Жасанды зерденің өмірімізге жаппай енуі – технология дамуындағы тағы бір қадам ғана емес, еңбек нарығындағы жаңа дәуір. Қазір автоматтандыруға бейім кәсіптер тізімі күткендегімізден де жылдам кеңейіп барады. Көптеген сала жаңа келбетке ие болып жатқанда адам үшін ең оңтайлысы – машиналармен өзара әрекеттесіп, олардың мүмкіндіктерін өз дағдыларымен толықтыру болмақ.
Күні кеше әртүрлі талдау агенттігі әлемдегі барлық жұмыс орнының 40 пайызы автоматтандыру мен жасанды зерденің ықпалында болатынын болжады. Оның қатарында жұмыс орындарының көптігі ескерілген дамыған елдерде бұл деңгей 60 пайызға жетіп, табысы төмен және аграрлық секторы басым дамушы мемлекеттерде автоматтандыру жұмыс орындарының шамамен 26 пайызына әсер етеді делінген. Бірақ қазіргі генеративті нейрожелілерге негізделген жаңа құралдардың қуаты бұл бағалауға өз түзетуін енгізіп үлгерді. Бұрынғыдай адамның қатысуын қажет етпей, жылыстап ЖИ-дің еншісіне өткен функциялардың қатары толығып келеді.
Күнделікті қайталанатын немесе оңай рәсімделетін жұмыстардың едәуір бөлігін ЖИ еш бөгеліссіз атқарады. Әрине, бұл бізді технологиялық жұмыссыздық пен құлдырау күтіп тұр дегенді білдірмейді. Бұрынғы технологиялық төңкерістер де (мысалы, ауыл шаруашылығын механикаландырудан бастап кеңселерді компьютерлендіруге дейін) кейбір жұмыс орындарының жоғалуына және басқаларының құрылуына әкелгені белгілі. Десек те ЖИ жағдайындағы өзгерістердің ауқымы мен жылдамдығы бұрын-соңды болмаған.
Жыл сайын жұмысты айтарлықтай оңтайландыратын, қызметкерлерді күнделікті тапсырмалардан босатып, одан да маңызды және шығармашылық жобаларға назар аударуына мүмкіндік беретін жаңа құралдар пайда болып жатыр. Алайда айқын артықшылықтарға қарамастан, бұл өзгерістердің белгілі бір тәуекелдері бар. Көптеген кәсіп қазірдің өзінде келмеске кетсе, кейбіреулерімен алдағы онжылдықтарда қош айтысуымыз мүмкін. ЖИ құралдарының дамуы байланыс орталықтары операторларының, кассирлердің, жүргізушілердің және басқа да мамандардың санының азаюына әкелген үрдіс бірнеше жылдан бері байқалып келеді. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) соңғы мәліметтеріне қарағанда, адамды жұмыстан босататын мамандықтар қатары анағұрлым көп. Чат-боттар қазірдің өзінде «суық қоңыраулар» шалып, сөйлеуді бейімдеу үшін клиенттің дауыстық реакциясын тани алады. Үзіліссіз, тәулік бойы жұмыс істеу оларды тірі операторлармен салыстырғанда тиімдірек етеді. Демек телемаркетологтер үшін тәуекел іс жүзінде ең жоғары. Ал көптеген компания байланыс орталықтарын толығымен автоматтандырылған шешімдерге ауыстырады. Дауыстағы эмоцияларды тануды және оңтайландырылған қарым-қатынас сценарийлерін ұсынуды меңгерген дауыстық боттар мен нейрожелілер әлдеқашан тірі байланыс операторларының орнын басқан. Алайда бүгінде күрделі интеллектуалды қызметпен байланысты мамандықтарға да қауіп төніп тұр.
Мысалы, бухгалтерлер мен аудиторлардың кешенді талдауы мен шешім қабылдауында адам факторы әлі де маңызды, бірақ қолмен жұмыс істеу көлемі айтарлықтай азайған. Бухгалтерлік есеп пен салықтық есеп айырысу үдерісін автоматтандыру бухгалтерлер мен салық кеңесшілеріне сұранысты айтарлықтай төмендетіп отыр. Клерк, кеңсе қызметкерлері, бухгалтерлердің көмекшілері негізінен құжаттармен, мәліметтер базасымен және қаржылық есептеумен жұмыс істейді. Алгоритмдер мен мамандандырылған бағдарламалар деректерді енгізуді, файлдарды сұрыптауды және тіпті адамның ең аз қатысуымен соңғы есептілікті қалыптастыруды автоматтандыруға қабілетті.
ЖИ бүгінде қысқа мәтіндерді, өнім сипаттамаларын, жаңалықтарды, тіпті ғылыми шолуларды ойдағыдай жазып шығады. Егер интернет-дүкен үшін бірдей сипаттамалар сияқты күнделікті мазмұн туралы айтсақ, ЖИ оны тезірек және арзанырақ етеді. Ал копирайтердің сұранысқа ие болуы үшін шығармашылық тұрғыда ізденуіне тура келеді. Сол секілді онлайн-банкинг, электронды аударымдар, мобильді қосымшалар және финтех-сервистер дәстүрлі банк бөлімшелеріне деген қажеттілікті азайта отырып, жетекші орынға ие болды. Бұрын кассирлер жасаған көптеген операция енді қосымша мүмкіндіктері бар қолданбалар мен банкоматтар арқылы оңай орындалады. Пошта саласында да адамның еңбегіне сұраныс жыл санап қысқарып келеді. Электрондық хаттар мен мессенджерлердің таралуы қағаз поштаның көлемін азайтады, ал сәлемдемелерді тез жеткізу үшін дрондар мен логистикалық роботтар көбірек қолданылады. Фармацевтерге келсек, ЖИ науқастың медициналық деректерін талдап, дәрі-дәрмек бойынша нақты ұсыныстар беруді де меңгеріп алған. Дәріхана бизнесінде көптеген үдеріс, соның ішінде қойма есебі, сату және кеңес беру алгоритмдерге тапсырылуы мүмкін.
