• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ғылым 28 Шілде, 2025

РФ Премьер-министрі Қазақстан Президентінің білім беру байланыстарын дамытудағы рөлін атап өтті

80 рет
көрсетілді

Ресей Федерациясының Премьер-министрі Михаил Мишустин Омбы қаласында орналасқан жетекші қазақстандық жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалына барды, деп жазады Egemen.kz.

Айта кетейік, ҚазҰУ – Ресей аумағында филиал ашқан алғашқы қазақстандық университет.

Кездесуге Қазақстан тарапынан ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев қатысты.

Ресей тарапынан бұл іс-шараға РФ Ғылым және жоғары білім министрі Валерий Фальков, Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко, Омбы облысының жоғары білім және ғылыми-технологиялық даму министрі Александр Кольцов, Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің ректор міндетін атқарушы Иван Кротт қатысты.

Ресей Федерациясының Премьер-министрі екі ел арасындағы білім саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның да, Ресейдің де білім жүйесіне қалай қарайтынын білемін. Ресейдің үздік сегіз жоғары оқу орнының Қазақстандағы филиалдары – Қазақстан билігінің білім беру саласына, біздің бірлескен жобаларымызға деген қарым-қатынасын көрсетеді», деді Михаил Мишустин.

Қонақтар ҚазҰУ-дың қабылдау комиссиясының жұмысымен танысып, оқу корпусы мен ғылыми кітапхананы аралады.

М.Мишустин таныстырылымнан кейін соғыс жылдарында Қазақстан Президентінің әкесі Кемел Тоқаев ем алған ардагерлер госпиталіне барып келгенін жеткізді.

Кездесу барысында ҚазҰУ ректоры филиалдың құрылу тарихын баяндаса, министр Саясат Нұрбек Қазақстандағы ресейлік ЖОО филиалдарының қызметі жөнінде мәлімет берді.

ҚазҰУ филиалының ресми ашылуы 2024 жылғы 27 қарашада екі ел президенттерінің қатысуымен өтті.

РФ Үкіметінің басшысы Қазақстандағы ресейлік сегіз филиалдың табысты жұмысына алғыс білдіріп, Омбыда жетекші қазақстандық университет филиалының ашылуының маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ол талапкерлерді ҚазҰУ филиалына оқуға түсуге шақырды.

Қазіргі уақытта қабылдау науқаны аясында ҚазҰУ филиалы бакалавриаттың үш бағыты бойынша студенттер қабылдауда: филология факультеті – қазақ тілі мен әдебиеті, заң факультеті – кеден ісі, халықаралық қатынастар факультеті – халықаралық құқық. Жалпы 200-250 талапкерді қабылдау жоспарланып отыр.