Германияда XXXII жазғы Дүниежүзілік универсиада аяқталды. Дуйсбург, Бохум, Эссен, Хаген, Мюльхайм, Берлин қалаларында өткен дүбірлі додада 150-ден аса мемлекеттен келген 8,5 мыңға тарта студенттер сайысқа түсіп, спорттың 18 түрінен 234 жүлде жиынтығын сарапқа салды.
Еліміздің құрамасы жарысты 1 алтын, 10 қола медальмен қорытындылады. Жалғыз алтынды команда қоржынына салған 21 жастағы таеквондошы Самирхон Абабәкіров. 63 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан ол барлық қарсыласын сыпыра ұтты. Алғашқы айналымдарда жерлесіміз израильдік Ори Торгеман, Сауд Арабиясының өкілі Абдолла Әлкумизи, канадалық Йохан Чангты қапы қалдырса, жартылай финалда тунистік Мұхаммед Жәлел Женбудиді жеңді. Финалда Самирхон түркиялық Омер Фарук Дайоглуды тізе бүктіріп, неміс жерінде еліміздің әнұранын шырқатты.
Самирхон Абабәкіровтен бөлек, тағы бес таеквондошымыз қола медаль алды. Олар – Дамир Шүленов (68 кг), Нодира Ахмедова (49 кг), Темірлан Тілеулес (58 кг), Батырхан Төлеуғали (80 кг), Бейбарыс Қаблан (87 кг). Тағы екі жүлдені жерлестеріміз әйелдердің командалық (Айша Әділбекқызы, Нұрай Құсайынова, Мария Севостьянова), аралас командалық (Самирхон Абабәкіров, Бейбарыс Қаблан, Назым Махмұтова, Айдана Сүндетбай) сайыста жеңіп алды.
Танымал көркем гимнастшы Айбота Ертайқызы (26.600 ұпай) «таспа» жаттығуында табысты өнер көрсетіп, қола медальды еншіледі. Қазақ қызы тек өзбекстандық Тахмина Икромова (28.700 ұпай) мен беларусьтік Алина Горноськодан (27.850) қалып қойды. Дзюдошылардың додасында Аман Бақытжан (60 кг) мен Нұрқанат Серікбаев (66 кг) үздік үштікті түйіндеді.
Жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы 37 орынға табан тіреді. Көш басында – Жапония. Күн шығыс елінің спортшылары 79 (34 алтын+21 күміс+24 қола) медальді олжалады. Одан кейінгі сатыларға Қытай (30+27+17), АҚШ (28+27+29), Оңтүстік Корея (21+9+27), Италия (14+10+19), Германия (11+12+17), ОАР (6+5+8), Түркия (6+5+7), Тайпей (5+13+7), Польша (5+11+8) жайғасты.