Елімізде мобильді аударымдарды бақылау мен салықтық әкімшілендіру 2025 жылы жаңа деңгейге көтерілді. Мобильді ақша аударымдарына қатысты бақылау күшейді. Енді 3 ай қатарынан 100-ден астам адамнан аударым алғандар салықтық тексеруге ілігуі мүмкін. Ал қаражаттың мақсатына жазылған түсініктеме бұл жағдайдан құтқарып қала алмайды, тек кәсіпкерлік қызмет бар-жоғы анықталады.
Қандай өзгерістер енгізілді?
Біріншіден, биылдан бастап жеке кәсіпкерлер, заңды тұлға басшылары және олардың жұбайлары мобильді аударымдар бойынша тексерілетін тұлғалар қатарына енді. Бұл топқа қатысты операциялар 2024 жылғы деректер негізінде камералдық бақылауға түседі. Екіншіден, егер 3 ай қатарынан 100-ден астам әртүрлі адам бір жеке тұлғаның шотына ақша аударса, жалпы сома 255 мың теңгеден (яғни үш ең төменгі жалақы көлемінен) асып кетсе – салық органдары тексеру жүргізуге құқылы. Мұндай жағдайда адам кәсіпкер ретінде тіркелмеген болса да, оның қызметі кәсіпкерлік ретінде қаралуы мүмкін.
Үшіншіден, ретсіз аударымдарға автоматты бақылау енгізіледі. Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) енді бір реттік операцияларға емес, операциялар тізбегінің логикасына қарап тексереді. Яғни қаражаттың қайдан келіп, қайда кеткені, қандай жиілікпен қайталанғаны түгел талданып, күдік тудырса автоматты түрде тексеруге негіз болады. Төртіншіден, егер адам тіркелмей кәсіпкерлікпен айналысып жүргені дәлелденсе, 15-тен 100 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Чек бермегені үшін де жауапкершілік бар. Табысын жасырғандарға да 200% көлемінде қосымша салық төлеу міндеті қарастырылған.
Пікір жазудың заңдық мәні бар ма?
Кейінгі жылдары отандастарымыз бір-біріне мобильді ақша аударымдарын жасағанда түрлі жазба қалдыруды әдетке айналдырды. «Рақмет», «қайтардым», «түскі ас үшін», «сыйлық» секілді сөздер күнделікті транзакциялардың ажырамас бөлігі іспетті. Алайда салық органдары бұл жазбаларды есепке алмайтынын бірнеше рет мәлімдеді. Олардың айтуынша, егер бір адам 3 ай ішінде әртүрлі адамнан 100-ден астам аударым алып, олардың жалпы сомасы 1 млн теңгеден асса, онда түсініктеме бар-жоғына қарамастан, ол тексеруге себеп болуы мүмкін. Дегенмен заңгерлер пікірінше, мобильді аударымдарға жазылған түсініктемелердің құқықтық мәні жоғары. Заңгер Сергей Уткиннің айтуынша, бұл жазбалар қажет болған жағдайда сотта дәлел ретінде қарастырылуы мүмкін.
– Әрбір жазылған түсініктеме – болашақта өзіңізді қорғаудың құралы. Мысалы, адам бұрынғы жұбайына алимент ретінде ақша аударып, оған «алимент» деп жазып отырса, бұл төлемнің мақсатын дәлелдейтін нақты айғаққа айналады. Егер түсініктеме болмаса, ол жай ғана көмек немесе сыйлық деп бағалануы мүмкін, – дейді заңгер.
Сарапшының айтуынша, банктер барлық аударымға жазылған түсініктемені көреді әрі жүйеде сақтайды. Дегенмен олар ресми төлем мақсаты ретінде қарастырылмайды. Бірақ қажет болған жағдайда бұл деректер талдануы мүмкін.
