Көптен күткен грант конкурсының нәтижесі жарияланды. Әлеуметтік желілерде тараған талапкерлер мен ата-аналарының қуанышты видеолары жүрек толқытады. Ал сол грант кімге бұйырды, қай мамандыққа бөлінді? Бөркін аспанға атқандардан бөлек үміттенсе де ілікпеген 36 мың адам тағы бар, оларға келер жылға қалмай-ақ биыл тегін білім алуға әлі де мүмкіндік қарастырылған ба? Зерделеп көрдік.
Елге керек кадр
Ғылым және жоғары білім министрлігі жариялаған мемлекеттік білім гранттары иегерлерінің тізіміне зер салсақ, елімізге жақын болашақта дәл қандай мамандар қажет екенін болжауға болады. Иә, қай мамандыққа грант көп бөлінсе, сондай салада кадрлар қат екенін білдіреді. Бұл тұрғыда мемлекеттің сұранысы бұрынғыдан еш өзгере қоймаған. Себебі биыл да білім гранттарының басым бөлігі (60%-ы) инженерлік және техникалық мамандықтарға бағытталды, 20%-ы педагогикалық, ал қалған 20%-ы қажеттілікке байланысты әртүрлі салаға жіктелді. Министрліктің дерегіне қарағанда, конкурс қорытындысы бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы 99%-ға игерілді.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек грант бөлінісі туралы: «Жоғары сұранысқа ие 3 бағыт: педагогика 13 мың грант, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект 11 мың, инженерлік бағытқа 18 мыңнан аса грант бөлінді. Осы жылдан бастап біз сирек мамандықтарға, ветеринария, энергетика, су шаруашылығы, ирригация, гидротехнология саласында өңірлік квоталарды енгіздік. Енді өңірлік университеттер сол облыстың экономикасына керек, тапшы мамандықтарға гранттар бөледі. Былтыр маңызды салаға маман даярлайтын Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті ашылды. Осы жылдың тағы бір ерекшелігі – Қорғаныс министрлігімен бірге атқарған жұмысымыздың аясында тұңғыш рет әскери борышын өтеп келген азаматтар 2 мыңға жуық грантқа ие болды. Енді бір сүйінші жаңалық – биыл «Серпін» бағдарламасының аясында тарихи рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік – бұл бойынша бөлінген гранттың 83%-ы игерілді. 3-4 жыл бұрын аталған көрсеткіш 40-50%-ды ғана құрайтын, былтыр 67% болды», деді.
Бәсеке мен мүмкіндік
Жалпы, биыл бакалавр деңгейінде 78 мыңға жуық грант қарастырылды. Осыншама грантқа таласатын 217 мыңның шамасында оқушы мектепті бітірді, бірақ грант конкурсына 113 мыңы ғана қатысты, өйткені бітірушілердің ішінде Ұлттық бірыңғай тестілеуден (ҰБТ) шекті балл жинай алмағандары, болмаса тестілеуден бас тартқандары бұл конкурсқа қатыспайды. Тіпті ҰБТ-дан жоғары балл жинағанымен, еліміздегі шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарына, шетелдегі университеттерге түсуді көздегендіктен, грант конкурсына құжат өткізбейтіндері де болады. Десе де ішінара колледждер мен мектептердің биылғы я бұрынғы түлектері де ҰБТ тапсырып, грант конкурсында бақ сынай алады. Хош, конкурсқа құжат өткізгендердің санын жалпы грант санына бөлгенде бір орынға екі адамның да таласпағанын түсіне аласыз. Сол себепті министрліктің «Биылғы конкурсқа өтініш берушілер саны өткен жылмен салыстырғанда 9 мыңға көп, сондықтан бәсекелестік те өте жоғары болды» деген мәлімдесі сыни ой тудырады.
Бізде бәсекеден гөрі мүмкіндік көбірек екені белгілі. Бұл үкімет енгізген түрлі квоталардан анық көрінеді. Мысалы, қолданыстағы «Білім туралы» заңына сәйкес, жетім немесе мүгедектігі бар балалар; көп балалы және толық емес отбасынан шыққан балалар; мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балаларға арнайы квоталар қарастырылды. Бұл категориялардың ерекшелігі – аталған квота түрі бойынша талапкер конкурсқа қатысатын болса, өзінің квота шеңберінде және жалпы конкурс бойынша да грантқа таласа алатынында.
Биыл «Серпін» бағдарламасымен 2 мыңнан аса грант иегері еліміздің солтүстік, шығыс және орталықтағы 9 өңірде білім алады. Осыған қоса дарынды жастарды қолдау мақсатында конкурссыз берілетін гранттар бар. Оған халықаралық олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары ие болады.
Үкілі үміттің жалғасы
Жоғарыда жазғанымыздай, конкурсқа қатысқанымен, 36 мың адам талапкер иелене алмады, оларға биылдан қалмай тегін я жеңілдікпен жоғары білім алуына мүмкіндік бар ма? Бұл сұраққа министрлік таратқан ақпаратқа сүйеніп мүмкіндік көп деуге де болатындай.
Айталық, биыл екінші жыл қатарынан сараланған гранттарды бөлу қарастырылып отыр. Бұл оқуға жұмсалатын шығынның бір бөлігін жабады, қалған соманы иегерлер өз қаражатынан өтейді немесе жеңілдетілген оқу несиесі арқылы төлей алады. Биыл да былтырғыдай 300 сараланған грант бөлініп отыр, соның ішінде 150 грант педагогикалық мамандықтарға, ал қалған 150 грант жаратылыстану бағытындағы білім бағдарламаларына қарастырылды. Сараланған гранттың конкурсы негізгі конкурстан кейін бөлек өтеді. Бұл үшін қосымша құжат тапсырудың қажеті жоқ. Барлық дерек ұлттық тестілеу орталығының базасында сақталған. Сараланған грант иегерлерінің тізімі қыркүйек айының соңында жарияланады.
Ректор гранттары – белсенді, оқу үлгерімі жақсы, әлеуметтік жағдайы ескерілген талапкерлерге оқу орнынан берілетін арнайы гранттар. 2025 жылы мұндай гранттардың жалпы саны 2000-нан асты. Мысалы, «Тұран-Астана» университеті негізгі ҰБТ-дан 100-ден артық балл жинап, «Алтын белгі» иегері атанған талапкерлерге 4 жылдық ректор грантын ұсынады. Ал Халықаралық туризм және меймандостық университеті 680 мақсатты грант бөліп отыр.
Жергілікті әкімдік гранттары – әлеуметтік аз қамтылған немесе сұранысқа ие мамандарды даярлау мақсатында облыстық, қалалық әкімдіктер бөлетін білім гранттары. Мысалы, биыл жергілікті атқарушы органдар бакалавриат бағдарламалары бойынша оқуға 1 700-ден астам білім грантын бөлді.
Жұмыс берушілердің арнайы гранттары. Бұл гранттар жұмыс беруші мен жоғары оқу орны арасында жасалған келісім негізінде ұсынылады және болашақ мамандарды жұмыспен қамтуды көздейді.
Жеке демеушілер мен қорлардың гранттары. Мысалы, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 500 грант ұсынады, «KazEnergy» қауымдастығы Солтүстік Каспий және Қарашығанақ жобаларының қаражаты есебінен инженерия, IT, жаратылыстану ғылымдары, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салалары бойынша оқуға төлем жасауға қолдау білдіреді, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы «Murager» білім бағдарламасын жүзеге асырып, ауылдық жерлерден шыққан жастарға уран өндіру мен өңдеу, геологиялық барлау, ядролық отын циклі, энергетика, экология және ғылым салаларымен байланысты бағыттарда гранттар ұсынады.
Босаған грант. Иә, мұндай да бар, кейбір талапкерлер гранттан бас тартып жатады, осы кезде мүмкіндік келесі жоғары балл жинаған талапкерлерге беріледі немесе ақылы бөлімде оқуды бастап, кейінгі оқу кезеңінде оқу үлгеріміне қарай бос грантқа өтуге болады.