• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 09:10

Уран өңдеу зауыты іске қосылды

40 рет
көрсетілді

Түркістан облысы Созақ ауданында «КАТКО» қазақстандық-француздық біріккен кәсіпорны» ЖШС-ның «Оңтүстік Төртқұдық» жобасы аясында жаңа уран өңдеу зауыты іске қосылды. Қуаты жылына 2 мың тоннаны құрайтын жаңа зауыт Төртқұдық кен орнының оңтүстік бөлігінде өндірілген, құрамында уран бар ерітінділерді өңдейді.

Кен орнының оңтүстік бөлігінің толық интеграциясы арқылы КАТКО жылына 4 мың тонна уран өндіру көрсеткішіне қол жеткізуді көздеп отыр. Жоба 2021 жылы егжей-тегжейлі жобалық мақұлдаудан өткен. 2023 жылы жаңа зауыттың құрылысы басталып, үшжылдық қысқа мерзімде жүзеге асырылды. Жоба аясында гидротехникалық желілер, асфальт және қиыршық тасты жолдар, электр желілері, жаңа трансформаторлық қосалқы станса салынды.

«Оңтүстік Төртқұдық» жобасы өңірге айтарлықтай эконо­микалық пайда әкеліп, қыз­мет­керлердің тұрмыс жағдайын жақсартты. Құры­лыс кезінде жергілікті мерді­герлерге қосымша жұ­мыс орындары ашылып, бір уақытта орта есеппен 600 адам жұмыс істеді.

Зауыттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Францияның Қазақстан­дағы елшісі Сильван Гиоге, «KATКО» компаниясының бас директоры Паскаль Бастьен, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов, Атом энергетикасы жөніндегі мемлекеттік агенттік төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин, «Orano Mining BU» компаниясының бас директоры Кзавье Сан-Мартан Тийе және өзге де тұлғалар қатысты.

«Қазатомөнеркәсіп» – та­биғи уран өндіру саласын­да елімізде ғана емес дү­ниежүзінде көшбасшы компаниялардың бірі. Түркістан облысында атал­ған компанияға қарасты 10 табиғи уран өндіріс орны жұмыс істейді әрі 1 компания барлау жұмыстарын, 1 компания электр энергия­сын тасымалдау қызметін атқарады.

«Бұл жоба өндіріс пен ішкі, сыртқы нарықты жоғары сапалы уранмен қамтамасыз етеді, жаңа технологияларды енгізу арқылы уранды өндіруге бағытталады. Инвестициялық жобаның қуат­тылығы – жылына 2 000 тонна уран өңдеу, құйылған инвестиция құны 74,7 млрд. теңгені құрады. Жаңа жұмыс орындары ашылды. Облыс әкімдігі тарапынан аталған өндіріске 6 мың гектарға жуық жер телімі бөлінді және барлық қажетті инфрақұрылыммен қам­та­масыз етілді. Өндіріс орын­да­рын ашу бағытындағы жұ­мыс­тар жалғасады», деді жобаның маңы­зына тоқталған облыс әкімі.

«Қазатомөнеркәсіп» басшысы Мейіржан Юсупов­тың айтуынша, «Оңтүс­тік Төртқұдық учаскесінде өңдеу зауытының іске қо­сылуы тек «КАТКО» үшін емес, еліміздің бүкіл атом өнеркәсібі үшін де маңызды оқиға. «Қазатомөнеркәсіп» пен «Orano» арасындағы ұзақмерзімді стратегия­лық серіктестіктің нәтижесі. Сондай-ақ жаңа өндіріс ор­ны­ның ашылу салтанатында уран саласында жемісті еңбек етіп жүрген азаматтар марапатталды.

Айта кетейік, «KATKO» – Түркістан облысындағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі. Компания 1 300 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді, олардың 70%-дан астамы еліміздің оңтүстігінде және 52%-дан астамы Созақ ауданында тұрады. Компания қызметкерлерінің 99%-ы ел азаматтары.

 

Түркістан облысы 

Соңғы жаңалықтар