– Күнделікті өмірде «кофе үшін» секілді жазбалар үлкен қауіп төндірмейді. Бірақ салық органдары жүйелі әрі ірі сомадағы төлемдерге назар аударады. Егер сіз тіркелмеген кәсіпкерге жүйелі түрде ақша аударып, оған «қызмет үшін» деп түсініктеме қалдырсаңыз, бұл бақылаушы органдар үшін белгі болуы мүмкін, – дейді сарапшы.
Ай сайынғы аударым 300 мыңнан асса...
3 ай қатарынан 300 мың теңге көлемінде сомада қаражат аударылып отырса, азаматтарға ақшаның бизнестен түспегенін дәлелдеуіне тура келеді. Бұл ақпараттан кейін біршама сұрақ туды. Көпшілік тексерілетін мөлшерлемені төмен сома деп наразы болды. Мәселен, кейбір адамдарды айына 300 мың аударып, туыстары асырап отыруы да мүмкін. Бұл сұраққа Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл жауап берген еді.
– Мұндай жағдайда комитет өкілдеріне бұл ақшаның қайдан түскенін түсіндіруіңіз керек болады. Мұның барлығы бизнесті көлеңкеден шығару үшін жасалып жатыр. Егер сіз адал кәсіпкер болсаңыз әрі аударымдардың қайдан түскенін дәлелдесеңіз, ешқандай қиындық болмайды, – деді.
Күдікті қаржылық операциялар қалай анықталады?
Қаржылық мониторинг агенттігі ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы жаңа әдістерді енгізіп жатыр. Енді әрбір жеке ақша аударымы емес, операциялардың жиынтығы мен өзара байланысы тексеріледі. ҚМА төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің айтуынша, банктер мен қаржы ұйымдары жекелеген аударымдарға қарап күдікті қызметті анықтамайды. Негізгі назар бірнеше операцияның арасындағы байланысты талдауға аударылады.
– Күдікті қызметті анықтау – бір операцияны емес, қаржылық операциялардың жиынтығын, олардың бір-бірімен логикалық байланысын талдау. Әр жеке аударым заң бұзушылық емес сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ осы аударымдардың аффилирленген тұлғалар арқылы жүйелі қайталануы немесе бір схема аясында қозғалысы бүкіл қызметтің күмәнді екенін көрсете алады. Мұндай жағдайда банк бұл туралы ақпаратты агенттікке тапсыруға тиіс, – деді Елемесов.
Күмән тудыратын операцияларды бағалау критерийлері агенттік төрағасының бұйрығы арқылы қабылданады. Сондықтан банктерге немесе басқа да қаржы ұйымдарына қандай да бір жеке базаларға қол жеткіземін деп ұмтылудың қажеті жоқ.
– Оларға тек бір-бірімен байланысты аударымдарды, олардың қайталануын, көлемін және бағытын талдау жеткілікті. Осы арқылы заңда белгіленген критерийлерге сәйкес күдікті қызметті анықтай алады, – дейді.
Ұлттық банк бастамасы негізінде банктер күдікті мобильді аударымдарды 24 сағатқа дейін уақытша тоқтата тұра алады. Егер клиент ескертулерге қарамастан, күдікті тұлғаларға ақша жіберуге әрекеттенсе, банк аударымды уақытша бұғаттап, азаматты банктің бөлімшесіне шақыруы мүмкін.
– Егер адам күшті психологиялық ықпалға ұшырап, барлық ескертуге қарамастан алаяқтарға ақша аударуға әрекеттенсе, банк аударымды бұғаттап, клиентті туысымен бірге бөлімшеге шақыра алады. Туысы оның әрекетінің саналы түрде қабылданғанын растайды. Бұл шара азаматтарды алаяқтардың ықпалымен қабылданған асығыс шешімдерден қорғауға және кейін жәбірленуші есін жиып, банкке ақша қайтарып беруді талап ететін жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Алаяқтық схемаларды ең алғашқы сәтте, алғашқы қоңырау кезінде-ақ анықтай алатын алгоритм әзірлеп жатырмыз. Жүйе 2025 жылдың соңына дейін толық дайын болады, – дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов.