Қазақстан мен Қытай шекарасында жүргізушісіз жүк көліктері қатынайтын жаңа жүйе іске қосылды. Бұл – «Бақты» – «Покиту» шекаралық өткізу бекетінде жүзеге асырылып жатқан «Ақылды кеден» пилоттық жобасының нәтижесі. Енді жүк көліктері шекараны автоматты түрде, яғни жүргізушісіз кесіп өтетін болады, деп жазады Egemen.kz.
Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, жоба кедендік рәсімдерді жеңілдетуге, адами факторды азайтуға және тауар айналымын жеделдетуге бағытталған. Екі ел арасында бірыңғай электронды декларация енгізіліп, барлық құжаттар цифрлық форматта рәсімделеді. Жүк көліктерінің қозғалысы тәулік бойы тоқтамай жүреді, ал бақылау мен бағытты қадағалау арнайы автоматтандырылған жүйелер арқылы іске асады.
Осы жобадан күтілетін нәтижелер мынадай: жүк ағыны жылына 10 миллион тоннаға дейін ұлғаяды; кедендік рәсімдеу уақыты мен қаржылық шығындар азаяды; шекара маңында логистикалық орталықтар дамиды; ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытайға экспорттау жеңілдейді.
Бұл бастама Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев пен Қытайдың Тачэн қалалық партия комитетінің хатшысы Чжи Сяньвэй арасындағы ресми кездесу нәтижесінде қолға алынды. Кездесу барысында екі тарап өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстан мен Қытай арасында жаңа теміржол дәлізін ашу мәселесі де талқыланған болатын.