• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 08:45

Білім саласы серпіліс алдында тұр

30 рет
көрсетілді

Өткен оқу жылы Шымкент қаласының білім саласы үшін толағай жетістіктермен есте қалды. Қалалық білім басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Гүлнара Дәрібаеваның айтуын­ша, оң нәтижелерге ұстаздар қауымымен бірге білім саласына жауапты барлық маман лепті үлес қосты. Мемлекет тарапынан кейінгі жылдары қаржы мен көңіл бөлінуінің нәтижесінде салада оң өзгеріс орын ала бастады.

Тоғыз мектеп реновациядан өтеді

Өткен оқу жылында Шымкентте 272 мың бала білім алды. Оның ішінде 12 мыңға жуық оқушы мектеп тәмамдады. 640 түлек мектепті «Алтын белгімен» бітірді. Биыл бірінші сыныпқа мектептер 27 мың­дай бала қабылдайды. Бұл жұмыс тамыздың соңына дейін жалғасады.

Шымкенттік оқушылар арасында рес­публикалық, халықаралық жарыстарда, ғылыми зерттеу жұмыстарында топ жарып жүргендер көп. Мәселен, 3 кәсіптік-техникалық колледждің студенттері World Skills байқауында жеңімпаз атанып, енді Данияда қыркүйек айында халықаралық деңгейде еліміздің намысын қорғамақ. Олар – Шымкент аграрлық, №5, №3 индустриалды техникалық колледжінің шәкірттері. Айта кету керек, World Skills жыл сайын өтетін байқау. Ол жұмысшы мамандықтарды дәріптеуді көздейді. Шымкенттік студенттер әр жылда осы байқауға қатысып республика көлемінде жеңімпаз атанып жүр. Жүлдеге ілінген шәкірттерге басқарма тарапынан тиісті қолдаулар көрсетіледі.

Гүлнара Тұрдыбайқызының баяндауынша, мектептердің материалдық-техни­калық базасы жылдан-жылға жақса­рып келеді. Айталық, өткен жылы 44 кабинет жабдықталса, биыл 42 кабинетті жабдықтау жоспарда бар. Сондай-ақ тоғыз мектеп реновациядан өтеді, яғни қайта жаңғыртылады. Бұл жұмыстар республика көлемінде қолға алынған бастама аясында іске асып жатыр. Реновация дегеніміз – мектепті күрделі жөндеу, ішін қайта жабдықтау. Одан өткен білім ошақтары материалдық-техникалық базасы жағынан «Келешек мектептеріне» ұқсайтын болады. Тоғыз мектептің күрделі жөндеуі осы айдың соңына қарай аяқталып, пайдалануға тапсырылады. Білім ошақтарының құрылысы бойынша қалада әзірге ешқандай проблема туындап тұрған жоқ.

 

«Келешек мектептері» көмекке келді

Шымкентте апатты, үш ауысымды мектептер толығымен жойылды. Дегенмен бала саны жоғары білім ошақтары бар­шылық. Мәселен, кейбір мектептерде үш мыңға жуық бала оқиды. 

2022 жылы апатты, 2023 жылы үш ауы­сымды мектептер мәселесі шаһарда то­лығымен шешілді. Білім ошақтары­ның құрылысы демографиялық өсімге сай жүргізіліп жатыр. Қалада 18 «Жайлы мектеп» салу жоспарланса, соның он екісі соғылып, пайдалануға берілді. Жаңа оқу жылында тағы бір «Жайлы мектеп» ашылады. Бұл бала саны тығыз орналасқан білім ошақтарындағы проблеманы шешуге септігін тигізеді. Айта кеткен жөн, бастапқыда қабылданған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы биылғы маусым айында атауын өзгертіп, «Келешек мектептеріне» айналды.

