• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Сұхбат Бүгін, 10:50

Мәнсия ЕСЕКЕЕВА: Экологиялық мәдениетке бетбұрыс күшейіп келеді

30 рет
көрсетілді

Жазғы уақытта жастарды еңбекке баулитын «Жасыл ел» жасағының жұмысы қыза түсті. Жыл сайын ұйымдас­тырылатын маусымдық жұмыста азаматтар елді көгалдандыру мен абаттандыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру ісіне атсалысады. Осыған орай жобаның жай-жапсарын білмекке Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің басқарма басшысы Мәнсия Есекеевамен әңгімелескен едік.

– Мәнсия Мұхтарқызы, алдымен бағдарлама туралы айта өтсеңіз. Жобаның негізгі мақсат-міндеті қандай?

– Бұл – 2005 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан республикалық жас­тар бағдарламасы. Оның басты мақсаты – жас­тарды еңбекке баулу, табиғатты қор­ғау, көгалдандыру және абаттандыру жұмыс­тарын жүргізу арқылы экологиялық мәде­ниетті қалыптастыру. Сонымен қатар жазғы кезеңде жастарды уақытша жұмыспен қамтып, олардың әлеуметтік жағдайын жақ­сартуға көмектесу.

Жалпы, бағдарлама аясында күні бүгінге дейін 500 мыңнан аса жас маусымдық жұмыспен қамтылды. Ал биыл республика бо­йынша 14 пен 35 жас аралығындағы 35 200 азамат еңбекке тартылады. Жастар үшін бұл жобаға қатысудың ұтымды тұсы – ресми жұ­мысқа орналасу мүмкіндігі. Яғни заңды түрде еңбек шарты жасақталып, зейнетақы жарналары аударылады. Демек бұл – жастар үшін алғашқы еңбек тәжірибесін заңды негізде жинақтау мүмкіндігі.

Жұмыс барысында оларға арнайы киім­дер мен қажетті құрал-жабдықтар беріледі. Сонымен қатар қатысушылар әртүрлі қоғам­дық және тәрбиелік іс-шараларға белсене қатысады. Сәйкесінше жастар арасында үл­кен нетворкинг қалыптасады. Түрлі әлеу­меттік топтағы жастар бір-бірімен танысып, табысып, тәжірибе алмасады. Мысалы, мектеп оқушылары жазғы демалыс кезінде «Жасыл ел» қатарына қосылып, еңбекке араласа алады және жергілікті жастар ресурс­тық орталықтарының өзге де жобаларына қаты­сып, қоғамдық белсенділігін шыңдайды. Бұл оларға үлкен өмір мектебі десек те болады.

– «Жасыл ел» жасағының басым бағыт­та­ры мен іске асу тетіктері несімен ерек­шеленеді?

– Жоба жастардың азаматтық ұстанымын нығайтуға және экологиялық мәдениетті қа­лыптастыруға елеулі ықпал етіп келеді. «Жа­сыл ел» аясында жас буын қоршаған ортаны қорғаудың маңызын терең түсініп, табиғатқа жанашырлықпен қарауға дағдыланады. Есесіне, кейінгі жылдары экология тақы­рыбына қызығушылық танытқан жастар саны артып келеді. Олар әлеуметтік желілер ар­қылы, әсіресе TikTok, Instagram платфор­маларында экологиялық мазмұндағы жаңа трендтерді өздері қалыптастырып, көп­шілікке үлгі болып жүр. Мысалы, ағаш отыр­ғызу, қоқыс жинау, қайта өңдеу сияқты акцияларды тартымды форматта ұсынып, бұл әрекеттерді сәнді, заманауи әрі маңызды іс ретінде көрсетуге тырысады.

Жыл сайын жобаға қатысқан мыңда­ған жас табиғатқа қосқан үлесін ғана емес, өз ай­наласындағы оң өзгерістерді де байқайды. Басым көпшілігі экологиялық сананы алды­мен өз бойында қалыптасты­рып, кейін от­басына, достарына тар­ата бастайды. Осы­лайша, бір жастың әреке­ті арқылы тұтас­ ортада экологиялық мәдениетке бет­бұрыс пайда болады. Яғни бағ­дарлама жас буынның жеке тұлға ретінде дамуына, әлеуметтік белсенділігі мен азаматтық жауап­кершілігін арттыруға үлкен серпін береді.

– Маусым басталғалы қанша гектар жер көгалдандырылды немесе абаттандырылды? Жасақ қызметі арқылы жергілікті жерлерде экологиялық ахуалды жақсартуға себеп болған мысалдар бар ма?

– Бұған нақты сандармен жауап беру қиын. Себебі әр өңірдің жұмыс көлемі мен бағыты – әртүрлі. Кей аймақтарда негізінен ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілсе, енді бір жерлерде тазалық акциялары мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру ісі басты назарда болады. Сондықтан көгалдандырылған немесе абаттандырылған аумақтың көлемі өңірлік ерекшеліктерге байланысты өзгереді.

