Аса жеңіл салмақтағы қазақтың танымал аралас жекпе-жек шебері Әліби Ыдырыс «The Ultimate Fighter 33» турнирінің тоғызыншы сериясының жартылай финалында күш сынасты.
Осы күнге дейін 11 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен 31 жастағы Әліби ширек финалда өзбекстандық Фуркатбек Ёкубовты ұпай санымен ұтқан еді. Жартылай финалда оның жолы Венесуэланың өкілі Ройберт Эчеверриамен қиысты. 29 жастағы Оңтүстік Америка оғланы 12 кездесудің екеуінде ғана жеңілген. Десек те бұл бәсекеде Әліби айқын басымдық танытты. Бірінші раундта қарсыласын тіземен теуіп құлатқан ол жығылған бетте соққыны қарша боратты. Төрешінің жекпе-жекті тоқтатудан басқа амалы қалмады.
Енді әлемнің ең белді промоушені – UFC-ге өту үшін Әліби Ыдырысқа бір ғана кездесу өткізу қалды. «The Ultimate Fighter» турнирінің финалында ол мексикалық Иманол Родригес (5-0) пен америкалық Джозеф Моралес (12-2) арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен күш сынасады.