Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы толық цифрландыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында елімізде «Сауданың цифрлық айнасы» атты жаңа ауқымды жоба жүзеге асырыла бастады. Бұл туралы Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Министрдің айтуынша, жоба – өндірістен бастап түпкі тұтынушыға дейінгі аралықтағы барлық кезеңді электронды форматта бақылауға мүмкіндік беретін толыққанды экожүйе. Яғни, кез келген тауардың қайда өндірілгені, қалай тасымалданғаны, қай жерде сатылғаны туралы ақпарат ашық әрі нақты тіркеліп отырады. Бұл жүйе көлеңкелі экономикамен күресте және әділ бәсекелестік орнатуда маңызды құралға айналмақ.
Цифрлық бақылау жүйесінің негізі – тауарлардың толық классификациясы мен каталогталуы. Бүгінде 1,3 миллионнан астам өнімге жіктеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, «Ұлттық тауарлар каталогы» мен «Электрондық тауарлар каталогына» сәйкес жұмыстар аяқталуға жақын.
Жобаның тағы бір маңызды элементі – тауарларды сертификаттау процесін цифрландыру. Осы мақсатта өткен жылы «Техникалық реттеудің ақпараттық жүйесі» (E-КТРМ) іске қосылған болатын. Қазір бұл жүйеде 100 мыңнан астам өтініш беруші, 1,5 мың аккредиттелген ұйым тіркелген. Нәтижесінде, 3,5 миллионнан астам рұқсат құжаттары цифрлық түрде беріліп, сертификаттау үдерісі едәуір жеңілдеген әрі ашықтық қамтамасыз етілген.
Бұл бастамалар ел ішінде заңды сауда айналымын кеңейтумен қатар, отандық өндірушілердің өнімін сыртқы нарыққа сенімді ұсынуға мүмкіндік бермек. Сарапшылардың пікірінше, цифрлық бақылау тетіктері инфляцияны тежеуге, делдалдық тізбектерді қысқартуға және тұтынушыға тауарды нақты бағамен жеткізуге жол ашады.
Осылайша, «Сауданың цифрлық айнасы» жобасы ел экономикасын цифрлық форматқа көшірудегі кезекті нақты қадам болып отыр.