Дегенмен экологиялық нәтижелер нақты көрініс беріп жатыр. Мәселен, Қарағанды облысында Балқашқа апаратын тасжол бо­йындағы аумақ бірнеше кезеңге бөлініп тазартылды. Сол жолда ұзақ уақыт бойы жиналып қалған пластикалық және тұр­мыс­тық қалдықтардан арнайы мүсін түрін­дегі экологиялық арт-объектілер жасалды. Қалғандары сұрыпталып, қайта өңдеуге жіберілді. Бұл бір реттік акция емес, эколо­гиялық тәрбие мен көпшілікке ой салатын мәдени іс-шара ретінде өткізілді.

Сонымен қатар көптеген аймақта саябақ­тар мен гүлзарлар қалпына келтіріліп, жас­тар өз қолымен жүздеген ағаш пен гүл егіп, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнатуға атсалысты. Бұл жұмыстардың барлығы жер­гілікті әкімдіктермен бірлесіп, нақты жос­пар бойынша жүзеге асырылады. Әсіресе су көздерінің айналасын тазарту, көлеңкелі аймақтар жасау, халық көп шоғырланатын орындарды абаттандыру. Жалпы алғанда, «Жасыл ел» жасағының күшімен өңірлердегі экологиялық мәселенің алдын алуға және шешуге бірқатар оң қадамдар жасалды.

– Жоба қатысушыларына төленетін еңбекақы мөлшері қалай белгіленеді? Тағы қандай қолдау тетіктері қарастырылған?

– Бағдарламаның қаржыландырылуы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізін­де жүзеге асады. Әр өңірдің жобаны қар­жы­ландыру көлемі сол аймақтың жергілікті бюджеті мен мүмкіндігіне байланысты белгіленеді. Сонымен қатар жобаға қосымша демеушілік көмек көрсететін ұйымдар мен кәсіпорындар да бар.

Жобадағы қатысушыларға төленетін ең­бек­ақы – ең төменгі жалақы мөлшері не­гізінде есептеледі. Алайда төлем көлемі әр өңірде әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, Ақтөбе облысында еңбекақы екі тараптың есебінен тө­ленеді: жартысы мемлекеттік жоба, ал қалған бөлігі жастар жұмыс істейтін мекеме немесе серіктес шаруашылық есебінен беріледі.

Қаржылай қолдаудан бөлек, жастарды жі­гер­­лен­діру мақсатында осы облыста жыл ­сайын ең белсенді 100 жасқа арнап Астана қа­ла­­сына ар­найы іссапар ұйымдастырылады. Бұл – олардың еңбегін бағалаудың, ынталан­ды­­ру­дың бір жо­лы. Басқа өңірлерде де үздік қа­­тысушы­лар­ға дипломдар, алғысхаттар мен сый­­лық­тар үлестіріліп, түрлі марапаттар беріледі.

Ерекше айта кетерлігі, еңбек маусымы бас­талмас бұрын барлық қатысушыға міндет­ті түрде техникалық қауіпсіздік бойынша нұсқаулық жүргізіледі. Бұл – өте маңызды кезең. Себебі кейбір жұмыс аумақтарын­да түрлі зиянды немесе қауіпті қалдықтар кездесуі мүмкін. Осындай жағдайларда жастардың өздерін қалай ұстауы, қандай шаралар қолдануы қажет екені туралы толық ақпарат беріледі. Нұсқаулық тек теориялық емес, тәжірибелік тұрғыдан да түсіндіріледі.

– Алдағы уақытта бағдарламаны кеңей­ту және жетілдіру бағытындағы жос­­пар­ларыңызбен бөліссеңіз.

– «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұ­мысын жандандыру және жетілдіру мақ­са­тын­­да үлгілік ережелерді қайта қабылдау жұ­­мысы жос­парланып отыр. Қазіргі таңда ми­­нистр­лік осы бағытта арнайы Жол картасын әзір­леп, оның аясында бірқатар өзге­ріс пен жаңалық енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл шаралар еңбек жасақтарының тиім­­ді­лігін арт­тыруға және олардың әлеумет­тік ма­ңыздылығын одан әрі нығайтуға бағыт­тал­ған.

Халықаралық деңгейде де өзара тәжірибе алмасу белсенді түрде жүргізіліп келеді. Мыса­лы, «Жасыл ел» республикалық қоғам­дық бірлестігі осы жылдың мамыр айында Өзбекстан­ның Ташкент қаласында өткен климат­тық форумға қатысып, өз жобаларын таныс­тырды. Бұған қоса жақында Әзербай­жан елінде өткен халықаралық форумда біз­дің экологиялық бастамаларымыз кеңі­нен ұсынылды. Бұл үрдіс болашақта да жалғасын табады. Түрлі халықаралық форумдар, көрмелер мен пікір алмасу кездесулері тұрақты түрде ұйымдастырылып, жаңа жобалар мен идеялар талқыланады. Осылайша, «Жасыл ел» жобасы ішкі дамумен қатар, халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, экологиялық мәдениетті жаһандық деңгейде насихаттауға үлес қосады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар