«Ақтау – түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы аясында «Жұмбақ бояулар» атты халықаралық мүсіншілер симпозиумы өткен еді. Осы жиынға Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркия мемлекеттерінің өнерпаздарымен бірге оралдық мүсінші Ерғали Бекешев те қатысты.
Осы сапарда Суретшілер одағының мүшесі, Көркемсурет академиясының мүше корреспонденті, танымал мүсінші Ерғали Бекешев теңіз жағасындағы қалаға биіктігі 3 метр, ені 2 метрге жуықтайтын қобыз мүсінін жасап апарып, Маңғыстау жұртына сыйға тартыпты.
– Өнер жолында жүрген соң өз халқымыздың салт-дәстүрін, болмысын бейнелейтін дүниелерді жасағанды ұнатамын. Өзім негізінен тот баспайтын металмен жұмыс істеймін. Бұған дейін де қобыз аспабы бірнеше шығармама өзек болған еді. Осы жұмысыма – «Ақнар» деп ат қойдым. Жалпы қобыз – тек қазақтың емес, адамзаттың көне аспаптарының бірі. Дауысы ерекше, тылсымға толы. Атырауда Ақнар Тәттібайқызы есімді қобызшы Ресейдің Алтай өлкесіне барып, қобыз тартқанда, күйге балқыған халықтың көзіне жас алғанын айтып еді. Шынымен де қобыздың айналасында мистикалық оқиға көп. Қобызын бәйгеге қосатын Қойлыбай бақсының әңгімесі неге тұрады? – дейді Ерғали Орынғалиұлы.
Ерғали Бекешев биыл жазда Лондонға, «Golden Time Talent» атты халықаралық өнер фестиваліне де қатысты. Фестивальдың онлайн кезеңінде «Алдар көсе» атты мүсінімен бірінші орынды иеленіп, Лондонға шақырту алған шебер темір мен табиғи тастан жасалған «Табандылық» атты жұмысымен халықаралық фестивальдың жеті жүлдесінің бірін алып қайтқан еді.
Бұдан бөлек Ерғали Бекешев – Астана қаласындағы «Астананың құрдасы», Орал қаласындағы «Арман құсы», «Нәзіктік», «Домбыра», Ақтөбедегі «Нарын», Ақсай қаласындағы «Суретшінің әлемі» сынды мүсіндердің авторы. Суретшінің тағы бір жұмысы – «Хан тағы» Орал қаласындағы Хан тоғайына орнатылмақ болып жасалған еді. Бірақ түрлі кедергілердің кесірінен әлі орнын таппай тұр.
Батыс Қазақстан облысы