Опера әншісі Әйгерім Алтынбектің CLIP 2025 (Concorso Lirico Internazionale di Portofino) XI халықаралық опера байқауында бағы жанды. Жас әнші жай ғана жеңіске жеткен жоқ. Оандасымыз байқаудың негізгі номинацияларынан өтіп, абсолютті жеңімпаз атанды. Байқаудың бірінші жүлдесін, көрермендер сыйлығын, «Үздік әйел дауысы» үшін сыйлық пен музыка сыншысы, арт-директор және оқытушы Карло Майер сыйлығына қол жеткізді, деп жазады Egemen.kz.
Бұл табыс ел мәдениет үшін шын мәнінде тарихи оқиға болды. Байқау тарихында алғаш рет Орталық Азия өкілі көшбастады.
«Байқау тарихында Әйгерім Алтынбек байқаудың басынан-ақ барлық қазылар алқасының рейтингінде бірінші болды – бұл сирек кездесетін жағдай, ол көпшіліктің таңдауының дұрыстығын растайды, ол оған «Эмоция» жүлдесін берді» деді қазылар алқасының төрағасы Доминик Мейер.
Байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен 200 өтінім жіберілген. Оның ішінде 92 жартылай финалист анықталған. Одан кейін 10 финалист Карло Феличе театрының оркестрімен өнер көрсеткен.
Байқаудың ең үздік әйел дауысы жүлдесін Әйгерім Алтынбекке әлемнің түкпір-түкпіріндегі жас дарынды вокалисттерді іздестіретін және қолдау көрсететін ұйым Ибанес-Аткинсон қоры (Чили) берген. Қор әлемнің жетекші театрлармен ынтымақтасады және Сантьягодағы опера театрымен бірге жастар бағдарламасын әзірлейді. Осы шығармашылық топ Әйгерім Алтынбекке кәсіби ұсыныс жасап, Оңтүстік Америка континентінде алғаш рет Азиялық әншіге қолдау көрсетуді шешкен. Бұл қазақстандық өнерпаздың халықаралық мансабын өрлету жолындағы маңызды қадам.
Бұл тамаша табыс еліміз үшін нағыз серпіліс болды. Биік бәсекелестікке қарамастан, Әйгерім Алтынбек қазақстандық вокал мектебінің халықаралық ірі алаңдарда топ жара алатынын айғақтады.
Айта кетейік, Concorso Lirico Internazionale di Portofino (CLIP) - жыл сайын Италияның Портофино қаласында өтетін ең беделді халықаралық вокал байқауларының бірі. Оның қазылар алқасы жетекші импресариолардан, Еуропадағы ең ірі опера театрларының, соның ішінде Вена мемлекеттік операсы, Ла Скала, Глиндебурн, Метрополитен және Champs-Elysées театрының директорларынан құралады. Финалға шыққандар Портофинодағы ашық аспан астында «Театро Карло Феличе» оркестрімен өнер көрсетеді. Бұл шара итальяндық арналардан көрсетіліп, мыңдаған көрермен қатысады.