Г.Дәрібаева «Келешек мектептері­не» арналып оқыту бағдарламасы түзі­летінін, жай мектепке қарағанда, білім беру әдістемесі өзгеше болатынын жет­кізді. Әзірге екі білім ошағының оқыту бағдарламасында ешқандай өзгеріс жоқ. «Келешек мектептеріне» қойылатын басты талап – ұстаздардың жоғары біліктілігі мен оқушылардың сабақ үлгерімінің жақсы болуы. Өткен жылы ашылған екі «Келе­шек мектебіне» оқушылар мен ұстаздар жақын орналасқан білім ошақтарынан ауысу тәртібі бойынша қабылданды. Алайда Г.Дәрібаева тәжірибеде бұл әдіс дұрыс болмағанын атап өтті. Осыған байланысты 2025 жылы пайдалануға берілген жаңа «Келешек мектептеріне» оқушылар ата-аналардың өтінішімен қабылданса, ұстаздар конкурс негізінде жұмысқа орналасты. Бұл білікті мұғалімдердің конкурс арқылы іріктеліп алынуына, кез келген ата-ананың баласын «Келешек мектебінде» оқытуына мүмкіндік берді.

Қала әкімдігі мектептердің материал­дық-техникалық базасын нығайтуға ке­йін­гі жылдарда өте қатты көңіл бөлді. Соның нәтижесінде Шымкенттің білім ошақ­тары басқа өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда жақсы көрсеткіштерге қол жет­кізді дейді маман. Көптеген кабинет жабдықталды. Роботтехникаға арнал­ған қосымша кабинеттер пайда болды. Шымкентте алғаш рет №137 мектептің кіре­беріс залының қабырғасы заманауи үлгіде әрленді. Соған орай барлық білім оша­ғының қабырғалары осы үлгі бойынша сәнделді. Оған мысал ретінде қазақтың ақын-жазушылары мен оқымыстыларының қабырғадағы портреттерін, олардың на­қыл сөздерін келтіруге болады. Сонымен бір­ге Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығы­на сәйкес кабинеттер зертханалық құрал-жабдықтармен толық жабдықталды.

Г.Дәрібаева атап өткендей, мектеп­тердің қауіпсіздік мәселесіне басқарма ерекше ден қояды. Өйткені бала қауіп­сіз­дігі әрдайым бірінші орында тұруға тиіс. Ата-аналарды алаңдататын да осы жағдай. Сондықтан мектептерде толықтай турникеттер орнатылған. Дабыл батырмалары іске қосулы. Бақылау камералары жұмыс істеп тұр. Ол полиция департаментін­дегі жедел басқару қызметіне қосылған. Басқарма тарапынан мемлекеттік мек­теп­тердің қауіпсіздік мәселесі толықтай шешілген. Жекеменшік мектептерде ішінара атқарылатын жұмыстар бар. Әкімдік қауіпсіздік мәселесі жөнінде олар­ға тиісті талаптар қойып, оның орындалуын күтіп отыр. Сондай-ақ Шымкент мектептері І санатты күзет қызметі­мен қамтамасыз етілген. Егер бір жағдай орын алса дереу құқық қорғау органдарына ­хабар түсіп, олар оқиға орнына едел-жедел жетіп келеді.

 

Жасанды интеллект басқаратын жаңа жоба

Биыл қаланың білім саласында бірінші рет «Айқын» жобасы іске асырылғалы отыр. Оған жергілікті бюджеттен 5,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражатқа мек­тептердегі компьютерлік кабельдер жа­ңартылады. Ол интернет жылдамдығын жақсартуға көмектеседі. Қазір кейбір мектептерде интернет жыл­дамдығы төмендеу. Оған бірінші кезекте кабельдердің тозығы кінәлі. Мектептерде 4 205 камера істеп тұр. Жоба аясында басқарма тағы 9 021 бақылау камерасын сатып алады. Білім ошағындағы әрбір кабинет камерамен жабдықталады. Спорт залымен қосқанда қала мектептерінде 8 230 кабинет бар. Соның 829-ы камера қызметіне қосылған. Енді тендерде жеңімпаз атанған компания қалған каби­неттердің бәріне камера орнататын болады. Мердігер қолданыстағы төрт мың­нан астам камераның ішінде­гі істен шыққандарын да ауыстырып береді. Бақы­лау құрылғыларын жасанды интеллект басқарады. Егер кабинетте заң бұзу­шылық орын алса, камераға түскен деректер дереу полиция департаментіндегі жедел басқару қызметіне жөнелтіледі. Г.Дәрібаеваның мәлімдеуінше, камера арқылы басқармадағы әдістемелік орталық мамандары кез келген мектептің кабинетіндегі сабақты онлайн бақылай алады.

