Аптап ыстығы апшыны қуыратын жаз мезгілі жетсе, жұрттың ағын судан айтарлықтай тарығатыны белгілі. Ебін тапқандар жол бойынан өзен суын өз алқабына бұрып алып, диқандардың шамына тиген кез де аз емес.
Одан бөлек, Талас секілді трансшекаралық өзендерде су тапшылығы байқалатын жылдарды да көрдік. Мұның бәрі шаруаларды жаңашылдыққа бет бұруға үндеп тұрғандай еді.
Кейінгі бірнеше жылдың бедерінде жамбылдық шаруалар жаңа технологияға бет бұрып, тамшылатып суару әдісіне көшті. Біршама уақыт бұрын өңірде тамшылатып суару жүйесін шығаратын зауыт та іске қосылған. Аймақта мұндай іргелі кәсіпорынның жұмыс істеуі – су үнемдеу технологиясына басымдық берудің алғышарты.
2023 жылы су үнемдеу технологияларының алаңы 40 мың гектарды құраса, кейінгі жылдары бұл көрсеткіш едәуір артқан. Себебі жауапты мамандар бұл жұмысты іргелі шаруа қожалық басшыларына кеңінен түсіндіруден жалыққан емес. Өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесін енгізу бойынша қолға алынған жұмыс ұдайы жүргізілуде. Өңірде су үнемдеу технологиялары 2024 жылы тағы бірнеше мың алаңға енгізіліп, жалпы көрсеткіш 55,4 мың гектарға жеткізіліпті. Осы жылы жаңа технологияны қолдану арқылы егіс алқабының жалпы алаңын 89,2 мың гектарға дейін жеткізу көзделген.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су ресурстарын ұтымды және орнықты басқарудың маңызын ұдайы айтып жүр. Расында, бұл – агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға тікелей әсер ететін стратегиялық маңызды бағыттың бірі. Сондықтан алқаптарға су үнемдеу технологияларын енгізудің маңызы зор деуге толық негіз бар. Өңірде су нысандарының инфрақұрылымын жаңғырту және су үнемдеу технологиясын енгізу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Қазірге дейін заманауи технология 66,5 мың гектар аумаққа енгізілген. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті еселеуге толық мүмкіндік бар», дейді өңір басшысы Ербол Қарашөкеев.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтің айтуынша, «KAZ Каспий ГИДРО Сельхоз Технология» зауыты жылына 14 мың гектарға дейінгі алқапты қамтитын құрылғылар өндіре алады. Сонымен бірге жаңбырлатып суару қондырғысы мен тамшылатып суару жүйелерін өндіретін тағы екі жобаны іске асыру бойынша нақты жұмыстар қолға алынған.
Жамбыл облысында су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыс қарқыны көңіл көншітеді. Бірер жыл бұрын бұл іске үрке қараған шаруалар кәрі құрлықтан жеткен жаңашылдықтың пайдасын тереңнен түсінген сыңайлы.
Жамбыл облысы