Автоматтандырудың орташа тәуекелі ЖИ функциялардың едәуір бөлігін алмастырса да, адамды әлі толық ығыстыра алмайтын мамандықтармен байланысты. Заманауи жүйелер желілік трафиктегі ауытқуларды автоматты түрде анықтап, осал тұстарды іздеуге, тіпті кибершабуылдарға жауап беруге бейімді. Дегенмен бұл жерде адамның рөлін толық жоққа шығару мүмкін емес. Көптеген шабуыл шығармашылық тергеуді, зиянкестердің психологиясын зерттеуді және күтпеген жағдайларға дайын болуды талап ететіндіктен, ақпараттық қауіпсіздік мамандарына қажеттілік ортаймайды. Сол секілді жасанды интеллект қазірдің өзінде құжаттарды талдап, келісімшарттардың бастапқы нұсқаларын дайындай алады. Бірақ сот тәжірибесінде соңғы шешім адами бағалауды, оның ішінде моральдық-этикалық компонентті қажет етеді. Яғни құқықтануды толық автоматтандыру кезеңі әлі алыста.
Медициналық алгоритмдер көбіне ауруларды ертерек, тіпті адамдарға қарағанда дәлірек анықтайды. Әйтсе де дәрігер науқастың жағдайын жан-жақты бағалайтын, онымен байланысатын, емдеу хаттамасын таңдап, оның салдары үшін жауап беретін тұлға болып қала береді. Сондай-ақ генеративті тілдік модельдер кодтың үзінділерін жазып, оны тексере алады, алгоритмдік шешімдерді ұсынады. Бірақ жақын арада әзірлеушілерді толығымен ауыстыру шындыққа сәйкес келмейді, өйткені күрделі жобалар шығармашылықты, абстрактілі ойлауды және клиенттермен, әріптестермен тығыз ынтымақтастықты қажет етеді. ЖИ жаңалықтарды, есептерді әзірлеп, оқығанды қайта айтып бере алады. Бірақ журналистік зерттеулер, бірегей репортаждар мен сараптамалық мақалалар мән-мағынаны бағалайтын, дереккөздермен байланысып, нақты фактілерді жинайтын тірі адамның шеберлігінсіз туындамасы анық. Қазірде сызбаларды, есептеулерді және дизайнды жасауға көмектесетін нейрожелілер бар, бірақ олар әдетте жұмыстың күнделікті бөлігін жеңілдетеді. Шынымен бірегей және сәйкес келетін жобаны жасау үшін сәулетшілер мен дизайнерлердің тәжірибесі мен көркемдік көзқарасы әлі де қажет. Сондай-ақ автоматтандырылған алгоритмдер үлкен көлемдегі деректерді жинауға, тазалауға және өңдеуге, заңдылықтарды табуға, тіпті бастапқы гипотезаларды тұжырымдауға қабілетті. Алайда жоғары деңгейлі сараптама, нәтижелерді түсіндіру және іскери шешімдер қабылдау әлі де адамның қатысуын талап етеді. Медициналық зертханашыға келсек, заманауи зертханалар сынақтарды адамға қарағанда тезірек және дәлірек жүргізетін автоматты анализаторларды кеңінен қолданатынына қарамастан, зертханашы әлі де үлгілердің сапасын бақылап, шекаралық нәтижелерді түсіндіріп, штаттан тыс факторларды ескеруі керек.
Жасанды интеллект жақын арада адаммен бәсекеге түсе алмайтын, әр кез сұранысқа ие мамандықтар да бар. Әдетте күрделі физикалық күш-жігерді немесе эмоционалды интеллект пен креативтілікті қажет ететін жұмыстар қатарына: құрылысшы, сантехник, электрик, мұғалім, тәрбиеші, психолог, дизайнер, суретші, әнші, әлеуметтік қызметкер, медбике, күтуші, кәсіби спортшы мен жаттықтырушы жатады. Бұл салаларда кейбір күнделікті аспектілер жеңілдегенімен, маманның рөлі талассыз болып қала береді.
Келешекте қандай сценарий шындыққа айналатынын болжау қиын. Кейбір мемлекеттер кез келген жағдайда жұмыс орындарын сақтау жолымен жүріп, роботтарға салық салса, енді бірі инновациялар мен жаппай қайта даярлау курстарына бет бұрары хақ. Қайткен күнде де адамның икемділігі мен шығармашылығы көбіне автоматтандыру соққыларынан пайда көреді. Тарихтағы әрбір өнеркәсіптік революция жаңа мүмкіндіктер ашқан. Технологияның үздіксіз дамуы, жасанды зерде мүмкіндіктері болашақта еңбекті ұйымдастыру мен біліктілік талаптарын түбегейлі өзгертетіні айқын. Тапсырманы тиімдірек орындайтын машиналар көптеген салада жұмысшының орнын басып жатқан бүгінгі өмір шындығы түбінде озық өндірісті дамыту мен жаңа жұмыс орындарын құруға да жол ашады. Демек бұл жағдайда жасанды интеллект «кәсіптер қабіріне» айналмайды, бірақ оларды өзгертіп, адамды ағымдағы қат-қабат шаруадан босатуға, қол ұзарған сайын болашаққа жаңа мақсаттар қою жөнінде ойлануға негіз салады.