• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Форум Бүгін, 09:15

Игілікке бастайтын инвестициялық форум

20 рет
көрсетілді

Орал қаласында «KazService» ұйымының бастамасымен «ҚПО: Стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру жолында» атты өңірлік инвестициялық форум өтті. Форумға ел экономикасының күретамыры саналатын мұнай-газ саласының ірі инвесторлары қатысып, жиын барысында жергілікті бизнестің мүмкіндігін кеңейту, отандық қамтуды арттыру және өндірісті әртараптандыру мәселелері талқыланды.

Пленарлық отырыс­та Мә­жі­ліс депутаты Абзал Құспан сөз алып, Қарашығанақ – еліміз­дегі ең ірі жобаның бірі, ал оның өңір экономикасына қан­шалықты ықпалдасуы – барлығы­мыз үшін маңызды деді. Ол ком­па­ния жұмысындағы оң өзгеріс­тер қатарында 2024 жылы жергі­лікті қамту деңгейі 65%-ға жетке­нін, семинар, кездесулер ұйымдас­тырылғанын, 2030 жылға дейін отандық тауарлар үлесін 30%-ға жеткізу мақсаты қойылып отыр­ғанын атап өтті. Сондай-ақ 50-ден астам ұзақмерзімді келі­сім­шарт жасалып, жергілікті маз­мұнға қызығушылық артып келе жат­қанын да жеткізді. Оның айтуынша, әйткенмен әлі күнге шешімін таппаған түйткілдер де бар.

«Біріншіден, Батыс Қазақ­станда жергілікті кәсіпкерлік орта әлі де әлсіз. Атыраудағыдай серпіліс болмады. ТШО жер­гі­лікті бизнесті дамытуға нақ­ты серпін берген болса, Қарашы­ғанақ жобасы әлі ондай деңгейге жеткен жоқ. Екіншіден, offtake-келісімшарттар жабық күйде қалып отыр. Депутаттық сауал­дарға қарамастан, нақты тізім ұсынылмай келеді. Егер қыр­күйекке дейін тиісті ақпарат берілмесе, бұл мәселені Мемлекет басшысының деңгейінде көте­руге мәжбүр боламын. Үшінші­ден, жергілікті компаниялар ірі тендерлерге қол жеткізе алмай отыр. Кері байланыс жоқ, бағалау критерийлері түсініксіз, ал тендерлік лоттар шағын және орта бизнес үшін қолжетімсіз. Төртіншіден, инженерлік және жөндеу қызметтерін жергілікті деңгейде игеру әлі де төмен. Мұнда жоғары оқу орындары, ғылыми-техникалық орталықтар мен технопарктерді тарту маңызды. Біз сындарлы диалогті қолдай­мыз. Бірақ ол формалды емес, нәти­желі болуға тиіс. Жергілікті бизнес ­жұ­мыс істеуге, даму мен жауап­кер­шілік алуға дайын. Ең бас­тысы — тең мүмкіндік пен ашық ­қол­жетімділік қажет», деді депутат.

Форумның техникалық секциясында ҚПО компаниясы бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев альянс алдында тұрған басты меже – 2030 жылға дейін тауар түріндегі жергілікті мазмұнды – 30%-ға, жұмысшылар үлесін – 82%-ға, отандық қызмет көрсетушілер арасалмағын 90%-ға дейін жеткізу екенін хабарлады. Айтуынша, отандық жеткізушілерді қол­дау мақсатында ерте тендерлер, алдын ала тапсырыстар, әріптестіктің жаңа формалары ұсынылып отыр. Сондай-ақ көптеген тауар – реттегіш қақпақтар, химиялық реагенттер, манометр және басқа да бұйымдар қазір тек отандық өнді­рушілерден алынады.

«2020–2025 жылдар аралы­ғында жергілікті тауар өнді­рушілермен арада жалпы құны 8,7 млрд долларға тең 1 300-ден аса келісімшартқа қол қойылды», деді Мұхтар Манкеев.

Компания басшысының тағы бір орынбасары, өндіріс жөніндегі директор Никола Аллегро өз сөзінде Қарашығанақ кенішінде қазір атқарылып жатқан опе­ра­цияларға тоқталды. Оның айтуын­ша, Қарашығанақ – мұнай мен газ конденсаты қоры жөнінен әлемдегі ең ірі кеніштің бірі. Соңғы есептерге қарағанда, мұнда 1,2 млрд тонна мұнай мен конденсат, 1,35 трлн текше метр газ бар. Қазір ҚПО жер қабаттарын толық басқарып, бұрғылау, ұңғымалар­ды күрделі жөндеу, сынақ жасау, өндірістегі барлық жабдыққа техникалық қызмет көрсету секілді жұмыстарды атқарып отыр.

ҚПО компаниясына қажет тауарлар мен қызметтерді жеткізу, ұйымдастыру жұмысына жауапты Дос Сантос Сильвестр Карлос Антонио да өз сөзінде жер­гілікті тауар өндірушілердің түр­лі тендерге қатысу мүмкін­дігі молайғанын айтады. Мәселен, 2025 жылдың алғашқы жартысында ҚПО 127 келісімшарт жасаса, оның 97,7%-ы Қазақстан резиденттеріне тиесілі. Мұның ішінде батысқазақстандық фир­ма­лардың үлесі 25%-ды құрайды. Компания тізімінде 243 жаңа жеткізуші тіркелген, ал 421 компания 2022 жылдан бері әріптестік байланыста келе жатыр.

 

Батыс Қазақстан облысы