«Сонымен бірге Kundelik kz. жүйесі арқылы директорға, оның орынбасарына, мұғалімге ескертулер келіп түседі. Мәселен, ағылшын тілінің мұғалімі 45 минуттық сабақта 5 минут телефон қараса, 20 минут біреулермен сөйлессе, балаларға сабақ түсіндірмей, үй тапсырмасын бере салса, Kundelik kz. платформасын ашқанда ескерту келіп тұрады. Ол жерде мұғалімнің іс-әрекетін айыптаған хабарлама жарияланады. Оның бәрін жасанды интеллект камералар арқылы бақылап, Kundelik kz.-ке жіберіп отырады. Бұл хабарлама директор мен оның орынбасарына да барады. Директор мұғалімді шақырып алып, өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін ескерту жасай алады немесе басқа да жауапкершілікке тартуы мүмкін. Жаңа жоба Шымкентте бірінші мәрте қолға алынғалы жатыр. Бірақ басқа өңірлерде бұл тәжірибе біраздан бері бар сияқты.  Біз өткен жылы оны сынақтан өткізіп көрдік. Қаланың екі мектебінің дәлізіне жасанды интеллектімен басқарылатын камералар орнаттық. Сол арқылы басқарма мамандары әрбір тәртіпсіздікті бақылап отырды. Тіпті жасанды интеллект көмегімен ба­лалардың көңіл күйін анықтадық. Мына ба­ланың көңіл күйі жоқ, мұңайып тұр деп ЖИ нұсқаған оқушымен мектептің пси­хологтері арнайы жұмыс жүргізді. Сөй­­тіп, оқушылардың психологиялық ахуалы­на жауапты мамандардың қызметтік мін­де­тін күшейттік. Жасанды интеллект арқы­лы бақылауды бастапқы тәжірибеден өткі­зіп көрдік. Нәтижесі жаман емес. Енді қала көлемінде қалай болатынын байқаймыз. Жаңа жоба мегаполистің білім саласына төңкеріс әкелмесе де біраз өзгерістерге жол бастайтыны анық. Бақылау арқылы мұғалімдер қызметінің сапасы жақсарып, оқушылардың білім деңгейі арта түседі деген сенімдеміз. Төбесінде камера тұрғанын білетін ұстаз 45 минут сабағын талапқа сай өткізіп, сынып ішінде оқушылардың да бұзықшылығы азаяды», деді Гүлнара Тұрдыбайқызы.

Осы жобаның көмегімен тек білім сапасын арттырып қоймай, оқушылар арасында кездесетін буллинг, яғни әлімжеттікті де жоюға болады.

Әрбір оқушыны ыстық тамақпен қамтамасыз етуге мемлекет тарапынан қаржы бөлінеді. Ол «Әлеуметтік әмиян» деп аталады. Сол әмиян қаражаты­ның мақсатты жұмсалуын бақылау үшін басқарма ақпараттық-бағдарламалық кешенді енгізу үстінде. Бұл жүйе бойынша мемлекет баланың ыстық тамақ жегеніне қарай ақша төлейді. Мектеп асханасын жалға алған кәсіпкер тек келген бала санына қарай азық-түлікпен қамданып, ас әзірлейді. Мәселен, мемлекет жүз балаға ақша бөлсе солардың барлығы түгел тамақтана ма, оған қарамайтын. Келмей қалған оқушының орнын басқа бала пайдаланып кететін. Енді жаңа жүйемен қаржы тек тамақтанып жүрген бала үшін ғана нақты қаралады. Осылайша, АБК-ның қаржы үнемдеуге көп пайдасы тигелі тұр. Ақпараттық-бағдарламалық кешен жасанды интеллект көмегімен іске асырылады. АБК-мен кітапханаға келетін бала санын анықтап, оқушылардың кітапхана қызметін пайдаланудағы статистикасын дәл есептеп шығаруға болады.

 

Ас мәзірін диетологтер әзірлейді

Көп жағдайда мектептегі ас мәзіріне қатысты көңіл толмастық орын алып жатады. Биыл бұл мәселеге байланысты білім саласын үлкен жаңалықтар күтіп тұр. Жаңа оқу жылынан бастап мектеп асханасының тамақ мәзірін әзірлеу қызметі Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына жүктеледі. Балаларға қандай тағам түрі пайдалы, оның мөлшері қандай болу керектігін бұдан былай денсаулық сақтау ұйымының диетолог мамандары өзге әріптестерімен бірлесіп шешетін болады. Мектеп асханасының аспаздары ­диетологтер бекіткен ас мәзірі бойынша тамақ әзірлейді. Г.Дәрібаеваның айтуынша, білім басқармасы асхананы жүргіз­ген кәсіпкерлерге тамақтың қалай әзірленіп жатқанын бақылайтын камералар орнатуды міндеттеп отыр. Бұл бірінші кезекте мектеп асханаларында санитарлық тазалықты сақтау үшін керек. Екіншіден асхана қызметкерлерінің тамақты ереже мен нормаға сай әзірлеуі назарда ұсталады.

