• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Digital Бүгін, 09:40

Математика майталмандары бас қосты

40 рет
көрсетілді

Nazarbayev University-де халықаралық деңгейдегі маңызды оқиға — Тал­дау, қолданбалар және есептеулер­ жө­ніндегі халықаралық конгресс (ISAAC-2025) өтіп жатыр. Аталған іс-шара Орталық Азияда бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл — әлемнің түкпір-түкпірінен математиктерді жинайтын ең ірі ғылыми басқосулардың бірі және Қазақстанның ғылыми бе­делін жаһандық деңгейде көтеруге ық­пал ететін айтулы жиын.

Конгресс бірнеше жылда бір рет Халық­аралық талдау, оның қолданбалары мен есептеу қоғамының (ISAAC) бастамасымен өт­кізіліп, әлемнің жетекші ғалымдарын бір алаңға жинайды. Бұған дейінгі конгрес­тер АҚШ, Жапония, Германия, Канада, Ұлы­британия сынды елдерде өткен.

Өткен жылы Президент жанындағы Ұлттық ғылым және технология кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасампаздық, жаңашылдық, білімпаздық және ғылымға құштарлық — нағыз озық елге керек басты қасиеттер. Біз тұтас қоғам болып ғылымды жан-жақты насихаттауға күш салуы­­мыз керек. Ғылымға қызығушылықты мек­теп­тен бастап оятқан жөн. Тұтас қоғам болып ғылым-білімді дәріптеуіміз керек», деген еді. Қазақстанда ISAAC сияқты ауқымды іс-шара­­лардың өткізілуі — еліміздегі ғылымның ілгері­­леп келе жатқанын ғана емес, оның халық­ара­лық деңгейде мойындалып жатқанын білдіреді.

Nazarbayev University президенті, профессор Вакар Ахмад ISAAC-тың еліміздің ғылыми әлеуетін дамытудағы маңызын атап өтті.

«ISAAC конгресінің Nazarbayev University-де өтуі — тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы ғылыми қауымдастық үшін маңызды оқиға. Бұл конгресс — мате­матикалық талдау саласындағы беделді халық­аралық алаңдардың бірі, бүгін ол әлем­нің 70 елінен келген таңдаулы ғалымдар мен зерттеушілерді біріктіріп отыр. Оның Аста­нада өтуі — Қазақстанның академиялық және ғылыми әріптестік орталығы ретінде бе­делінің артып келе жатқанының дә­лелі. Конгрестің Орталық Азияда алғаш рет біздің алаңда өтіп жатқанына қуа­ныштымыз. Бұл — университетіміздің жаһандық ғылыми диа­логтің бір бөлшегіне ай­налып, халықаралық деңгейде ғылымның, білім мен инновацияның дамуына үлес қосып жатқанының айғағы», деді Вакар Ахмад.

Бұл айтулы іс-шараның алғаш рет ­Ор­талық Азияда, соның ішінде Қазақстанда өтуі – еліміздің математика мектебінің жо­ға­ры деңгейде және халықаралық ортада мойын­далатынының бірден-бір дәлелі.

15-Конгрестің төрағасы болып танымал қазақстандық ғалым, NU профессоры Сұраған Дөрбетхан сайланды.

«Мұндай ауқымды іс-шараның Қазақстанда, нақтырақ айтсақ, Орталық Азиядағы жетекші зерттеу университеті — Nazarbayev University-де өтуі отандық ғылымның беделін арттыруға тікелей ықпал етеді. Иә, конгрестің өзегі — математика, алайда қазіргі ғылым межелі түрде пәнаралық сипатқа ие. Сондықтан талқыланатын тақырыптар тек теориялық емес, қаржы математикасы, жасанды интел­лект, биология сияқты 20-дан астам түрлі ғылыми бағытты қамтиды. Бұл — қазақ­стан­дық зерттеушілер үшін әлемнің үздік ға­лымдарымен кәсіби байланыс орнатуға берілген бірегей мүмкіндік», деді танымал математик Сұраған Дөрбетхан.

Конгреске әлемнің түкпір-түкпірінен 700-ден астам ғалым келді. Олардың қатарында математикалық Нобельге баланатын марапат — Филдс медалінің иегері швейцариялық Мартин Хайрер (Martin Hairer, Швейцария), жасанды интеллект саласындағы беделді сарапшы Карола-Бибиан Шенлиб (Carola Bibiane Schönlieb, University of Cambridge, Ұлыбритания), әлемге танымал математиктер Надер Масмуди (Nader Masmoudi, Courant Institute of Mathematical Sciences, New York University, БАӘ), Алексей Майлыбаев (IMPA), Бразилия) және т.б. бар.

Мартин Хайрер конгресс талдау саласына арналған ең ауқымды жиындардың бірі екенін атап өтті. Бұл — айналамыздағы әлемді сипаттайтын теңдеулерді зерттейтін математика бөлімі. ChatGPT секілді жасанды интеллект құралдарының бұрыннан шешілмей келе жатқан есептерді шешуге көмектесе ала ма деген сұраққа ол мынадай пікір білдір­ді: «Жасанды интеллект бұл күрделі мәселе­лер­­ді шеше ала ма — әзірге белгісіз. Мен осындай құралдарды қолданып көрдім, бірақ олар мені таңғалдырмады. Шынында, бұл жүйелер жаңа идеялар ұсына алмайды. Ал ұзақ уақыт ше­шілмей келе жатқан күрделі есептерді шешу үшін бізге мүлде тың көзқарас қажет. Қазіргі модельдер бар ақпаратты өңдей алады, бірақ жаңасын жасамайды. Бізге дәл осы жаңа идея­лар керек», дейді ол.

Конгресс аясында әлемнің түкпір-түкпірі­нен 100 жас ғалым шақырылды, олардың үштен бірі — қазақстандықтар. Көптеген жас зерттеушіге жаңа құрылған Қ.Сәтбаев атындағы гранттың арқасында қолдау көр­сетілді. Бұл бастама жас ғалымдарды қолдауға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

«Бұл жерде осыншама жас әрі жаңа тұлғаларды көргеніме қуаныштымын. Әр­кім осы мүмкіндікті жаңа достар мен ғы­лыми серіктестер табуға пайдаланады деп үміттенемін. Айта кетейін, ISAAC конференциялары аясында екі дәстүрлі сыйлық табыс­талады. Біріншісі — үздік жас математиктерге берілетін беделді ISAAC Award. Биылғы лауреат — Италиядан келген Elia Bruè. Екінші марапат — President’s Award for Young ISAACs, ол қоғамдастықтың белсенді мүшелеріне беріледі. Бұл сыйлыққа Бельгия өкілі Duvan Cardona ие болды», деді ISAAC президенті Уве Келер (Uwe Kähler).

Апта бойы әлемнің жетекші математиктері NU алаңында математика және оған іргелес салалардағы соңғы жаңалықтарды, жаңа әдіс-тәсілдерді талқылайды. Іс-шараға Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен «NU Impact Foundation» әлеуметтік даму қоры қолдау көрсетіп отыр.

 

Мира Аблаева