Қазір ел көлемінде есірткі қылмысының жолын кесуге бағытталған «Қарасора – 2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, деп жазады Egemen.kz.
1 маусым-31 қазан аралығында өтетін «Қарасора – 2025» іс-шарасының басты мақсаты – есірткіге байланысты құқықбұзушылықтардың алдын алып, құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру және дайындау фактілерінің жолын кесу.
Іс-шара басталғалы Қызылорда облысы көлемінде барлығы 70 есірткі құқықбұзушылығы анықталса, оның ішінде 41 дерегі есірткі өсіруге қатысты болып отыр. Сондай-ақ, оны өткізу, аса ірі мөлшерде сақтау және есірткіге байланысты қылмыстық теріс қылықтар да тіркелген.
Заңсыз айналымнан 898 кг 684 гр есірткі заты алынып отыр, оның 5 келіден астамы «марихуана» болса, 8 кг 794 гр көкнәр өсімдігі, 2 килодан астам синтетикалық есірткі де тәркіленген.
Есірткі өсірумен айналысқан 32 адам құрықталып, оның 13-ы қамаққа алынды.