«Шымкенттік ұстаздардың кәсіби біліктілігі жоғары деңгейде. Өйткені олар талапқа сәйкес әр үш жыл сайын «Өрлеу» мекемесінде кәсіби шеберліктерін шыңдап отырады», дейді Г.Дәрібаева.

Қала мектептерінде 216 шебер ұстаз сабақ береді, олардың арасында Еңбек ері атағын алған педагогтер де бар. Рес­пуб­ли­калық, халықаралық жарыстарда топ жа­рып жүрген мұғалімдер де жетер­лік. Мек­тептің пән оқулығын жазуға атса­лыс­қан ав­торлар да бар. Қысқасы, мегаполис­тің ұс­таздар қауымы – өз ісінің нағыз шеберлері.

 

Бала қайда болса, қаржы сонда

Г.Дәрібаева ваучер жүйесінің тиімді­лігі туралы да айтып берді. Ол баланың артынан еретін қаржы деген мағынаны білдіреді. Шымкентте бұл жүйеге алдымен мектепке дейінгі білім беру ұйым­дары өтті. Балабақшалар қазір түгел ваучерлық жүйеде. Жаңа ереже мектепке дейінгі білім саласындағы бір­ша­ма кемшілік­тің бетін ашып берді. Бала­бақ­шаларда балдырғандарды өтірік тіркеп қойған жайттар анықталды. Сондай-ақ балабақ­шаға кеп жүрген көп бала қаланың емес, басқа өңірлердің тұрғыны болып шыққан. Ваучерлық жүйе кішкентайлардың тезірек балабақшаға кезекке тұруына жағдай жасады.

