаралар кіреді. Депутат сауықтыру кешенінің жұмысымен жан-жақты танысып, қыз­мет сапасын бағалады. Қариялармен кездесіп, хал-жағдайын сұрап, орталықтың «Amanat» партиясының сайлауалды бағ­дар­­ламасында көзделген маңызды әлеу­меттік жобалардың бірі екенін атап өтті.

«Сауықтыру кешені қарттарымыздың саламатты ғұмыр кешуіне ықпал ететін ма­ңызды орталық. Көріп отырғандай бұл жерде қарияларға жан-жақты жағдай жасалған. Мұндай үлгілі орталықтар еліміздің басқа өңірлеріне де керек екен», деді депутат.

«Ізетті зейнеткер» орталығына жолдама алу тәсілі толық цифрландырылған. Зейнет­керлер geo-shym.kz порталы арқылы элек­трон­дық цифрлық қолтаң­ба­мен тіркеліп, онлайн өтінім бере алады. Өтініш бергеннен кейін кезек ретін де элек­тронды жүйе арқылы бақылауға мүмкіндік бар.