Осы кезге дейін электронды өтініш беру жүйесі арқылы 12 мыңға жуық ата-анадан бірінші сыныпқа оқушы қабылдауға өтініш тіркелген. Ал қағаз жүзінде 798 өтініш қабылданды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Атырау облыстық облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Айнагүл Жұмағазиеваның айтуынша, құжат қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады.
«Облыста 2025-2026 оқу жылында 1-сыныпқа 16 762 оқушының қабылданатыны жоспарланып отыр. Бұл өткен оқу жылындағы оқушылардан 1 054 балаға артық. Бірінші сыныпқа қабылданатын оқушылардың көп бөлігі Атырау қаласында тұрады. Биыл 1-сыныпқа қабылдау eGov порталы арқылы жүргізілді. Қазір 1-сыныпқа дәріс беретін мұғалімдер саны жеткілікті, педагог тапшылығы жоқ. Оқушылардың барлығы оқулықтармен толық қамтамасыз етіледі», дейді Айнагүл Жұмағазиева.
Оның мәліметінше, 1-сыныпқа қабылданатын балалардың 70 пайызы мемлекеттік тілде оқуды таңдап отыр. Ал 30% орыс тілінде білім алады.
Сондай-ақ, 4 тамызда «Балақайлар мектебі» жұмысын бастады. Онда балаларға бейімделу және даярлық сабағы өткізіледі.
«Бұл балалардың мектепке бейімделуіне ықпал етеді. Дайындық сабағы аптасына 5 рет өткізіледі. Күніне 4 сабақ болады. Бағдарлама кестесіне сауат ашу, математика және көркем әдебиет пәндері енгізілді. «Балақайлар мектебі» жұмысы 22 тамызға дейін жалғасады», деді Айнагүл Жұмағазиева.