Дәнді даласымен даңқы шыққан Меңдіқара өңірінде Қостанай облысының ауыл шаруашылығы жетістіктері мен техника қуатын жария еткен халықаралық көрме өтті. «Jańa Dala-Qarqyn 2025» деп аталған ауқымды іс-шараға 20 шақты елден 500-ден астам агротехника сатушылар, халықаралық бидай саудасымен айналысатын компаниялар, диірмендер, элеваторлар, логистикалық компаниялардың, ғылыми институттардың өкілдері, алыс-жақыннан келген ірі шаруашылықтар, фермерлер қатысып, өзара сауда-саттық, ынтымақтастық жөнінде келісімшарт жасасты.
36 инвестициялық жоба жүзеге асады
Көрменің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов өңірдегі ауыл шаруашылығы саласында іске асырылып жатқан ірі жобалар мен алдағы мақсат-міндеттер жөнінде айтты.
«Қостанай облысы – өнеркәсіп өндірісі мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған әлеуеті аса жоғары өңір. Бұл аймақтың топырағы құнарлы, табиғаты егіншілікке, мал шаруашылығына аса қолайлы. Біз табиғаттың өзі берген осы бір үлкен әлеуеттің игілігін тиімді жарату жолында тың ізденістерге барып, табысты жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Агросекторға көптеген инвестиция тартылып жатыр. Бүгінде жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерінің дені бұрынғыша шикізаттай емес, өңделіп, азық-түлік тауары түрінде саудаға шығарылады. Өнім көлемі де едәуір ұлғайды», деді әкім орынбасары.
Айтуынша, биыл облыстың агроөнеркәсіп кешенін қолдауға мемлекет қазынасынан 207 млрд теңге бөлінген.
«Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1,2 есе, ал 2023 жылғы көрсеткіштен екі есе көп. Биыл көктемгі егіс науқанын қаржыландыру үшін 62 млрд теңге жеңілдетілген несие бөлінді. Ауыл шаруашылығы құрылымдары бұл қаржыны тиімді пайдаланып, биыл да жоғары өнімге қол жеткізеді деп сенеміз. Өңірде техникаларды жаңарту мәселесі де біртіндеп шешімін тауып келеді. Мәселен, өткен жылы техниканың 6%-ы жаңартылса, биыл бұл көрсеткішті 7%-ға жеткізу жоспарда бар. Осы мақсатта жеңілдікті лизинг бағдарламасы арқылы агротехника сатып алуға 250 млрд теңге қаржы қарастырылған. Бүгінде ауыл шаруашылығы кәсіпорнының жетістігі заманауи, қуатты техникаға тікелей байланысты. Біз шаруашылықтарды қаржылай қолдау арқылы өндірістің техникалық және технологиялық деңгейін көтеруді көздеп отырмыз», деді А.Әбенов.
Алдағы екі жылдың ішінде облыста 383 млрд теңгеге 93 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Биыл 36 жоба іске қосылып, 605 жаңа жұмыс орны ашылады. Аймақта өткен жылдан бері іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар аясында жалпы құны 20 млрд теңге қаржыға бірнеше заманауи сүт-тауар фермасы, суармалы әмбебап жылыжайлар салынған.
Іс-шараның салтанатты рәсімінен кейін көпшілік Қостанайдағы «АгромашХолдинг KZ», Көкшетаудағы «ҚазАгроМаш», Астанадағы «Ростельмаш» зауыттарынан шыққан техникалар қойылған агрокөрме алаңын аралады. Бір топ шаруа «Астана Агро Партнер» компаниясы әкелген еуропалық дәнсепкіш кешенді қызықтады. Компанияның коммерциялық менеджері Нұржан Сүлейменовтің сөзінше, Италияда жасалған қуатты техниканың бірін биыл көктемде Меңдіқара ауданындағы «Сатай» шаруа қожалығы сатып алған. «Аталған шаруашылық көктемде осы техниканың көмегімен 2 500 гектарға майлы дақыл тұқымын септі», деді Н.Сүлейменов.
Ал «Динамика» агрокомпаниясы көрмеге бау-бақша өсімдіктерін суаратын, тыңайтқыш шашатын робот әкелген. Шынжыр табанды шағын техника бағдарламалы пульт арқылы басқарылады және ағаш арасында, бұрылыс-қиылыс, кедергісі көп жерлерде еркін жүре береді.
