• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жасанды интеллект Бүгін, 14:30

Газ есептегішке ЖИ көмектеседі

20 рет
көрсетілді

QazaqGaz Aimaq компаниясы тұтынушылардан газ есептегіш құрылғыларының көрсеткіштерін автоматты түрде қабылдауға арналған жасанды интеллект (ЖИ) негізіндегі мобильді қосымшаны енгізуді бастады. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Цифрлық шешім қазіргі уақытта Қызылорда, Қостанай және Түркістан облыстарында пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр. Қосымшаны 7 мыңнан астам тұтынушы жүктеп үлгерген. Алғаш болып бұл қызметті Түркістан облысының тұрғындары пайдалана бастады.

Мобильді қосымшаның жұмыс істеу қағидасы қарапайым: тұтынушы газ есептегіштің фотосуретін түсіріп, жүйеге жүктейді. Жасанды интеллект технологиясы сандарды автоматты түрде таниды және өңдейді. Бұл өз кезегінде есептегіштерді тіркеу барысын жеделдетіп, адами фактордан туындайтын қателіктерді азайтады, сондай-ақ бақылаушы мамандардың үйге келу қажеттілігін жояды.

Компания мәліметінше, жаңа жүйе операторларға түсетін жүктемені азайтып, есеп айырысу процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, газды үнемдеп тұтыну мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Жақын арада қосымшаның функционалы кеңейтіледі. Тұтынушыларға төлем тарихын көру, есептегішті тексеру мерзімдері туралы ескертулер алу және газ желілерінде жүргізілетін жоспарлы жөндеу жұмыстары жөнінде хабарламалар жіберу мүмкіндігі қарастырылып отыр.

Бұдан бөлек, виртуалды көмекші қызметі енгізіліп, адал тұтынушыларға арналған бонустық және кэшбэк жүйесі іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі диагноз қою дәлдігі 80%-ға жететін жасанды интеллектке негізделген терапевт сервисін сынақтан өткізіп жатқанын мәлімдеген болатын.