• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 09:40

Бұл көпірдің жөні бөлек

20 рет
көрсетілді

Тараз қаласында кейінгі жылдары ауқымды жұмыстар атқарылып жа­тыр. Облыс орталығының маңын­­­дағы Байзақ, Жамбыл ауданда­ры­нан бірнеше елді мекен енші алып шығып, қала аумағына қосылды. Нәтижесінде, Тараз қаласында «Жібек жолы», «Әулиеата» аудандары құ­рылды. Бұл өз кезегінде шаһардағы жұ­­мыс­ты дер кезінде жүйелеуге мүм­кін­дік туғызады. Өйткені шағын аудан­дардағы біршама мәселе алдымен екі аудандағы әкімдікте зерде­ле­неді.

Қала әкімдігі келтірген ресми дерекке сүйенсек, облыс орталығына қоныстанған халықтың саны қазіргі кезде 480 мыңнан асқан. Іргедегі екі ауданнан 14 ауылдың қала қатарына қосылуының арқасында тұрғындар саны жарты миллионға жуықтап отыр. Жергілікті халықтың саны артқан са­йын атқарылатын жұмыстың ауқымы кеңи түсетіні мәлім. Әсіресе көлік логистикасына қатысты қолға алатын жұмыс көп. Мұны жергілікті атқарушы билік өкілдері назарда ұстап отыр.

Жиырма жыл бұрынғы Тараз бен қазіргі қаланы салыстыру әсте мүмкін емес. Ол кезде халық саны 300 мыңнан асса, қазір жарты миллионға жуықтады. Нәтижесінде, облыс орталығында жаңа шағын аудандар бой көтеріп, автокөлік саны да артты. Халық санының артуына байланысты туындаған мәселелерді дер кезінде шешу мақсатында қала билігі қолдан келгенше жұмыс атқарып жатыр.

Жергілікті атқарушы билік өкілдері кейінгі бірнеше жылдың бедерінде қала көшелеріндегі жолдарды реттеуге ден қойды. Шаһар басшысы Бақытжан Орынбековтің мұрындық болуымен қолға алынған жүйелі жұмыстың нәтижесінде «Бурыл» тұрғын алабындағы ондаған көшенің жолы жаңарды. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де тоқтаусыз жалғасып жатыр. Бұдан өзге де көшелердің жолын қалпына келтіруге қазынадан қомақты қаржы қарастырылғанын айта кеткен жөн.

Өткен жылы Абай даңғылының бойындағы теміржол үстімен өтетін көпірді салуға қатысты нақты жұмыс атқарылған болатын. Нәтижесінде, биыл көпір құрылысының жұмысы басталды.

Теміржолдың арғы жағын қоныс еткен тұрғындар екі ортаны жалғайтын көпір керек екенін бірнеше жыл бойы мәселе ретінде көтеріп келеді. Бір кездері бұл жұмыс ешқашан қолға алынбайтындай көрінген еді. Алайда жергілікті билік халық көкейіндегі түйткілді тарқату бағытында тынымсыз жұмыс атқарды.

Наурыз айында өңір басшысы Ербол Қарашөкеев бастап, Сенат, Мәжіліс депутаттарының қатысуымен облыс орталығы мен теміржолдың арғы бетін байланыстыратын көпірдің іргетасын қалау рәсімі өтті. Содан бергі аралықта мұндағы жұмыс ширай түсті.

Қала тізгінін қолға алған кезде Б.Орынбеков те осы көпір құрылысын жүргізудің маңыздылығын атап өтіп, ірі жобаны дер кезінде іске асыруға барынша күш салатынын айтқан еді. Бүгінде жоба жүзеге аса бастады. Енді мердігерлер екі жылға жуық уақыт бойы тынымсыз еңбек етеді. Өйткені дәл осы теміржол өткелі арқылы 2026 жылдың аяғына қарай тәулігіне он мыңдаған көлік қатынайтын болады. Сондықтан әр күнді тиімді пайдаланып, құрылысты уақтылы аяқтау керек. 

Ресми дерекке жүгінсек, теміржол үстінен өтетін көпір өткелінің ұзындығы 0,946 метрді құрайды екен. Мердігерлер халықаралық сапа стандарттарын назарға ала отырып, озық инженерлік технологияларды қолдану арқылы іргелі жобаны сәтімен жүзеге асыруға бел буды.

Ауқымды жобаның жалпы құны – 16 млрд теңге. Қазірде мұндағы құрылыс жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Жұмысты 15 айда аяқтау жоспарланған. Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, жобаны жүзеге асыру арқылы Тараздың логис­тикасын айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік туады. Теміржол өткелінің әлеуеті тәулігіне 80 мың автокөлікті құрайды. Ерсілі-қарсылы екі бағытқа қатынайтын шаһар тұрғындарына бұл айтарлықтай жеңілдік.

Тұтас қала жұртының назарын аударған алып көпір жобасын жүзеге асырудың өзіне тән қиындықтары да аз емес. Қала билігі әуелі жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмысын жүргізді. Бұл шаруа да біраз уақыт алды. Мамандар құрылыс жұмысын сапалы жүргізуге кедергі келтіретін, бұзылуға тиіс 58 ғимаратты анықтады. Бүгінгі күнге дейін оның отызы бұзылған. Жұмыстың негізгі бөлігі теміржолдың арғы бетіндегі Абай даңғылының бойында жүргізіліп жатыр.

Жалпы, қала билігі бұл жұмысты бас­тамас бұрын жергілікті тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, олардың ұсыныстарын негізге алған болатын. Көпір құрылысы «жеті рет өлшеп, бір рет кес» қағидаты негізінде жүргізілуі үшін өңір басшысы Е.Қарашөкеев те, қала әкімі Б.Орынбеков те мұндағы жұмысты жеке бақылауына алып отыр.

Қазіргі кезде мердігер тарапынан айналма жолдарға, яғни Малобесағаш, Сыздықов, Жібек жолы көшелеріне асфальт төселіп, Жібек жолы, Малобесағаш көшелерінің қиылысына бағдаршам орнатылды. Сонымен қатар Абай даңғылының теміржолдың арғы жағындағы бөлігінде асфальт жабындысы алынып, көпірдің тірек қабырғаларын орнату мен инженерлік желілерді ауыстыру жұмысы жүргізіліп жатыр.

Ресми дерекке жүгінсек, нысан екі жеделсатымен жабдықталады. Сондай-ақ бағдаршам орнату, аумақты абаттандыру, жарықтандыру жұмыстары да талапқай сай жүргізілмек.

 

ТАРАЗ