«Бұрын балалар мемлекеттік тапсырыс бойынша қабылданатын. Мәселен, үш мың балаға конкурс жариялайтынбыз. Оған қатысуға 600-ге жуық кәсіпкер құжат тапсыратын. Комиссия қарап, зерделеп, 3 мың баланы мекемелерге бөліп беретін. Солардың ішінен жеке­меншік балабақшаның иесіне 100 бала бұйырады. Ай сайын кәсіпкер сол жүз балдырғанға мемлекеттен ақша алады. Бірақ балабақшаға балалардың жүзі толық келе ме, жоқ па – оған ешкімнің басы ауырмайды. Бір бала он бес күн келіп, қалған уақытта келмеуі мүмкін. Соған қарамастан, балабақша иесіне мемлекет бекітілген бала санының ақшасын төлеп отырды. Яғни бұрынғы жүйеде орын саны бөлінетін. Ваучер жүйесінде ақша орынға емес, үш мың баланың өзіне таралады. Ваучерлық балабақшаға қабылданған кезде ақша өзімен бірге ере келіп, мектепке дейінгі білім беру ұйымының бюджетіне түседі. Егер балдырған басқа балабақшаға ауысса, ақшаны да өзімен бірге ала кетеді. Осы жүйенің нәтижесінде балабақшалар арасында шынайы бәсекелестік туындады. Ваучердың ең үлкен пайдасының бірі де осы. Жекеменшік балабақша қожайын­дары балаларды өздерінде алып қалу үшін қа­зіргі таңда бар жағдайды жасауға тырысып жатыр. Біріншіден, материалдық-тех­никалық базасын жақсартады. Екін­шіден, тәжірибелі тәрбиешілерді жұ­мыс­қа қабылдайды немесе мамандарды білік­тілікті арттыру курстарына оқуға жібе­реді. Бір сөзбен, ата-анаға балабақша қы­зық­ты болу үшін көп өзгерістер жасайды. Ең бастысы, анау жүз бала балабақшадан ешқайда кетіп қалмауы керек. Сонымен бірге ваучер жүйесіне қосымша білім беру мекемелері өтіп жатыр. Оған Оқушылар сарайы, түрлі үйірмелер кіреді. Осы уақыт­қа дейін бағытына қарай олар қала­лық денсаулық сақтау, мәдениет, спорт бас­қар­маларына қарап келді. Жаңа ереже бойын­ша барлығы білім басқармасына біріктірілді. Яғни үйірмелерге ваучер­лық жүйемен қаржы бөлуді басқарма жүзеге асырады. Енді қосымша білім беру мекемелері де оқушылардан айыры­лып қалмау үшін өзара бәсекелестікке түсе­ді. Үйірмелерді ваучерлық жүйеге көші­ру Үкімет бастамасымен қолға алынған қанатқақты жоба. Оған республикадағы ­6 өңірмен бірге біз де қатысып жатыр­­мыз. Нормативтік құжаттардың барлығы ­да­йын, тиісті қаулылар шықты. Осыған сәй­кес 344 қосымша білім беру ұйымы­ның қызметін тамыз айының соңына дейін тексеріп шығамыз. Сосын хаттама түзіліп, үйірме басшыларына ваучерлық жүйеге қатыса алатыны немесе ол талапқа сай еместігі туралы хабарлама жіберіледі. Ваучер­лық қаржыландырудан қағылған үйірмелер келешекте жабылып қалуы да мүмкін. Біз барлық үйірме басшыларына ғимараттарын стандартқа сәйкестендіру туралы ескертпе бергенбіз. Ғимараттың төбесінің биіктігі 280 сантиметр болуы керек. Спорт залда міндетті түрде жуынатын бөлме, ұлдар мен қыздарға бөлек әжетхана қарастырылу қажет деген сынды талаптар қойдық. Мониторинг нәтижесінде ес­керт­пеге құлақ аспағандарға тағы да екі ай мерзім беруіміз мүмкін. Ол кезде де жағдай түзелмесе, ондай үйірмелерді вау­черлық жүйемен қаржы алатындар тізбе­сінен алып тастаймыз. Мектепке дейін­гі қосымша білім беру мекемелерінде жү­ріп жатқан қанатқақты жоба түбінде бекі­ті­ліп, балабақшалар секілді ваучерлық жүйе­ге түбегейлі көшеді деп сенемін», деді Г.Дәрібаева.

Бүгінде қала мектептерінде қосымша пән ретінде шахмат үйрету сабақтары жүріп жатыр. Жалпы, шахмат ойынын пән ретінде оқытатын білім ошақтарының саны артып келеді. Сонымен бірге бел­гілі бір пәнді оқушыларға жаңаша тәсіл­мен үйретуді қалаған ұстаздар да көп. Олар өздерінің әдіс-тәсілін басқармаға қарасты әдістемелік орталыққа ұсынады. Арнайы комиссия оны қарап, мұғалімге автор­лық бағдарлама ретінде бекітіп береді. Авторлық әдістемесімен балаларға сабақ түсіндіріп жүрген білікті педагогтер де бар.

 

Кадр мәселесін платформа реттейді

Жаңа оқу жылында қаланың білім саласын тың жаңалық күтіп тұр. Биыл мектептерге «Темір» деп аталатын жаңа платформа енгізілмек. Осы тұжырымдама бо­йынша мектептегі мұғалімдердің қыз­меті автоматты жүйе арқылы бақыла­нып, реттеліп отырады. Мәселен, ұстаз­дың ден­саулығына байланысты демалысқа шығуы, ақысыз демалыс алуы, тағы сол секілді жағ­дайлар түгел электрондық платформада табель ретінде көрініп тұрады. Есеп-қисап бөлімі де айлық-жалақыны мұ­ға­лімге осы тұжырымдама арқылы еңбек ет­кен күндерін есептеп төлейді. Жаңа плат­­форма мектептегі есеп-қисапты кадр бө­лі­мінің өзара үйлесімімен жүзеге асады. Сондай-ақ жоғарыда атап өткен «Айқын» жобасы да қосылып, бірыңғай ақпараттық кешен құрады. Ұстаздардың еңбек тәртібін түгендеп отыратын бұл платформа әзірге тек Шымкентте ғана қолға алынған біре­гей жоба. Сондай-ақ Г.Дәрібаева биылғы Жұмысшы мамандықтары жылына орай колледжге түсетін талапкерлерге бөлінетін грант көлемі ұлғайғанын жеткізді.