2025 жылғы 17-23 шілде аралығында Мальдив аралдарының астанасы Мале қаласында өткен Орталық Азия чемпиондар лигасында еліміздің намысын Орал қаласының «Jaiyq» волейбол клубы абыроймен қорғап, жеңімпаз атанды.
Азия құрлығындағы беделді додаға 5 мемлекеттен 6 үздік команда қатысты. Бәсеке өте қызу болды. Еліміз атынан сынға түскен «Jaiyq» клубы тәжірибелі бапкер Виктор Козиктің жетекшілігімен өте сәтті өнер көрсетті. Бір аптаға созылған сайыста «Jaiyq» командасы Kirgyzstan клубын, жергілікті Club HDC, Dhivehi Sifainge club командаларын 3:0 есебімен, Шри-Ланканың Ports Authority командасын 3:1 есебімен жеңді. Жалпы турнир барысында 6 матчтың 5-еуінде жеңіске жеткен «Jaiyq» клубы Орталық Азия деңгейінде үздік екенін дәлелдеп шықты.
Турнир қорытындысында «Jaiyq» клубының бірнеше ойыншысы үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, Виталий Эрдштейн турнирдің үздік ойыншысы, Володимир Ковальчук үздік байланыстырушы, Владимир Прокофьев үздік шабуылшысы атанды.
«Бұл турнир – біз үшін тек жарыс емес, еліміздің намысын қорғау жолындағы маңызды қадам болды. Жеңісіміз – бүкіл ел волейболының абыройы», дейді клуб директоры Азамат Нұрмұханбетов.
Батыс Қазақстан облысы