Экспорт көлемі екі есе артты
Алда келе жатқан күзгі жиын-терім науқанына орай өткен ауқымды іс-шара аясында «Астық 2025» деген тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Алқалы жиында еліміздің аграрлық саясатындағы басым бағыттар, нарықтың бүгіні мен келешегі, салаға көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігі жөнінде келелі әңгіме қозғалды.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында ішкі және сыртқы нарыққа 850 мың тоннадан астам астық өткізген. Компанияның басқарушы директоры Тобылбек Омаров аталған корпорацияның бидай нарығындағы орны мен қызметіне тоқтала келіп, мемлекеттік қолдаудың аграрлық сектор тұрақтылығын арттыруда және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуда аса маңызды екенін атап өтті.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы құрылған күннен бастап ішкі азық-түлік нарығын қамтамасыз ету бойынша кешенді шараларды жүзеге асырады және ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қаржылай қолдау көрсетеді. Тек 2025 жылдың басынан бастап компания 350 мың тонна дәнді және майлы дақылдарды сатып алуды форвардтық қаржыландыру шеңберінде шаруаларға шамамен 18 млрд теңге бөлді. Атап айтқанда, Қостанай облысының фермерлерімен 105 мың тонна агроөнімді жеткізгені үшін 5,4 млрд теңге алдын ала төлем сомасына 121 келісім жасалды. Корпорация ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қаржылай қолдау көрсетумен қатар, экспорт әлеуетін дәйекті түрде дамытып келеді. Жаңа сауда серіктестерін іздеу және перспективалы өткізу нарықтарын игеру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында корпорация 850 мың тоннадан астам астық өткізді. Осы көлемнің 200 мың тоннадан астамы шетелдік нарықтарға жөнелтілді. Бұл – өткен жылдың осы кезеңіне сәйкес көрсеткіштен екі есе көп. Ел экспортының географиясы стратегиялық маңызды бағыттарды қамтиды. Компанияның негізгі серіктестері – Қытай, Иран, Тәжікстан және Қырғызстанның мемлекеттік құрылымдары», деді Тобылбек Омаров.
Компания өкілі аграрлық секторды жүйелі мемлекеттік қолдау өндірістің өсуіне, отандық агроөнеркәсіп кешендерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. «Жаңа дала» жобасының бас үйлестірушілерінің бірі Әділет Сағымбаевтың айтуынша, аталған көрме Қостанай облысында осымен үшінші рет өтіп отыр.
«Іс-шара барысында көптеген елдің аграрлық саладағы үздік тәжірибелерімен танысуға мүмкіндік туып отыр. Мұнда фермерлер жаңа технологиялар мен ауыл шаруашылығы техникаларының озық үлгілерін көру үшін ғана емес, өзара тәжірибе алмасу үшін, нақты келісімдер жасау үшін келеді. Бүгін екі бірдей мәжіліс залы жұмыс істеп тұр. Алғаш рет дала жағдайында сатып алушылар мен өндірушілер тікелей кездесіп отыр. Бұл – отандық агроөнеркәсіпке үлкен серпін беретін алаң», деді ауқымды іс-шараның үйлестірушісі.
Қостанай астығы теңіз жолы арқылы тасымалданады
Жиында бидай экспорты көлемінің ұлғаюына теміржол тасымалының да оң ықпалы бар екені айтылды. Былтыр 1 шілдеден осы жылдың 30 маусымына дейінгі аралықта вагонмен тасымалданған астық көлемі өткен маусыммен салыстырғанда 40%-ға артқан, ал экспорттық тасымал 50%-ға өскен. Іс-шараға «Ақтау теңіз солтүстік терминалы» компаниясының өкілдері де арнайы келіп қатысты. Компанияның бизнесті дамыту жөніндегі маманы Есенжол Нұрланның айтуынша, аталған терминал арқылы жылына 1 млн тоннадан астам арпа экспортталады. Оның дені Иранға, одан әрі Үндістан, Пәкістан елдеріне кетеді.
«Көрме барысында қостанайлық шаруаларға, арпа, бидайды экспорттайтын компанияларға өз қызметімізді ұсындық. Біздің терминал арқылы Еуропа, Иран, Әзербайжан, Түркияға астық жеткізуге болады. Қазір елімізде теңіз шаруашылығы да дамып жатыр. Каспий теңізінде кемелер көбейді. Сондықтан ірі шаруашылықтар біздің қызметімізді пайдаланып, өнімін экспортқа жібере алады. Нәтижесінде, жол, уақыт қысқарады. Осы іс-шара аясында алдағы күзде Қостанай облысындағы екі агрофирманың 600 мың тонна астығын шетелге жеткізу туралы келісімшартқа отырдық», дейді Есенжол Нұрлан.
Конференцияға Өзбекстаннан «Узегмойсаноат» қауымдастығының өкілдері де қатысты. Өзбекстандағы аграрлық нарық және логистика жөніндегі сарапшы Әлішер Махмудовтың сөзінше, аталған қауымдастық өзбек елінде мақта, күнбағыс тәрізді түрлі шикізаттан сұйық май өндіретін 320 кәсіпорынның басын біріктіріп отыр.
«Біздің өңдеушілер Қазақстаннан жылына 200 мың тоннадан аса шикізат пен жартылай дайындалған өнімдерді, сондай-ақ 150 мың тоннадан астам дайын май сатып алады. Бұл жолғы көрмеге қазақстандық әріптестеріміздің жаңа маусымдағы мүмкіндіктерімен танысып, сауда-саттық саласындағы ынтымақтастығымыздың келешегі туралы кеңесу, тікелей тауар жеткізушілермен уағдаластыққа отыру мақсатында келіп отырмыз», дейді Ә. Махмудов.
Конференцияға қатысушыларды Молдованың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Штефан Горда да құттықтап, аталған іс-шараның халықаралық маңызы бар екенін айтты.
«Мұндай көрмелер шаруаларға аграрлық инновацияны таныстырумен ғана шектелмейді, сонымен қатар елдер арасындағы өндірістік байланыстарды нығайтады. Біз Молдова мен Қазақстан арасындағы достық байланыстарды жоғары бағалаймыз. Қостанай облысын тұрақты әріптес өңір ретінде ұсынып отырмыз. Бұл нақты инвестициялық жобаларға жол ашады», деді елші.
Қостанай облысы